«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өркениетті елдің өрісті ісі

Өркениетті елдің өрісті ісі
ашық дереккөз
Өркениетті елдің өрісті ісі

Еліміз азаттық алғалы бері тек дамудың дара жолында келеді. Қай саланы алып қарасақ та өркендеудің өрісті қадамдары аңғарылады. Әсіресе ұлт әдебиеті тәуелсіздік жылдарында қарыштап өркендеу үстінде. Әлбетте, бұл зиялы қауым өкілдерін қуантатыны айтпаса да түсінікті.

Мемлекетіміздің жан-жақты дамуы – Елбасы саясатының жемісті қадамы. Нұрсұлтан Назарбаев «алдымен экономика, одан кейін» саясат ұстанымына беріктік танытып, жас елдің қанатын қатайтты, бұғанасын бекітті. Қазір бізбен әлемнің «сен тұр, мен атайын» мемлекеттерінің барлығы санасады. Бұл – ішкі және сыртқа саясатымыздың қалыпты ырғақпен жүргізіліп жатқанының айқын белгісі. Ширек ғасырдан астам уақыт бедерінде біз тәуелсіздігімізді нығырлап келеміз. Ал әліпбиді өзгерту арқылы азаттығымызды одан әрмен айшықтай түсетініміз талас тудырмаса керек. Ескінің сарқыншағынан арылып, бодандықтың бұғауынан босаған ел үшін әлбетте замана көшіне сай әліпби керек екені ақиқат. Тіпті көршілес кейбір елдер тоқсаныншы жылдардың басында асығыс-үсігіс әліпби өзгертіп үлгергені мәлім. Нәтижесінде бірқатар олқылықтарға бой алдырды. Біздің Елбасымыз бұл байыпты байламға дер кезінде назар аударып отырғаны қуантады. Қазір Қазақстан әлеуметтік иммунитеті нығайған мемлекетке айналды. Әрі қарай бұл қадамдар өз жалғасын табатыны сөзсіз. Енді біз болмысымызға сай, әлем таныған латын әліпбиіне көшуіміз керек-ақ. Президент бұл қадамға аяқ басатын сәт алыс еместігін жыл сайын айтудан жалыққан емес. Былайынша айтқанда, ілгеріден құлағымызды үйретті, санамызға сіңдірді. Енді сөзден іске көшетін сәт жетті. Көненің сарқыншағындай болған кириллица біздің болмысымызға, ең бастысы әлемдік талаптарға сай келмейді. Қазір төрткүл дүние елдерінің басым көпшілігі латын әліпбиіне бет бұрды. Алаш арыстары да бізге дейін латын қарпін пайдаланған. Сол арқылы кейінгі буынға жол сілтеген болатын. Өкінішке қарай қызыл империя өз үстемдігін орнатып, әліпбиді қазақ жұртымен кеңеспестен өзгертіп жібергені қарт тарих парақтарынан мәлім. Әрине, орны толмас өкініш. Дегенмен сол олқылық атаулының орнын толтыратын уақытқа тап келдік. Ғылым мен білімнің, ақпарат пен технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшетініміз анық. Біздің мемлекет демократиялық-зайырлылық қағидаттарын берік ұстанды. Әліпби ауыстыру мәселесін күллі ел болып талқыладық. Әр саланың мамандары өз ойларын ірікпей ортаға салды. Тілші-ғалымдар терең ізденді. Нәтижесінде билікке өз ұсыныстарын жеткізді. Қазіргі таңдалып отырған әліпби нұсқасы қазақтың жанына жақын. Енді күллі қазақстандықтар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, елдік мәселеге жұмыла кіріскені абзал. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында айтылған толымды тірліктерді жүзеге асыру – баршамыз үшін ортақ міндет. Тәуелсіз Қазақстан әлемнің озық қадамдарынан шет қала алмасы белгілі. Әліпби реформасы соның айқын көрінісі. Әрі латын графикасына негізделген әліпбиге көшу арқылы біз санамызға сыналап енгізілген құлдық психологиядан арыламыз. Бұл қадам сонысымен де құнды, сонысымен де баянды. Уақыт өз талабын алдымызға қояды. Сол тұрғыдан келгенде де латын графикасына негізделген қазақ әліпбиі – уақыттың талабы. Қалай болған күнде де бұл іске жас та, жасамыс та қолдау көрсеткені мақұл. Өсер елдің балалары әрқашан елге пайдасы бар істің қасынан табылады.

Айша Көпжасарова, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ұқсас жаңалықтар