«Саясатқа қайтесің араласып, Саяхатқа жетпейтін біліміңмен»
- author «Ақ жол»
- 17 мамыр, 2018
- 380
(Нұрлыбек Құрмановқа жауап)
Қанат Мырзахан:
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық « » газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтысымыз әрмен қарай жалғасын табуда. Үшінші жұп газетіміздің осы санында екінші кезеңді түйіндеп, әрмен қарай шешуші кезеңде айтысты аяқтайды. Басылымның 5 мамыр күнгі санында жамбылдық жас ақын Нұрлыбек Құрмановтың жыр жолдары жарияланған болатын. Бүгін оның қарсыласы, жуалылық жас талант Қанат Мырзаханға сөз кезегі тимек. Жас та болса талай айтыс додаларында қатарларының алды болып жүрген екі ақынымызға тек сәттілік тілейміз.
Өлеңің өлең емес, тақпақ болды, Тақпағың тақпақ емес, шатпақ болды. Халықтың мұң-мұқтажын айт деп едім, Нұрлыбек жаңа əкімді мақтап болды. Ауылдың жайын айтам деп жүруші ең, Аузыңа айтшы кімдер қақпақ болды?
Бірі екен деп ойласам оратордың, Нұрлыбек, бірі екенсің дарақы ұлдың. Елді ойласа əкімнің ол міндеті, Сөзіңді сүзгісіне сал ақылдың. Жаңа əкімге еліңнің мұңын жеткіз, Таразыма боп жатқан жаңа тұрғын. Ал сен болсаң бас-көзсіз мадақ айтып, Жағымпаздық жағынан дара тұрдың. Қызметіңді өсіріп әлде досым, Қаладың ба өскенін жалақыңның? Ел-жұртыңның көз жасын сүртпесең де, Түспекпісің көзіне жаңа əкімнің?!
Халықпен бірге жүрсең қор болмайсың, Айтпасаң елдің жайын сор маңдайсың. Не ой жоқ, мағына жоқ өлеңіңде, Айтысты неге дұрыс қолға алмайсың? Ұйқасың «келген кезде, өрген сөзге», Тым құрыса ішкі ұйқас қолданбайсың. Сөйте тұра сен маған күле қарап, Деймісің Төлен жазған «Оң қолдайсың». Ал өзің əр нəрсені шимақтаған, Жазуға икемі жоқ сол қолдайсың.
Азамат деп ойласам ұғымың кең, Шелегіңнің жоқ екен түбі мүлдем. Қазақтарды Арқаға көшірді деп, Астанаға аспадың жүгіруден. Солтүстікті қазақпен байытсақ деп, Жар салды, рас Үкімет шұғыл үнмен. СҚО, ШҚО, Ақмола, Павлодар мен Қостанайға көш деді түбіріңмен. Астанаға оның еш қатысы жоқ Артық етпес Нұрлыбек мұны білген. Байқаттың-ау саяси сауатыңды Былығың көп екен ғой білігіңнен. Саясатқа қайтесің араласып, Саяхатқа жетпейтін біліміңмен.
Тасқа қашап жазылған таңбамыз бар, Тарих болып ұрпаққа қалды аңыздар. Егеменді ел болдық, шүкір қазір, Өгіз аман, сынбаған арбамыз бар. Ата Заңым, айбынды Астанам бар, Қазынамыз, теңгеміз, қамбамыз бар. Көк туым мен Әнұран, Елтаңбам бар, Əрқайсында айрықша мəн-маңыз бар. Жəне осы бағыңды көре алмайтын, Қара ниет, қызыл көз бар жауыздар. Дұшпандарға қол шоқпар болып жүрген, Əбілязев секілді «əлгі абыз» бар. Қарашаны билікке айдап салған, Алаяққа алданып қалмаңыздар. «Алаңдаған» ел үшін арамзалар, Алаңға шақырса да бармаңыздар. Революция жасаудың керегі жоқ, Эволюция жасауды таңдаңыздар. Көк шарды көтеремін деп жүргенде, Көк байрақты құлатып алмаңыздар.
Жуалы ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді