Елбасы жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларында ауыл шаруашылығы саласы экономикамыздың басты қозғаушы күші екенін, сондықтан да оны кешенді дамыту жайы кезек күттірмеуі тиістігін ерекше атап өтіп, бұл тұрғыда алға асқаралы міндеттер қоюмен келеді. Әсіресе егіншілік мәдениетін көтеру күн тәртібінен түспек емес. Агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту, оның ішінде еңбек өнімділігі мен жерді пайдалану тиімділігін арттыру, суармалы егіс алаңы мен өңделген өнімнің экспортын ұлғайту басымдыққа ие бағыттарға айналып отыр.
Осыған байланысты облысымызда тындырылған тірліктер аз емес. Әсіресе жердің басты асыраушымыз екенін ескере отырып, суармалы жерлер көлемі жылдан-жылға ұлғаюына, саланың әртараптандырылуына айрықша назар аударумен келеміз. Бүгінде облысымыздағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің көлемі 4,4 миллион гектарды құрап отыр. Бұл игергенге игілік, үлкен байлық көзі екені анық. Оның ішінде 778,1 мың гектары егістік, 184,4 мың гектары суармалы, 4,0 мың гектары көп жылдық екпелер, 129,7 мың гектары шабындық, 3 396,2 мың гектары жайылымдық жер санатында. Атап өтерлік бір жай, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабын 649,9 мың гектарға жеткізіп, өткен жылмен салыстырғанда 19,7 мың гектарға немесе 3,1 пайызға арттыру жоспарланған. Егіс алқаптарын әртараптандыру мақсатында қант қызылшасы, майлы дақылдар, көкөніс-бақша, картоп және мал азықтық дақылдарына басымдылық беріліп отыр. Бүгінгі күні 115 510 гектар жер жыртылып, 254 667 гектар жер өңделіп, бұл тұрғыдағы жоспар тиісінше 92,9 және 62,7 пайызға орындалды. Ақ егіспен қатар, жоңышқа, жүгері, картоп, көкөніс бақша дақылдарын егу ісі қарқынды жалғасуда. Биыл егіс алқаптарын арзандатылған минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету мақсатында жергілікті бюджеттен 800,0 миллион теңге қаржы қарастырылып, 18,2 мың тонна субсидияланған минералды тыңайтқышты 116,0 мың алқапқа енгізу жоспарланған. Тыңайтқыш өндіруші және жеткізуші тұлғалармен 13 696,0 тоннаға келісімшарт жасалды. Қазіргі уақытта электронды портал арқылы 9 187,7 тоннаға өтінім берілсе, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері тарапынан 3 434,3 тоннасы алынып, егіс алқаптарына сіңірілу үстінде. Зиянды организдерге қарсы іс-шараларға, оның ішінде саяқ шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен 14 миллион 299,0 мың теңге бөлінген. «Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» облыстық филиалының болжамына сәйкес, биыл 14 674 гектар алқапта зиянды организм дернәсілдеріне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілмек. Егістен мол өнімнің алынуы тұқымының сапалы болуына да байланысты. Бұл тұрғыда тұқым шаруашылықтары ісін жолға қоюдың маңызы зор. Бүгінде өңірімізде 11 тұқым шаруашылығы жұмыс атқаруда. Дегенмен аймақты ішкі тұқыммен қамтамасыз ету мақсатында, масақты дәнді дақылдар мен майлы дақылдар бойынша 1 элиталы және 2 көбейтілген тұқым шаруашылықтарын, картоп дақылы бойынша 1 элиталы және 1 көбейтілген тұқым шаруашылықтарын, сондай-ақ көпжылдық шөп бойынша 2 тұқым шаруашылығын, дәндік жүгері дақылы бойынша будан өндіретін 1 тұқым шаруашылығын ашудың қажеттігі айқын сезілуде. Бұл бағытта аудандарда тиісті ұйымдастыру жұмыстары жүргізіліп те жатыр. Өңірде биылғы жылдың өнімі үшін егілетін жаздық бидай, жаздық арпа, дәндік жүгері, картоп, майлы және қант қызылшасы дақылдары қажетті тұқым қорымен толықтай қамтамасыз етілген. Қант қызылшасына қажетті тұқым Франция және Германиядан жеткізілетіні белгілі. Бүгінгі күні қант зауытында өткен жылдан қалған 2,0 мың, шетелдерден әкелінген 13,4 мың себу бірлігі дайын. Германиядан жеткізілген 4,0 мың себу бірлігінің тұқымы сараптама жасау үшін тұқым зертханасына өткізілді және шығымдылығы анықталып аудандарға жолданды. Қазіргі таңда шаруашылықтар қант зауыттарынан балтамыр тұқымын келісімшарт арқылы алуда. Ауыл шаруашылығы техникаларының базасы да жылдан-жылға нығайтылу үстінде. Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы техникалары, оның ішінде 5 121 бірлік трактордың 4 762 данасы, яғни 93 пайызы сақадай сай дайындық сапына қойылса, доңғалақты тракторлардың дайындығы 94 пайызды құрайды. Қолда бар соқалардың 94 пайызы дайын болса, тырмалардың 95, қопсытқыштардың 93, дән сепкіштердің 93, тұқым дәрілегіштердің 94 пайызы науқандық жұмыстарды кідіріссіз атқаруға әзір. Биылғы жылы ҚР Үкіметі тарапынан облысқа көктемгі дала жұмыстарына барлығы 15 500 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Оның 6000 тоннасы наурыз айына бөлінген, 5 797 тоннасы (97 пайызы) аудандарға жеткізіліп, 3 975 тоннасы (68,6 пайызы) шаруашылықтарға таратылып берілді. Сайып келгенде салада серпінді жұмыс байқалуда. Бүгінгі күні өңір дихандары көктемнің әр күні жылға азық екенін жақсы ұғына отырып, көктемгі егіс дала жұмыстарын өз деңгейінде, уақтылы аяқтап шығуға жұмылуда. Олар үшін қолайлы жағдайлар жасалып, техникаға, тұқымға, жанар-жағар майға байланысты мәселелер толықтай шешімін тауып отыр. Егінші мәрт болса, жер жомарт екеніне, биыл да егістіктерден алынар өнімнің түсімі артатынына нық сенімдеміз.
Ерлан ҚҰЛКЕЕВ, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді