«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақ вальсінің «королі»

Қазақ вальсінің «королі»
ашық дереккөз
Қазақ вальсінің «королі»

Шәмші әндері шырқалды

Биыл облыстық филармонияға 50 жыл толып отыр. Жарты ғасыр ішінде ұжымның облыс халқына сыйлаған өнері де, қол жеткізген жетістіктері де жетерлік. Елімізге белгілі талай өнер жұлдыздарының томағасын сыпырып, тұсауын кескені – мақтаныш. Мерейтой аясында филармониялықтар Қазақстанның Халық әртісі, біртуар композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Ән падишасы – Шәмші аға» атты концерттік бағдарламаны көрермен назарына ұсынды. Әуелі залға жиналған көпшілік Шәмшінің өмір жолына арналған деректі фильмді тамашалады. Көрсетілім жұрттың көзіне жас үйірді. Аналарға арналған тұңғыш вальс «Ана туралы жыр» әнінің қалай өмірге келгенін, Шәмшінің Сақыпжамал анасын аңсап, бақшада ағыл-тегіл жылап отырғанын көргені жөнінде Райхан Қалдыаяққызы естелік айтса, композитордың Халық әртісі атағының қызығын көзі тірісінде екі ай ғана көргені әнсүйер қауымды ойландырды. Концерт ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мұхтар Рахманқұлов жетекшілік ететін қазақ ұлт аспаптар оркестрінің сүйемелдеуімен Шәмші әндерінен құралған попуримен басталды. Осы оркестрдің сүйемелдеуімен Динара Диханбаева орындаған «Құшақ жайған қандай адам?», Рәзия Мәдіханова шырқаған «Ақ маңдайлым», Диас Әбілеков пен Дулат Жасұзақов орындаған «Арыс жағасында» әндері көпшілік көңілінен шықты. Мұнан соң «Кәусар» вокалдық, «Алатау» фолкьлорлық ансамблі мен «Асыл әжелер» ансамблінің орындауындағы «Қайықта», «Қуаныш вальсі», «Кешікпей келем деп ең» әндері де тыңдармандарды толғандырып тастады. Өнер кешінде Шәмшіге арналған әндер де орындалды. Бағлан Омаровтың «Жалғыз қайық» әнін Жанатбек Кәдіров, Қалдыбек Құрманәлиевтің «Шәмші аға» әнін «Алатау» триосы нәшіне келтіре шырқады. Шәмшінің «Өмір – өзені» Лаура Бексұлтанованың, «Тамды аруы» Жанар Үстемірова мен Айнұр Атаниязованың, «Жаңарған Жамбылым» шығармасы Маралбек Бабақұловтың орындауында жүректерге жетті. «Қара көз» әні Балжан Ділдәбекова, Фариза Досболова, Жұлдыз Өксікбаева үштігінің орындауында тыңдармандарды тебірентті. Сахнаға «Сыған серенадасымен» Оңал Азаматова шыға келгенде, көпшілік ризашылықпен қол соқты. Сұлужан Әбенованың орындауындағы «Қара көздер, қара қастар» және Анна Вундер бебеулеткен «Ана туралы жыр» әндері жүрек қылын шертті. Индира Хамзина мен Талант Құрымбаев орындаған «Ақ ерке Жайық», Торғын Орынбаева жүректерге жеткізген «Еркежан» әндері де құлақтан кіріп бойды алды. «Тараз» триосы «Мойынқұмда» әнін, Жанна Асанқұлова «Отырардағы той» әнін шарықтау шегіне жеткізіп орындады. Концерт барша филармониялықтардың «Менің Қазақстаным» әнін қосыла шырқауымен қорытындыланып, мәресіне жетті.

Есет ДОСАЛЫ

Ұқсас жаңалықтар