Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында Палата депутаттары тәуекелдік қаржыландыру, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту, Халықаралық қайта құру және даму банкінен орта білім беруді жаңғырту бойынша қарыз алу мәселесін және зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты заң жобаларын талқылап, бірауыздан мақұлдады.
Мамандық ашу жеңілдейді
Депутаттар бірінші оқылымда мақұлдаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және бақылау дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев таныстырды. Оның айтуынша, заң жобасының мақсаты – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының талаптарын орындау, яғни Назарбаев университетінің тәжірибесін ескере отырып, жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кезең-кезеңмен арттыру көзделген.
Заң жобасы бойынша жоғары оқу орындары академиялық бағдарлама мазмұнын өздері анықтап, оқу сапасын жақсартуға бағытталған құзыреттерге ие болады. Бұл мәселе бүгінгі күннің талабына сәйкес келетін білікті мамандар даярлауға мүмкіндік бермек. –
Жасыратыны жоқ, қазіргі кезде жоғары білім еңбек нарығына толығымен жауап бермейді. Мысалы, тарих-география мамандығы ауыл мектептеріне қажет болуына байланысты осы мамандықты ашпақ болғанбыз. Қазіргі заңнамаға сәйкес ол үшін 2 жыл уақыт қажет. Республикалық әдістемелік кеңес өткізуден бастап, мамандықты тіркеу, типтік оқыту бағдарламасын енгізуге дейінгі жұмыстар ұзақ уақыт алады. Ал нарықтағы сұраныс жылдам өзгеруде. Сондықтан Назарбаев университеті мен халықаралық қоғамдастықтың тәжірибелеріне сүйене отырып жаңа мамандық ашуға байланысты оңтайлы тәртіп енгізіп жатырмыз, – деді Білім және ғылым министрі.
Министрдің сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша жоғары оқу орындарының дербестігін 65 пайыздан 85 пайызға дейін кеңейту көзделген. Болашақта ЖОО еңбек нарығындағы сұранысқа сай білім беру бағдарламаларын өздері әзірлей алады. Сонымен қатар ортақ тізімдегі 600 мамандықтың нарыққа сәйкес еместерін жауып, сұранысы мол салаға байланысты жаңа мамандықтар ашу барынша жеңілдетілген. Білім саласына енгізілетін жаңалықтардың бірі ретінде жоғары оқу орындарын бағалаудың аккредиттеу арқылы жүзеге асатындығын және бұл сала бәсекелестік ортадағы отандық және шетелдік агенттіктерге тапсырылатындығын айтуға болады. Сондай-ақ бұрын тек педагогикалық мамандықтарға ғана тән болған пәнаралық тәжірибеден өту тәртібі барлық мамандықтарға енгізіледі.
Осы құжат бойынша жоғары оқу орындарының құрылымдық өзгерістерге ұшырайтындығын да атап өту керек. Мәселен, қазіргі республикалық мемлекеттік кәсіпорын санатындағы оқу орындары енді коммерциялық емес акционерлік ұйымдарға айналады. Бұл арқылы министрлік оқу орындарының құзыретін ұлғайтып, еркіндіктің шегін кеңейтуді жоспарлаған. Мәселен, енді отандық ЖОО шетелден филиал ашуға да құзырлы болмақ.
Тың өзгерістің бірі ретінде жоғары оқу орындары басшыларын тағайындау мен босатудың жаңа механизмдері белгіленіп, корпоративті басқару органдарын дамыту бағытын атап өтуге болады.
Ең бастысы, енді ЖОО оқу ақысын өздері белгілеуге мүмкіндік алады. Демек оқу бағасының не жоғары өрлеуіне, не төмендеуіне сол оқу орнының басшылығы жауапты болады немесе қазіргі мемлекеттік грант құнына байланыстырылған бағаның тізгіні босатылмақ.
Бүгінге дейін жүз елудей өзгеріс енгізілген заң жобасын депутаттар бірінші оқылымда мақұлдады.
Білім сапасының теңсіздігін жою басты назарда
Білім және ғылым министрлігі орта білім беру жүйесін жаңғырту, білім алуға қолжетімділік пен теңдікті қалыптастыру үшін халықаралық қаржы ұйымының көмегіне жүгінген. «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Орта білімді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы» Заң негізінде Халықаралық қайта құру және даму банкі жоғарыда аталған мақсаттарға 75 млн АҚШ доллары көлемінде қарыз бергелі отыр. Сондықтан бұл құжатты да Мәжіліс депутаттары бірауыздан ратификациялады.
Заң жобасын Палата депутаттары алдында қорғап шыққан Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуына қарағанда, қарыз 17 жылға беріледі. Оның алғашқы 5,5 жылында Қазақстан тарапы төлемдерден босатылған.
Министр аталған қаражаттың басым бөлігі ауыл және қала мектептері арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюға жұмсалатындығын айтады. Нақтырақ айтар болсақ, бұл қаржының 67 пайызы немесе 16 млрд теңге ауыл мектептерін мультимедиялық жабдықтауға, компьютерлік проектор мен экран алуға жұмсалмақ. Жалпы интерактивті жабдықтармен 5400 мектеп қамтылады.
Сонымен қатар педагогикалық кадрлардың сауаттылығын арттыру мақсатында университеттерге осы қаражаттан үлес тиіп, интерактивті жабдықтар алу үшін 457 млн теңге бөлінеді.
Енді ауыл мектептері директорлары мен мұғалімдерінің педагогикалық және басқару әлеуетін арттыру мақсатында қосымша мультимедиялық ресурстар арқылы оқыту басталады.
– Инклюзивті білім беруді дамыту мақсатында ерекше білім алуды қажет ететін балаларды кәсіби мамандыққа даярлау бойынша 15 оқу бағдарламасы әзірленді. Сонымен қатар басқа мектептердің жанынан 9 инклюзивтік ресурстық орталық ашылады. Аталған қаражатқа көзі нашар көретін және дамуы кем балалар үшін 7,5 мың Брайль оқулығын сатып алу көзделген. 1 мың дефектолог маман арнайы курстарда оқытылады, – деді Е.Сағадиев.
Білім және ғылым министрлігі цифрлы технологиялар көмегімен ҰБТ тапсырмаларына да өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Мәселен, балалардың қазіргі есте сақтау қабілеті көбірек бағаланатын тест тапсырмаларынан біртіндеп бас тартып, баланың функционалдық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйе енгізілмек. Сондықтан мультимедиялық элементтерді қолдану арқылы жаңадан 200 мың тест тапсырмасы жасалады.
Мәжіліс депутаттары алдында заң жобасының тиімділігі және қамту көрсеткіштерін баяндаған министр өзіне қойылған сауалдарға да толықтай жауап берді.
Сөйтіп аталған заң жобасы Палата депутаттары тарапынан толық қолдау тапты. Сондай-ақ депутаттар жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тәуекелдік (венчурлік) қаржыландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі ұсынысты және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне зияткерлік меншік саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
Студенттер дауы
Жалпы отырыста депутаттар Білім және ғылым министрлігіне заң жобалары бойынша көптеген сауалдар қойғанымен, Астана медициналық университетінде тегін білім алып жүрген жүз қаралы студенттің оқудан шығарылуына байланысты әңгіме қозғаған жоқ.
Есесіне журналистер алдына шыққан министр аталған дауға байланысты түсінік берді. Соңғы күндері жоғарыда аталған оқу орнында 117 студенттің ағылшын тілін меңгергендігін айғақтайтын IELTS сертификаттары жалған болып шыққандығына байланысты ақпарат тараған еді. Бұл жайт емтиханды өз күшімен тапсырған студенттердің арыздарынан кейінгі тексерістер бойынша анықталған.
– Былтыр министрліктің білім сапасын қадағалау комитеті аталған университетті тексерді. Соның нәтижесінде балаларды оқудан босату бойынша нұсқама беріліп, ол ішінара орындалды. Студенттердің көпшілігі өздерінің құқықтарын қорғау аясында сотқа жүгінді. Дегенмен де нұсқама толық орындалуы тиіс. Бұл университет студенттерді оқудан босатуын дұрыс шешім деп санаймыз. Енді біз Денсаулық сақтау министрлігімен және университетпен бірге келісім комиссиясын құрып, әрі қарайғы құқықтық қадамдарымызды анықтап аламыз», деді Е.Сағадиев.
Бір атап өтерлігі, бұған дейінгі талаптар бойынша тіл білімі сертификаттарының түпнұсқалығы тексерілмей келген. Аталған кемшіліктер тек куәліктердің орталық мәліметтер дерекқорына енгізілмегендіктен анықталған. Алайда магистратураға түсушілердің сертификаттарының түпнұсқасын ортақ дерекқор арқылы анықтау тәртібі қазір қолданыста бар.
Министрдің айтуынша, осы кемшіліктерге байланысты өзге де оқу орындарына жіті тексеру жүргізілмек. Ал жалған құжатты пайдаланған студенттерге байланысты құқықтық шаралар қабылданады.
Білім және ғылым министрі еліміздегі 130 жоғары оқу орнының рейтингі жасалып, әлсіздері күшейтіліп, көшке ілеспегендеріне байланысты өзге шешім қабылданатындығын да атап өтті. Ең бастысы, министрдің айтуынша, жоғары оқу орындарының саны бұдан әрі көбеймейді. Дереккөз: egemen.kz
Ұқсас жаңалықтар
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
«Сапалы білім – саналы ұрпақ кепілі» атты кездесу өтті
- 24 қазан, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді