Биыл елімізде ҰБТ науқаны қалай өтпек? Өмірдің өз ортасына қадам баспақ талапкерлер үшін қандай жағдай қарастырылып отыр? Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде Білім және ғылым министрлігі басшыларының қатысуымен өткен арнайы брифингте егжей-тегжейлі айтылды.
Білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов биыл ҰБТ елімізде 15-ші мәрте өтетінін, 2004 жылдан бері ҰБТ-ға 1 млн 600 мың адам қатысқанын, жыл сайын тестілеуді өткізу технологиясы жаңарып келе жатқанын атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, былтыр жаңа форматқа көшкен ҰБТ-да биыл өзгеріс жоқ. ҰБТ-ға қатысуға өтініштерді тіркеу 10 наурыз бен 10 мамыр аралығында жүргізілді. Ал тестілеу уақыты 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі онкүндікке белгіленді.
А.Аймағамбетов министрлік өкілдерінің өңірлерді аралап, ата-аналармен, мұғалімдермен бірге ұзақ талқылауларының нәтижесінде Парламентте «Білім туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін, бұл бойынша ҰБТ байқауында «Алтын белгі» иелерінің жинаған балы өзгелермен тең болған жағдайда ғана басымдыққа ие болатынын атап өтті. Биыл 7 мыңға жуық «Алтын белгі» иелері ҰБТ-да бағын сынамақ. Сондай-ақ ҰБТ-ны ағылшын тілінде тапсыру бойынша 200-дей өтініш келіп түсті. Вице-министр биылғы тестілеу сұрақтарының сапасы да оқушыларды қанағаттандыратын атап өтті. Бұл тарапта соңғы екі жылда аппеляцияға берушілер саны екі есеге төмендеген. Ағымдағы жылы сұрақтарды жетілдіру бойынша бірқатар жұмыс атқарылды. Әсіресе, функциональдық сауаттылық бойынша тест тапсырмалары әлдеқайда жетілдіріле түсті.
Министрдің орынбасары ҰБТ қортындысы бойынша рейтинг жүргізілмейтіндіктен өңірлерде мектептердің қызметін ҰБТ нәтижесі бойынша бағаламауды өтінді. Өйткені, ҰБТ – жоғары оқу орнына оқуға түсушілерді іріктейтін емтихан. Сондықтан, мектеп білімінің көрсеткіші аттестациялауға байланысты, деді ол. Сондай-ақ балаларды ҰБТ тапсыруға тіркеуге мектеп әкімшілігі жауапты болса, жергілікті атқарушы органдар балалардың қауіпсіздігі, тасымалы, жатын орны мен тамақтануына жауапты болмақ.
– Биыл Елбасының бес әлеуметтік бастамасы аясында қосымша бөлінетін 20 мың гранттың 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Сондықтан оқушылардың таңдау пәнін белгілеуі өте маңызды. Тағы бір ескерер дүние, талапкерлер тестілеу парағын толтыруда қателіктерге бой алдырып жатады. Бұл ретте биыл Ұлттық тестілеу орталығының өңірлердегі филиалдарына сынама тестілеу парақшалары жіберіліп, оған оқушылар белсенді түрде қатысты. Ал ақылы бөлімде оқу үшін ҰБТ-ны тамыз айы мен келер жылдың қаңтарында қайта тапсыруға байланысты өзгерістер болған жоқ. Сондай-ақ талапкерге басқа жоғары оқу орнында тапсырған шығармашылық емтихан нәтижесі бойынша ақылы бөлімге оқуға мүмкіндік беріліп отыр, деді А.Аймағамбетов.
Ұлттық тестілеу орталығының директоры Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, биыл тест сұрақтарының 50 пайызы жаңартылды. Былтыр 40 мың сұрақ болса, биыл 119 мың сұрақ бар. Оның ішінде 3 мыңдай сұрақ ағылшын тілінде. Осы 119 мың сұрақтың ішінде 11 пайызы функционалдық сауаттылық бойынша, ал 37 пайызы бір немесе бірнеше дұрыс жауаптарға құрылған сұрақтар. Бүгінгі таңда 94 072 түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге өтініш берген, олардың ішінде 73 мыңы қазақ тілінде тапсырады. Бұл – 80 пайызға жуық көрсеткіш. Ал жалпы мектеп бітіретін түлектер саны 146 мың, олардың 69 пайызы тестілеуге қатысуға өтініш берді», деді Ұлттық тестілеу орталығының директоры Р.Әлімқұлов.
Ағымдағы жылы ҰБТ 167 орталықта өтеді. Ал әр пәннен шектеулі балл – 60. Ауыл шаруашылығы мен ветеренария бойынша шекті балл – 60, Ұлттық университеттер мен медицина мамандықтарына шекті балл – 65 балды құрайды. Бүгінде 327 мың өзін өзі байқау тестілеуі өтсе, оның 100 мыңнан астамы онлайн жүйеде өтті. Алдын ала мәлімет бойынша, олардың 30 пайызы математика мен физика пәнін таңдап отыр. Бұл пәнді таңдаған талапкерлер 52 мамандық бойынша оқуға тапсыра алады. Ал бұдан кейінгі орында 25 пайызбен химия мен биология пәндері тұр. Техникалық мамандықтарға гранттардың көбеюіне байланысты аталған пәндерді таңдаушылар қатары өсе түсуі тиіс.
Жыл сайын орта есеппен министрліктердің 1800-дей өкілі өңірлерге ҰБТ барысын қадағалауға жіберіліп, 1,5 мыңдай аудитория қолданылады. Былтыр аудиториялардан тікелей онлайн трансляция жүйесі енгізілгені белгілі. Бұл ҰБТ-ның ашық, әділ өтуін қамтамасыз етеді. Былтыр онлайн көрсетілім 35 пайызға қолданылса, биыл цифрландыру аясында бұл көрсеткіш арта түспек. Ұлттық тестілеу орталығының басшысы тестілеу кезінде кейбіреулердің әр жерден құраған тестілеудің жауаптарын сататынын, алайда «Мемлекеттік құпия туралы» заңға сәйкес ешбір жауап алдын ала берілмейтіндіктен ата-аналар мен талапкерлердің ондай алаяқтарға алданбауын, тек өз біліміне сенуі, берілген уақытты тиімді пайдалануы керектігін атап өтті. Бұл ретте биылғы талапкерлер үшін алаңдайтын ештеңе жоқтығын жеткізіп, барлығына сәттілік тіледі. Дереккөз: egemen.kz
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді