«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаһан жауһарлары Таразда

Жаһан жауһарлары Таразда
ашық дереккөз
Жаһан жауһарлары Таразда

Облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен Таразда тұңғыш рет «Көне Тараз жаңғырығы: Еуразияның мәдени көпірлері» атты халықаралық Қазақстан-Италия көрмесі ашылды.

[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="67357,67360,67361,67362,67364,67365,67366,67369,67372,67380"]

Көрмеге итальяндық шыны әрлеуші Джорджио Спеццамонти мен даңқты суретші Светлана Коста және «Асыл дизайн» сән үйінің бас дизайнері Айдархан Қалиев, итальяндық қылқалам шеберлерінің ресми өкілі Құралай Сқақова қатысты. Өткен жылы елорда төрінде өткен «ЭКСПО – 2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінде аты аталған суретшілердің туындылары жұртшылық назарына ұсынылған болатын. Жаһан мойындаған тұлғалардың туындылары Астанадан кейін алғаш рет Тараз жерінде көрсетілуде. Мәдени шараға облыс әкімінің аппарат басшысы Нұржан Календеров арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Тараз топырағына келген меймандарға алғысын білдірді. Алыстан ат терлетіп келген Джорджио Спеццамонтидің иығына шапан жауып, Светлана Костаға қамзол тарту етті. Бұдан соң мәртебелі меймандар сөз алып, өз ризашылықтарын жеткізді. Олар өз кезектерінде еліміздің туы, Астана бейнеленген кәдесыйы мен «Қызғалдақ» атты туындыларын тарту етті. Сондай-ақ Айдархан Қалиев әріптестік негізде жұмыс істеп жатқан қонақтардың шығармаларын жаһан жұрты мойындағанын атап өтті. Көрмеге бұйымдары қойылған Джорджио Спеццамонти туындыларына муран шынысын қолданады екен. Шара барысында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйледі. «Шыны өндірісі біздің өңірде ІХ-ХІІ ғасырларда Қараханидтер дәуірінен басталғаны белгілі. Дәл осы кезеңде дүниенің басқа бұрышында Венеция шыны өндірісінің құпиясын Осман империясынан сақтап қалу, қорғау мақсатында Мурано аралына көшіріліпті», – деген ол Италия мен Қазақстан арасындағы мәдени байланыс ілгеріден орын алғанын тіліне тиек етті. Жиында бақилық болған, әйгілі венециялық шыны өндірісінің шебері Пино Синиореттоның, мурано шынысынан заманауи әшекейлер жасайтын Джорджио Спеццамонтидің, суретші Светлана Костаның ғажап туындыларын келушілер зор ықыласпен тамашалады. Сондай-ақ көпшілікке нео-фольклор жанрының негізін қалаушы Айдархан Қалиевтің киім топтамаларынан дефиле ұсынылды. Дизайнердің айтуынша, көйлектердегі муран шынысының элементтері 100-150 грамға дейін жетеді. Қонақтардың туындыларын тамашалаған көрермен Джорджио Спеццамонтидің венециялық шынымен әдіптелген, ұлттық ою-өрнектерімізбен көмкерілген, алтынмен апталған ыдыстарына назар аударды. Сонымен қатар Светлана Костаның «Жаңа қаланың күн шуағы», «Түнгі Астана оттары», «Әлем құсы» секілді еңбектері жұртшылық қызығушылығын тудырды.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар