«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңа жүйедегі жарна төлеу тәртібі қандай?

Жаңа жүйедегі  жарна төлеу тәртібі қандай?
ашық дереккөз
Жаңа жүйедегі жарна төлеу тәртібі қандай?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тиімділіктері туралы көп айтылуда. Олардың ең негізгісі – медициналық сақтандыру жүйесі енгізілгеннен кейін емдеу және алдын алу ұйымдары арасында бәсекелестік орта қалыптасатыны, сол арқылы тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасының артатыны. Екіншіден, кез келген адам емдеу ұйымын өзі таңдау құқығына ие болады, яғни пациент өзі қалаған емдеу ұйымына барып ем қабылдай алады. Бірақ ол Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мүшесі болуы тиіс. Сондықтан әрбір тұрғын өзінің және отбасы мүшелерінің жергілікті жердегі емдеу ұйымдарына тіркеліп, әлеуметтік мәртебелерін анықтап алуы қажет. Жаңа жүйе бойынша тұрғындар мына нәрсені білгені жөн: алдымен жарна төлеу жолдарын, оның маңыздылығына да жіті мән берген абзал. Міндетті жарна қорын жинаудан босатылған тұрғындардың 14 санаты үшін, яғни балалар, жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар, мүгедектер, ҰОС ардагерлері, зейнеткерлер, білім беру ұйымдарының күндізгі оқу бөлімінде білім алып жатқан барлық студенттер, «Батыр ана» атағын алған аналар мен «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар, жұмыс істемейтін оралмандар, сот үкімі бойынша жазасын өтеп жатқандар, тергеу изоляторларында отырған адамдар, үш жасқа дейінгі бала күтімінде отырған жұмыс істемейтін адамдар, бала тууы немесе бала асырап алуға байланысты демалыста отырған адамдарға жарнаны мемлекет төлейді. Дара кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар белгіленген ең төменгі екі айлық жалақының 5 пайызын ай сайын төлеп отырады. Ең төменгі айлық жалақының мөлшері – 24459 теңге. Жұмыс берушілер 2017 жылдың шілдесінен бастап қарамағындағы жұмысшылар үшін айлық жалақының 1 пайызын, 2018-2019 жылдары 1,50 пайызын аударады. Ал жұмыс істеп жүрген азаматтар медициналық сақтандыру қорына қаржыны 2019 жылдан бастап өздері төлейтін болады. Айта кету керек, медициналық сақтандыру қорына жарна аудару екінші деңгейлі банктер мен жергілікті жерлердегі «Қазпошта» мекемелері арқылы жүзеге асырылуда. Міндетті жарналар бекітілген уақытта төленуі тиіс. Уақтылы төленген жағдайда көрсетілетін медициналық көмек түрлерінің барлығы қолжетімді болады. Осы жаңа жүйе қолданысқа енгізілгеннен кейін медициналық сақтандыру қорына жарна төлемеген азаматтарға тек қана жедел жәрдем қызметі, әлеуметтік маңызы бар аурулар кезіндегі медициналық көмек, профилактикалық егулер, сондай-ақ 2020 жылға дейін ғана амбулаториялық-емханалық көмек және амбулаториялық дәрімен қамтамасыз ету қызметтері тегін көрсетіледі. Сақтандырылмаған адамдарға қалған медициналық қызметтің барлығы ақылы негізде ұсынылады. Сондықтан енгізілгелі жатқан жаңа жүйеге барынша мән беруіміз қажет. Ол үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша емдеу ұйымдарына міндетті түрде тіркелуі тиіс. Өйткені «Бекітілген халық тіркелімі» (РПН) базасында тіркелмеген азаматтарға медициналық көмек көрсету барысында едәуір қиындықтар туындауы мүмкін.

Тұрғын ЖІГІТЕКОВ, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыс бойынша филиалының бөлім басшысы.

Ұқсас жаңалықтар