Бірден айта кету керек, инфрақұрылымды дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған «Нұрлы жол» бағдарламасы еліміздегі секілді, облысымызда да табысты жүзеге асырылу үстінде. Бұл, әсіресе елді мекендерді газдандыру жұмыстарында айқын көрініс табуда. Жалпы облысымызда 377 елді мекен бар десек, бүгінде оның 181-і немесе 48 пайызы газға қол жеткізіп отыр. Ал бұдан он жыл бұрын облыс бойынша 48 елді мекеннің ғана тұрғындары тауарлық газ тұтынған болатын. Демек, аталған уақыт аралығында газдандырылған елді мекен саны 133-ке жеткен. Соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға келетін болсақ, құрылысы 2015 жылы басталған 2017 жылға дейін өтпелі жоба Талас ауданының Қаратау қаласындағы бірқатар көшелер мен саяжайға газ құбырын жүргізу жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 321,6 миллион теңгені, құбырдың ұзындығы 22,725 шақырымды, газ өткізу мүмкіндігі сағатына 1316,95 текше метрді құрайды. Ал Тараз қаласының «Шөлдала» тұрғын алабына газ келтіру құбырының құрылысына 682,2 миллион теңге (оның 623,9 миллион теңгесі – республикалық, 61,3 миллион теңгесі – облыстық бюджеттен) бөлінді. Жобаның мердігері ретінде «Монолит-Дизайн» ЖШС анықталған. Құрылыс жұмыстары 2017 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызда аяқталды. Құбырдың ұзындығы 24,355 шақырымды, газ тасымалдау мүмкіндігі сағатына 32,3 мың текше метрді құрайды. Жалпы газдандыру жұмыстары өңірде биыл да қарқынды жүргізілуде. Талас пен Сарысу аудандары тұрғындарына «көгілдір отын» жеткізу жобасының жалпы құны 4 893 миллион теңгені құрайды. Талас ауданының 5 елді мекеніне (Бөлтірік шешен, Көшек батыр, Үшарал, Арал, Қайыр) және Сарысу ауданының 4 елді мекеніне (Әбілда, Тоғызкент, Майлыкөл, Досбол) газ құбырларын тарту жұмысын мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС жүргізуде. Құрылыс жұмыстарын аяқтау мерзімі 2018 жылғы 25 қыркүйекке белгіленген. 2017 жылы басталған Т.Рысқұлов ауданындағы «Арай» тұрғын алқабын газдандыру құрылысы жұмыстарын мердігер «Жолғай» ЖШС жүргізуде. Бұл жұмыс биылғы жылдың маусым айында мәреге жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар «Еурохим-Қаратау» ЖШС мен Жаңатас қаласына дейін жоғары қысымды газ құбырының құрылысына ағымдағы жылы 1,0 миллиард теңге бөлу жөнінде Энергетика министрлігіне өтінім хат жолданған-ды. Ал Меркі ауданындағы «Нововоскресеновка» ГРС-нің қайта жаңғырту жұмысына 2017 жылы 69,7 миллион теңге бөлініп, бұл қаражат мердігер «Құрылыс ТЭД» ЖШС күшімен игерілді. Жалпы 2018-2025 жылдар аралығында өңіріміздегі 173 елді мекенді газдандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Байзақ ауданында 21, Жамбыл ауданында 16, Жуалы ауданында 19, Қордай ауданында 29, Меркі ауданында 6, Мойынқұм ауданында 12, Сарысу ауданында 18, Талас ауданында 14, Т.Рысқұлов ауданында 20, Шу ауданында 18 елді мекен бар. 2017 жылы облыстық бюджеттен 525 миллион теңге бөлініп, жеті жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Оның ішінде алты ауданның 84 елді мекенін (Байзақ ауданының 21, Жамбыл ауданының 13, Шу ауданының 18, Талас ауданының 3, Сарысу ауданының 14, Жуалы ауданының 15 елді мекенін) және Тараз қаласы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ГРС-1 мен ГРС-2 құрылымдарын қаланың сыртына шығару қарастырылған. Бұл жобалар іске асқан кезде облыстағы газдандырылған елді мекендер саны 265-ті құрап, 70 пайыздық деңгейге жететін болады. Қазіргі таңда 2018 жылы басталатын құрылыс жұмыстарын қаржыландыру мақсатында 11 683,4 миллион теңгені құрайтын 9 жобаға бюджеттік өтінім Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тауып, Қаржы министрлігінде қаралу үстінде.
Нұрбай ТІЛЕГЕНОВ, облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді