Көне шаһардың шырайы кіріп, келбет айшығы өзгермек. Бұл туралы Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кеңінен тоқталды. – Былтыр қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика сақталды. Бұл кезеңде шаһар кәсіпорындары 229,7 миллиард теңгенің өнімдерін өндірді. Ал халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2016 жылы 555,6 мың, былтыр 643,8 мың теңге болды. Мемлекеттік бюджетке 37,4 миллиард теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 106 пайызға орындалды. Бюджет үдерісі тиімділігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – қаражаттың толық игерілуі болып табылады. Бұл көрсеткіш 100 пайызға атқарылды, – деді Рүстем Рысбайұлы. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында индустрияландыру – жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс деп атап өткені белгілі. Индустрияландырудың екінші бесжылдығына көшкен еліміздің құрамдас бөлігі ретінде Таразда да Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2010-2017 жылдар аралығында жалпы құны 54 миллиард 754 миллион теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылып, 2151 жұмыс орны ашылған. Ал ағымдағы жылы өңірлердің индустриялдық картасына жалпы құны 8 миллиард 757 миллион теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба енгізіліп, нәтижесінде 581 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бұдан бөлек, биылғы жылы «KISC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болат, шойын балқыту цехын қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізбек. Жоба құны – 1 миллиард 870 миллион теңге. Мұнда да 150 жаңа жұмыс орындары ашылады деп көзделіп отыр. Сондай-ақ жоба құны 2 миллиард 177 миллион теңгені құрайтын «Тараз арматура зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс арматурасын шығаруға арналған жаңа цех құрылысын жүргізіп, 297 жұмыс орындары ашылмақ. Мәліметке сүйенсек, өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі – 6 миллиард 273 теңге, құрылыс жұмыстарының көлемі 38 миллиард теңгені құраған. «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасы аясында өткен жылы «Салтанат» мөлтек ауданында №30 орта мектептің апатты ғимаратының орнына жаңадан 1000 оқушыға арналған білім ошағы салынып, пайдалануға берілді. Ал «Шөлдала» тұрғын алқабында 900 орындық жаңа мектептің және №24 мектепке 300 оқушыға арналған жапсарлас ғимараттың құрылыстары жүргізілуде. Аталған нысандар биыл пайдалануға берілетін болады», – деді Тараз қаласының әкімі. Қала басшысы бұдан кейін бірқатар шағын аудандардағы жолдардың, тротуарлардың, аялдама кешендері мен көше жарықтарының, арық желілері және абаттандыру жұмыстарының құрылыстары ағымдағы жылы аяқталатынын тілге тиек етті. Биыл «Бәйтерек» шағын ауданындағы құрылыс жұмыстарын аяқтап, «Барысхан» тұрғын алабын және әуежай аумағындағы тұрғын алапты электрмен қамтамасыз ету құрылысы жүргізілетініне тоқталып өтті. Рүстем Рысбайұлының айтуынша, бүгінде қаламызда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 бастама айқындалып отыр. Атап айтсақ, 5 көшенің қиылысына «ақылды бағдаршамдар» орнату жоспарда бар көрінеді. Сондай-ақ «Аса» шағын ауданындағы 5 аула «ақылды жарықтандырумен» қамтылып, «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды карта түзілмек. Ал автобус бағыттарындағы GPS-навигациялау сайтын жетілдіру және жаңғырту, №41 мектеп-гимназиясын «қауіпсіз мектеп» жобасына енгізу, 41 мектепті Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісімен қамту, 20 мектептің бейнебақылау жүйесін жаңарту, 5 мектепті робототехника кабинеттерімен жабдықтау көзделуде. Аталған жұмыстардың барлығы кезең-кезеңімен жүргізілмек. Шаһар басшысы Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін бұқараға түсіндіру, шаһардағы саябақтардың абаттандырылуы, тұрғын жай саласындағы маңызды мәселелердің бірі – кондоминиум нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізу жөнінде де кеңінен тарқата айтып берді. Брифинг соңында БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауаптар қайтарылды.
Есен САҒЫНАЙҰЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді