Алматыда жамбылдық шаруалар мен дихандардың жәрмеңкесі табысты өтті
Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні жамбылдықтар Алматы қаласының тұрғындары үшін үлкен сый жасады. Бұл күні оңтүстік астананың «Астана» алаңында облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі жоғары деңгейде өтті. Алаңға кіреберісте орнатылған айшықты арка алыстан көз тартады. Қаз-қатар тігілген сауда орындарының маңында таңғы сағат 7.00-ден бастап қарбалас тіршілік. Жамбыл облыстық филармониясының ұжымы дайындап келген концерттік бағдарлама да көпті өзіне ұйыта түсті. Әсіресе, патриоттық әуендер ел-жұрттың рухын көтеріп тастағандай. Бір сөзбен айтқанда бұл күні «Астана» алаңы мереке құшағына бөленді.
Елбасының Алматы қаласының айналасында азық-түлік белдеуін құру туралы тапсырмасына сәйкес өткізіліп жатқан жәрмеңкені Алматы қаласы мен Жамбыл облысының әкімдері Ахметжан Есімов пен Кәрім Көкірекбаев бірге аралап шықты. Еліміздегі ірі мегаполистің басшысы алматылық тұрғындар үшін молшылық жасаған жамбылдықтарға риясыз ризашылығын жеткізді. – Бүгін міне, Жамбыл облысынан көптеген ауылшаруашылығы өнімдерінің әкелінгеніне көзіміз жетіп отыр. Жалпы, облыстың агроөнеркәсіп құрылымдарының қатысуымен мұндай жәрмеңке жыл сайын өтеді. Бұл бастама жақсы дәстүрге айналып келе жатыр. Алдағы уақытта да жалғастырамыз. Жамбылдықтарға қала тұрғындарының және өз атымнан ризалығымды білдіргім келеді, – деді Ахметжан Есімов. Өз кезегінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев жәрмеңкеде өңірдегі он ауданның тегіс қамтылғандығын атап өтті.
– Қасиетті Рамазан айымен тұспа- тұс келген жәрмеңкеде он ауданның кәсіпкерлері өз өнімдерін көпшілікке ұсынуда. Өнімдер отыз-қырық, тіпті елу пайызға дейін төмен бағада сатылуда. Мысалы қанттың келісін 140 теңгеден өткерілуде. Алушылар көп. Бұл халыққа тиімді, әрине, – деді К.Көкірекбаев. Айту керек, он ауданнан әкелінген өнімдер сапасынан бөлек сан түрлілігімен де ерекшеленді. Т. Рысқұлов аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Әлдибек Туғанбаев өңірден жәрмеңкеге бір тонна жылқы, бір тонна сиыр, екі тонна қой еттерінің әкелінгенін айтты. Одан басқа нан, макарон өнімдері, қымыз, шұбат та жеткілікті. Жалпы, барлығы жеті миллион теңгенің өнімдері жеткізілген. Мысалы, Алматының базарларында жылқының еті 1500 теңгеден сатылса, рысқұловтық шаруалар оны 1200 теңгеден саудаға қойды. Сиыр еті 1000 теңгеден, қой еті 900 теңгеден сатылды. Сол сияқты сарысулық кәсіпкерлер де үш тоннаға жуық ет өнімін алып келіпті. Аудан әкімдігі кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жұмат Сақыпбеков бұдан басқа 600 литр сүт өнімі, бір тоннаға жуық тұз әкелінгенін жеткізді. Жалпы, облыс шаруалары үшін «Астана» алаңынан 52 сауда нүктесі бекітіліп берілген. Олардың қай-қайсысында болсын сауда-саттық қыз-қыз қайнады. Сатушы да көңілді, алушы да риза. Ұлбосын Мейрамова, Алматы қаласының тұрғыны: – Жамбыл облысы ұйымдастырған жәрмеңке ұнады. Халықтың көңілінен шығып жатыр деп нық сеніммен айта аламын. Жиі болып тұрса екен деген тілегіміз бар. Өз басым осы жәрмеңкені пайдаланып, «Бурный» ірімшік зауытының өнімдерін сатып алдым. Қаймақ, құрт, ірімшіктің дәмі бал татиды. Қолдың сары майының келісін 1000 теңгеден сатып алдым. Құрттың келісі 1100, қаймақтыкі 700 теңге екен. Бағасы да, дәмі де ұнады. Сондай-ақ еттің келісін 900 теңгеден алдым. Әлімжан Айнабаев, кәсіпкер: – Жәрмеңке болатынын теледидардағы жарнамадан естідім. Табиғи өнімге ештеңе жетпейді ғой. Осында келіп, тараздықтардың біраз саудасын жүргіздік. Бір жағында сауда болып жатса, бір жағында сахнадан концерт берілуде. Таразда талантты әншілер көп екен. Жәрмеңкеден қой, сиыр еттерін сатып алдым. Бағасы да базарға қарағанда әлдеқайда төмен. Таныс достарыма да «Жәрмеңке қызып жатыр, тез келіңдер» деп айтып қойдым. Міне, жамбылдықтар ұйымдастырған жәрмеңке осылайша көптің көңілінен шықты. Бұл күні алматылықтарға құны 68,7 миллион теңгенің 226 тонна ауылшаруашылық тауары ұсынылып, өткерілді.
Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Тараз -Алматы –Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді