Тұтынушылар қажетін қанағаттандыруда
Кейінгі кезде жергілікті жерлерде құрылыс материалдарын өндіретін компаниялар көбейіп келеді. Солардың бірі – «Ғимарат-Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Серіктестік ғимараттардың іргетасынан бастап төбесін жабатын темірбетон бұйымдарымен қатар, су шаруашылығына қажетті науалар, кәріз бен құдықтарға темірбетон сақиналар, арналарға екі жақтауы бар плиталар және энергетика саласы үшін бетон тіреулер шығарады. Бүгінде кәсіпорын темірбетон бұйымдарының жетпіске жуық түрін өндіреді. Бұған қоса аулалар мен аяқжолдарға төселетін сәндік тақта плиталар шығаруды қолға алған. Сұранысқа қарай жаңа өнім түрлерін шығару, өндірісті жүйелі жаңғырту нәтижесінде кәсіпорынның әлеуеті жыл сайын нығайып келеді. «Ғимарат-Темірбетон» бұйымдарының дені облыс аумағына өткеріледі. Бір бөлігі Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарына жөнелтіледі. Мұнда өндіріс құрал-жабдықтарын жаңғыртуға жыл сайын 50 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінеді. Мұның өзі қазірге дейін өндірістегі негізгі қордың 70 пайызын жаңартуға мүмкіндік беріп отыр. Отыздан астам техникасы бар серіктестік өткен жылы екі бу шығаратын қазандық және бірнеше құм, бетон таситын жүк автомашинасын, бір тиегіш техника сатып алған. Жыл сайын жұмыс ауқымы ұлғаюына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылуда. Қазір олардың саны 150-ге жеткен. Мұндағы ең төменгі айлық жалақы – 80 мың теңге. Өнім әуелі сапасымен бағаланады. Сондықтан да кәсіпорын басшылары осыған ерекше көңіл бөлуде. Өндірілген өнім арнайы зертханада тексеруден өткізіледі және тиісті сертификат беріледі. Олар ИСО-9001 және 2000 сапа менеджменті жүйесін облыста алғашқылардың бірі болып енгізген болатын. Осыдан үш жыл бұрын оған лайық екендерін екінші рет растап, дәлелдеді. Мұнда қазақстандық үлес 90 пайызды құрайды. Тек арматура ғана Ресейден жеткізіледі. Қалған материалдарды облыс аумағынан алады. Маман тапшылығы мәселесі де шешілген. Кәсіпорынның асханасында бір мезгілде 50 адам мекеме есебінен тегін тамақпен қамтылған. Арнайы жұмыс киімдері жыл сайын тұрақты беріледі. Жұмысшылар жұмыс орындарына жайлы да қолайлы көліктермен жеткізіледі. – Тапсырыс берушілердің көпшілігінің темірбетон бұйымдарын алып кетуге мүмкіндігі бола бермейді. Сондықтан да біз оларды өз көліктерімізбен жеткізіп береміз. Тауарларымыз қоймаларда ұзақ уақыт жатып қалмайды. Жұмысымыз жазда және күзде қызады. Осы кезде оны екі, кейде үш ауысыммен ұйымдастырамыз. Жаңғырту келешекте де жүйелі жалғасын табады. Өткен жылдың қорытындысында 1,5 миллиард теңгенің құрылыс материалдарын өндірдік. Биыл оны 2 миллиард теңгеге жеткізуді көздеп отырмыз, – дейді «Ғимарат-Темірбетон» ЖШС директоры Сырлыбек Сматов.
Ақылжан Мамыт Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді