Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттер ауқымды. Мұнда бабалар ұстанған дәстүрді дәріптеу, тарихты қастерлеу қажеттігі айтылған. Бұл орайда көршілес облыстармен мәдени байланыс арта түскені абзал. Екі мың жылдан астам тарихы бар шаһардағы «Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығының музей ғимаратына Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің «Киелі Отырардың қасиетті мұралары» атты көрмесі қойылды. Бұл шараға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейі қолұшын созып, қолдау білдірді. Көрменің ашылу салтанатында музей директорының орынбасары Қуаныш Дәуренбеков сөз сөйлеп, мұнда жүзге жуық жәдігер әкелінгенін айтты. Мұнан соң «Отырар» мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің бас қор сақтаушысы Ералы Шоқай көрме сөресіне әл-Фараби мен Ахмет Ясауи мұралары көбірек қойылғанын, Арыстанбаб жайындағы тың деректер келушілерді бейжай қалдырмайтынын айтса, облыс әкімдігі туризм басқармасының бөлім басшысы Жомарт Хажы өңірдің туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Гүлнұр Ембердиева жақында Оңтүстік Қазақстан облысына іссапармен барып, Тараздың тарихын танытып қайтуға ниетті екендіктерін сөз етті. Кейіннен Ералы Төлендіұлы көпшілікті көрме жұмысымен таныстырды. Шараға келушілерді 1909 жылы жарық көрген Құран кітап, Отырарда ислам кітапханасы болғандығы туралы ақпарат қызықтырды. Сондай-ақ олар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қайта салыну тарихы және оның хикметтері туралы деректерге де назар аударды. Көрмені тараздықтардың бір ай бойы тамашалауға мүмкіндігі бар.
Е.Жаңабайұлы
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық орманшы отқа оранған көліктен 4 адамды аман алып шықты
- 23 қыркүйек, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді