«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Уәде – шілденің 1-ші жұлдызы»

«Уәде – шілденің 1-ші жұлдызы»
ашық дереккөз
«Уәде – шілденің 1-ші жұлдызы»

Газетіміздің үстіміздегі жылғы 26 маусым күнгі санындағы «Су – ырыстың көзі» атты мақалада Қырғыз Республикасынан Қордай, Меркі аудандары шаруашылықтарына аздап та болса су беретіні туралы жазғанбыз. Осынау сүйінші хабардың нәтижесі қандай болып жатқанын білмек мақсатта Шу-Талас бассейндік инспекциясымен хабарласқанымызда, мекеме басшысының орынбасары Ғалымбек Құралбаевқа:

– Сіз не дейсіз? – дегенбіз.

– Дәл бүгінгі таңда Георгиев магистралды каналы бойынша секундына 14,7 текше метр су беріліп жатыр. Уәде бойынша шілденің 1 жұлдызынан, яғни бүгіннен бастап берілетін су мөлшері 18-19 текше метрге жеткізілуі керек, – деді.

– Меркідегі 2 мың гектар қызылшаның жайы қалай болып жатыр?

– Үлкен Шу каналының Меркі тармағы бойынша секундына 1 текше метр су берілуі керек. Оның да уағдалы күні – бүгін. Судың келіп қалуынан дәмеліміз. Аз да болса бұл судың жолы ауыр өзі. Сонау Тоқмақтан Меркіге жеткенше 200 шақырым шамасы. Ол су жолда сегіз аудан аумағын және Бішкек қаласын басып өтеді екен. Кешігіп жатқаны да сондықтан. Әзірге Аспарадан секундына – 1,3, Меркі өзенінен 0,4 текше метр су алып жан сақтап отыр шаруалар. Үнемшілдікке үйреніп қалды шаруалар. Әр тамшы су орнымен пайдаланылады.

– Көксай каналынан да хабардар етсеңіз?

– Мұнда жағдай қалыпты деп айтуға болатындай. Басынан секундына босатылатын 2 текше метр судың 1,6 текше метрі біздің еншімізге тиіп тұр. Жаман емес. «Жеті күн жауған жауыннан желіп өткен су артық» деген мәтелі бар ғой диқан бабаларымыздың. Ендеше ағын судың аз да болса болғаны дәтке қуат. Ал, мол болса, нұр үстіне нұр!

Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар