«Жұмбақ тас» жетімсіреп тұр

«Жұмбақ тас» жетімсіреп тұр
ашық дереккөз
«Жұмбақ тас» жетімсіреп тұр

Қаладағы «Тұңғыш Президент саябағы» маңайында халықтың демалуына бірқатар жақсы жағдайлар жасалған. Ашық аспан аясында «Кино әлемі» акциясымен көрсетілетін кинофильмдерді жұртшылық әр жұма, сенбі күндері тамашалауда. Бұдан бөлек, осында су тоғаны жанында әңгіме-дүкен құрып, таза ауамен тыныстап отыратын орындықтар да баршылық. Міне, осы жерде «әттең-ай» дегізетін жайтты айтпасқа болмайды.

12Саябақтағы «Жұмбақ тас» орнатыл-ған тоған арнасын құрақ-қамыс басып қалыпты. Мұндағы тоқтау суды таза деп те айта алмайсыз. Көлбақа ғана «рахатқа» батуда. Көпшілік демалатын орындарға көлшіктің жасалғанын кезінде кім-кім де қуана құп алғаны ақиқат. Сондықтан кемшілікке жол бермей, көктемнен бастап тоған суының да, арнасының да тазалығын сақтауды ойластырғанда, шағын көл де көз қуанышы болып тұрар еді-ау. 

11Кеше біз демалыс орнына атбасын арнайы бұрдық. Қалың қамысты орып жүргендерді көріп, көңіліміз сәл болса да жайланды. Енді оның суын жаңалап тұру жағын ойластыру қажет. Бұрын осы жерден фонтан атқылап тұратын. Қаламызда арнасы кең каналдар жеткілікті. Біле білсек, ол – тұрғындар үшін таптырмайтын демалыс орындары болуға лайық. Әттең, соны оңтайлы ойластыруға келгенде, шабандау сияқтымыз. Мәселен, Д. Қонаев көшесі бойындағы тоғанды көрсеңіз, көңіліңіз ортайып-ақ қалады. Іші ну қамыстан көрінбейді. «Түбінде суы жоқ па?» дейін десең, бақалар бақылдап, суы мен батпағының барын білдіріп жатыр. Жағалауына жақындасаңыз, мандырымсыз судың мүңкіген иісі қолқаңызды қабады. Ел-жұрттың тастаған қалдықтары да осында. Әсіресе, «Альгузар» кафесінің артқы жағындағы арық жағалауын бойлай бей-берекет шашылған қоқыстардың иістенген суға өз «үлестерін» қосып жатқаны өкінішті. Осы су арнасындағы ну қамысты орып, ішін таза суға толтырып, жұртшылықтың бір мезгіл демалар аймағына айналдырса, қандай жарасымды болар еді. Жанында тал-дарағы жайқалып тұрған мұндай мекеннің пайдалы да тиімді жағын қарастыра отырып, аталған игі істі қолға алған қала басшысының ұтылмасы анық. Бар мәселе, табиғат тартуын жағдайға икемдеп, үйлестіре білуде емес пе?!

Лесбек САЙЛАУБЕК, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН.

Ұқсас жаңалықтар