Мәдениет
«Алаштың бақ-жұлдызы елордамды, Шіркін-ай, арман бар ма көрген көзде!»
- author «Ақ жол»
- 5 мамыр, 2018
- 275
«Алаштың бақ-жұлдызы елордамды, Шіркін-ай, арман бар ма көрген көзде!»
Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс одан әрмен жалғасады. Үшінші жұптың сөз сайысы күн өткен сайын қызып келеді. Газетіміздің 26 сәуір күнгі кезекті санында жуалылық жампоз Қанат Мырзахан сөз алып, Астананың ажарын, Тараздың терең тарихын өлең тілінде өрнектеп, салмақты ойын патша көңіл оқырманға жолдаған болатын. «Aq jol»-дың бүгінгі санына Қанаттың қарымды қарсыласы, Жамбыл ауданының үкілі үміті Нұрлыбек Құрмановтың жауабын жариялап отырмыз. Талай айтыстарда жүлде салған жас перілеріміздің жыр жолдары оқырмандарды бейжай қалдырмайды деген ойдамыз. Нұрлыбек ҚҰРМАНОВ: (Қанат МЫРРЗАХАНға жауап)
Баласы ем Жамбылдағы жарамды елдің,
Өзімді өнеріммен дәлелдермін.
Сәлемді беру – сүннет, алу – парыз,
Алдымен оқырманға сәлем бердім.
Көрмеппін сендей ауыз салатынды,
Жалын да жанамай ма жанатынды.
Қате кеткен жеріңнен ұстау үшін,
Қырандай жаздым, міне, қанатымды.
Қазақ санын Арқада өсіруге,
Мемлекет қаулы жасап осы күнде.
Жыл сайын оңтүстіктен көп отбасын,
Үй, қызмет беріп, сонда көшіруде.
Жандарды ел болуға қам қып жүрген,
Деп айтпа «Астанада қаңғып жүрген».
Солтүстікте пысық көп қазақтарды,
Азайса аламын деп, аңдып жүрген.
Таразды мақтап, ауыз суың құрып,
Сен кеттің, Алматыға туыңды іліп.
«Қаңғып» деген өз сөзің Төлен жазған,
«Оң қолдай» алды сені буындырып.
Қаратау мен Алатау қолтықтасып,
Ағады ару Талас толқып тасып.
Таразда Шәмші жазған «Дүнген қыздың»
Әнін айтып, жастар жүр шалқып басып.
Жайқалып Жамбылым да жаз ормандай,
Жапырақ сатырлайды сөз алғандай.
Жаңа әкіммен Жамбылым гүлденуде,
Жүрегі мұң селінен тазарғандай.
Астанамыз жиырмаға келген кезде,
Өрнек керек өлеңмен өрген сөзге.
Алаштың бақ-жұлдызы елордамды,
Шіркін-ай, арман бар ма көрген көзде!
Ұқсас жаңалықтар
Көрерменді балалық шағымен қауыштырған классика
- Бүгін, 14:32
Халық театрларының халі мүшкіл
- Бүгін, 13:40
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді