– Дүние – дүрбелең. Дүние дүбірге толы. Соның әсерінен адам мінезіндегі өзгеріс, қайшылықтар да көбейе түсті. Тәрбие мәселесі алға шықты... Шын мәнінде, әр шаңырақтың толыққанды, мінсіз қалыптасып, дамуы еліміздің азаматтық әлеуеті, сапалық құрамы нығайтыла түсуін, сонымен бірге қоғамдық сананың да өсуін қажет етеді ғой. Қоғамдық сана құрылымы көркем мінездердің жиынтығынан құралып жатса, қанеки! Адам бойында көркем де кемел мінез қалай қалыптасады? Ата-тектен, ана сүтімен келе ме ол? Тәрбиемен қалыптаса ма? Адам, әлде өзін-өзі өмір бойы тәрбиелеуі керек пе? Көркем өмір сүрудің нақтыланған ереже, жүйесі бар ма, жоқ па, осы?
Данияр ЖҰМАБАЕВ, облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы:
– Біссімілаһи-рахмани-рахим! Тәрбие адамзатқа дін арқылы келді. Пайғамбарларымыз жер бетіне адамдарды тәрбиелеу үшін жіберілген. Әдептілікті, ақылдылықты, көркем мінезді, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді, ата-аналармен жақсы қарым-қатынаста болуды дін үйретті. Тәлейлі тарихымызды, қазақы болмысымызды діннен бөле-жара қарастыра алмаймыз. Көркемділіктің басты ұстыны ол! Қандай дінде болсын дәстүр-салт та, тәрбие де, білім де, имандылық та – бәрі бар. Пайғамбарымыз хадистерінде «Сендердің ең жақсыларың – көркем мінезге ие болғандарың», «Мұсылманның сыйлы болуы – діннен, адамгершілігі – ақылынан, абыройы – көркем мінезінен», «Кішілерімізге мейірім танытпаған әрі үлкендерімізді құрметтемеген адам бізден емес» деп айтылады. Көркем адам, ол – сөзге тоқтайтын, шыдамды, сабырлы, парасатты, өтірік айтпайтын, өзгелерге жақсылық ойлайтын, ілімі толық, ашуды ақылға жеңдіре алатын, барға шүкір, жоққа қанағат ететін, ешқандай қиянатқа бармайтын тұлға. Кімде-кім Алланы танымас бұрын, ең әуелі өзін-өзі тануға тиіс. Жамандықтан тыйылып, жақсылыққа бет бұрудың алғышарты – осы. Әркім тәрбиені өзінен бастаса адам да, қоғам да түзеледі. Тәрбиенің ерте-кеші жоқ.
Елен ӘЛІМЖАН, жазушы-драматург:
– Бұл – адамзаттың басты сұрағы. Негізі, адамды дамытумен дін де, білім де, ғылым да, жалпы алғанда мемлекет те айналысады. Ал адам қаншалықты дамыды немесе дамымады, бұл – басқа әңгіме. Сонау біздің дәуірімізге дейінгі VIII-V ғасырларда адам санасында үлкен төңкерістер болғаны тарихтан белгілі. Сол кезде әлемге заратуштралық, конфуциялық ілімдер, гректің философтары – Аристотель, Платон, Сократтары адам санасына зор өзгерістер әкелді. Соңында пайғамбарлар келді, дін, ой жетілді. Адамды толық кемелдендірудің мүмкіндіктері көбейе түсті. Материалдық әлемді тәп-тәуір біледі, ғарышты да зерттеді, адам санасы бәрібір толық жетіліп біткен жоқ. Әрине, білім жағынан орасан зор жетістікке қол жетті. Десек те білетініміз – бір тоғыз, білмейтініміз – тоқсан тоғыз. Жалпы, кемел адам кім? Бір кәсіпті меңгеріп аламыз да, кішкентай деңгейге жетеміз де, кемелдікке жеттік деп ойлаймыз. Жоқ, олай емес. Кемелдік – тұтастай ой-өрісіңнің кемелдігі, ғаршыға жетуің. Міне, осыған адам жете алмай келе жатыр. Сірә, жетпейтін де шығар. Хакім Абай айтатындай, «...жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі – білсем екен демеклік». Ал білсем, көрсем, үйренсем деумен өзін-өзі дамытса, дүниенің парқын, кеңдігін түсінгеннен кейін белгілі бір көзқарасы қалыптасып, шынында дүниенің өзі шартты екенін, бірдеңені қызғану бекершілік екенін ұғынып, пендешіліктен кішкене болса да биікке көтеріледі. Қызғаныштың бәрі пендешіліктен туады. Кемел адам – өз тірлігін адал атқаратын, басқаға қызғанышы жоқ, дүниеауи пенделіктен биік тұратын адам. Мұның енді текпен де, туа біткен қабілетті дамытумен де келетіні бар..
Фатима БИЗАҚОВА, «Ән-Нұр-Фат» психологиялық орталығының жетекшісі:
– Адамдардың бірін-бірі түсінбеуінен, жетістігін көре алмауынан, қатты айтып өкпелетуінен, аты-жөні жоқ өштесіп, ішіне кек сақтауынан, араға іріткі салуынан, болмаса осындайларға налып, күйініп-түңілуінен жүйкелері жұқарып, жүректері ерте сыр беріп жатады. Мұның соңы отбасылардың, еңбек ұжымдарының, елдің бірлігі шайқалып, берекесі кетуіне апарып соқтыруда. Бізге не жетпейді? Әлбетте, көркем мінез. Ол, негізінен, рухани жан дүниесі бай, барлық іске сабырмен қарайтын, ақ пен қараны ажыратуда адалдық пен әділдікті алға ұстанатын адамда кездеседі. Көркем мінез – дүниеге адам болып келіп, адам болып қалудың да айқын көрінісі. Бірден көрінбей, іс-әрекетке түсу барысында айшықталатын даралық нышан. Өркениет көшіне ілесуіміз үшін дүниедегі заманауи өзгерістерге сай Абай айтатын «бес нәрсеге асық болатын, бес нәрседен қашық болатын» кезіміз әлдеқашан жетті. Өзімізде, қанымызда әлімсақтан бар құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, оны нарықтық заманның жақсы жоралғы-жосығымен байыта түскеніміз абзал. Өз-өзімізді «қолға алып», бойымызға «көркем өмір сүру» дағдыларын мейлінше мол сіңіру арқылы кәсіптің нәсібін көбірек көрейік деп, ниетімізді жақсы жаққа бұрсақ, бәрінен арылуымызға болады. Әлі де кеш емес. Қай-қайсымыз да Алла нәсіп еткен әр күн үшін шүкіршілік етумен өмір сүрсек, қызғаныш, көреалмаушылық, аяқтан шалушылық, дүрдараздық секілді жағымсыз әрекеттерді жүзеге асыруға уақытымыздың жетпей қалатындығына көз жеткізер едік. Өзіндік ұлттық мінезімізбен ерекшеленетін халықпыз. Жаһандану осы ұлттық мінезімізді түбегейлі өзгертіп жібермес пе екен? Мінезіміз қатқылданып, тәрбиеміз тұрпайылана бастаған секілді...
Елен ӘЛІМЖАН:
– Жаһандану, сөз жоқ, мінезімізге өзгеріс әкеледі. Барлық халықта солай болған. Бірақ, әңгіме сол мінезімізден не өзгереді, не қаладыда тұр. Біздің жақсы мінездеріміздің барлығы көшпелі дәуірде қалыптасты. Қазақ хандығы өмір сүрген 1450 жылдардан бері арада алты ғасыр өтті. Осы кезеңде ұлт болып ұйыдық, тіліміз де, мәдениетіміз де көркейді. Осы жақсы қасиеттерден отырықшылыққа, урбанизацияға (қалалық болып та қалыптасып үлгерген жоқпыз, түріктер, татарлар болса бұған бағзы замандарда-ақ бейімделіп үлгерді) ұшырап, одан қалды бүгінгі жаһандану келген кезде ұлттық мінезімізден не қалады? Ең кемшін тұсымыз да осында жатыр. Идеологияны жүзеге асырушы құралдар осы мәселеге жете мән бермейді. Науқаншылдықпен кетіп қалады. Ширек ғасырдан асты егемен ел болғанымызға. Осы жетістікті қандай қасиетімізбен алдық? Мұнда халықтың рөлі болды ма? Қандай ұлттық қасиетіміздің шарапаты тиді? Міне, осы сұрақтардың жауабы ізделінуі керек. Оны ғылыми негізде қорытып, тұжырымдауға тиіспіз. Бүгінде не көп, партиялар, қоғамдық ұйымдар көп біздің болашағымызбен, идеологиямызбен айналысып жатқан. Алайда ұлттық қасиетімізді сақтайық деп жатқан бірі жоқ. Әрі кеткенде, бірі көкпарды, екіншісі айтысты дамытып жатырмыз дейді. Бұл мәселе тереңнен қозғауды қажет етеді. Ол үшін мықты кадрлар, институттар керек. Олар «айқайға сүрең» қоспай, үндемей-ақ отырып қыруар іс тындыруы тиіс. Жақсы кітаптар шығарылып, кинофильмдер түсіріліп, жоспарлы түрде тағылым, тәрбиесі мол, ауқымды іс-шаралар өткізіліп, ұлттық мінезіміздің жақсы жақтары кеңінен насихатталуы керек. Адамның да, қоғамның да мінезінде сонда бір өзгеріс болады. Қазіргі қоғам жолының өзі мынадай: өткеніміздің жақсысын алып, оны жаңаның, жаһанданған елдің жақсысымен байыту, бірақ түбірде мәйек болып өзіміздің ұлттық болмысымыздың қалуы. Міне, осы мәселені дұрыс түсінбей, жаңаның бәрін жоққа шығарамыз, немесе ескіліктің сарқыншағы деп бір жардан бір жарға ұрып кетеміз. Бұл мәселеге түсіністікпен, кешенді түрде келу керек. Осы жөнінде айтып та, жазып та жүрмін. Жиырма жеті жылға жуық уақыт ішінде грузиндер, украиндар секілді соғыс өртін тұтатып, молдавандардай бөлініп кеткен жоқпыз. Кейбір елдердей томаға-тұйықтанып, әсірежаңашылдыққа ұрынған жоқпыз. Жерімізді бөлшектетпей, ұрыспай, таласпай, жақсы, сұлу торы аттай болып өттік өтпелі кезеңді. Бәрі бірден бола қойған жоқ. Орасан зор еңбек жатыр астарында. Халқымыздың осы кезде нендей қасиеті даралана көрінді? Кісілікті халықпыз. Сол кісілігіміз өзіндік келбетімізді сақтап қалды, орынсыз ұрыс-керіске барған жоқпыз, сабыр сақтай білдік. Ешкімге иілген де жоқпыз, ішкі арандатушыларға да, сырт саясаткерлерге де байсалдылықпен тойтарыс беріп, өзіміздің тұтастығымызды сақтап қалғанымыз ата-бабамыздан қалған кісілікті қасиетіміздің арқасы. Көшпенділіктің дәуірден бері бар қасиетіміздің жиынтығын айтсақ, бауырмалдығымыз да, қонақжайлылығымыз да, жатты жатсынбайтынымыз да айналып келгенде бір ғана кісілік қасиетімізге келіп тіреледі. Қазақ осы ұлттық мінезімен мың жасайды.
Фатима БИЗАҚОВА:
– Қазақтың ұлттық мінезіне байланысты даңқты қолбасшы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының «Әр халық ұлттық мінезді сақтауды өзінен бастауы керек. Маған біреу дайындап береді деп күтпеуі керек» деп айтқаны бар. Осы сөз – cөз! Алма ағашының өзі өскен жерінде көгеретіні секілді, тіл, діл, дінімізді өз туған топырағында өгейсітпеу, жатқа бермеу – сіз бен бізге, намысымызға сын.
Данияр ЖҰМАБАЕВ:
– Иә, дұрыс айтасыз, ұлттық санамызды, ана тілімізді, болмысымызды бұзбай сақтау – парызымыз. Отбасын қалай қорғасақ, ұлт мүддесін, Отанымызды, ел мен жерімізді де солай қорғауға тиіспіз. Кез келген ел, ұлт үш нәрсеге негізделеді, біріншісі – тілі, екіншісі – дәстүр-салты, үшіншісі – діні. Осы үш негізі болса, ол ел мәңгі жасайды. Бұл – сол елдің болашағы бар деген сөз. Бізде осы үш тіректің үшеуі де бар. Қазіргі жағдай екінің біріне белгілі. Жан-жақтан ұйытқып жел тұруда. Бірде былай, бірде олай иілеміз. Бірақ, біздің тамырымыз – үш тірегіміз аман болса, ұлы дарақтай өркен жая береміз деген сенімдемін.
Түйінсөз: Әулие де, әмбие де, періште де, пір де емеспіз. Десек те, қазақ жерінде жоғарыдағыдай кемелділікке жеткен тұлғалар болған... Осындай ғажайып болмыс иелерінің өмірін үлгі тұтып, көркем адам тәрбиесін Мәңгілік Ел идеясының түпқазығы етсек, оның еш артықтығы жоқ... Әмісе көңіліміздегі көркем адам болуға, кемелділікке жетуге деген ынтызарлық оты суымасын, әлеумет!
Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді