«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Айшықты ой арнайық, ал ендеше, Алаштың бақ жұлдызы Астанаға!»

«Айшықты ой арнайық, ал ендеше, Алаштың бақ жұлдызы Астанаға!»
ашық дереккөз
«Айшықты ой арнайық, ал ендеше, Алаштың бақ жұлдызы Астанаға!»

Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты газет-айтыс жалғасуда. Бүгінге дейін Қаратаудың қара нары атанған Ербол Қамбатыров пен байзақтық жас пері Дархан Әбдіманат, сарысулық Алик Бекмұсаев пен тараздық Райхан Алмасбекқызы сүбелі сөз, салмақты ой айтып, оқырман жүрегінен жол тапқан еді.

Енді кезек соңғы жұпқа келіп тиді. Талай республикалық айтыстарда жасындай жарқырап жүрген жас таланттар – жуалылық Қанат Мырзахан мен Жамбыл ауданының үкілі үміті Нұрлыбек Құрманов оқырманға тұшымды жыр жолдарын ұсынуға талпынып көрмек. Жас ақындарымыздың шымыр шумақтары жұртшылықты бейжай қалдырмайды деген ойдамыз. Айтысты жамбылдық жампоз Нұрлыбек Құрманов бастайды. Газетіміздің алдағы аптадағы сандарының бірінде кезек Қанатқа тиеді. Ендеше сүйегіне сөз қонған ақындарымызға сәттілік серік болсын!

Нұрлыбек Құрманов: (Қанат Мырзаханға)

Бір сәлем «Aq jol»-дағы оқырманға, Мың сәлем газет оқып отырғанға. Айтыскер ақын қалай қуанбасын, Айтқаны өлең болып оқылғанда.

Ниет пен аят, дұға – намаз парқы, Қалам мен қара сия – қағаз парқы. Тегіндегі ақындық талғам менен, Төрелігін өзі айтар Тараз халқы.

Қара өлеңнің ұшырған қаршығасын, Армысың, Қанат деген қарсыласым. Қара саннан оқ тиген қасқыр құсап, Ақ қағазға арманың тамшыласын!

Қолдау жасап сауапты бастамаға, Өлең мен кірпіш құйып, тас та қала. Айшықты ой арнайық, ал ендеше, Алаштың бақ жұлдызы Астанаға!

Сарыарқаның тәжіндей бас қалаға, Салтанатты, сәулетті Астанаға. Ұқсайды жиырма жасқа толған қала, Әулеттегі ең кенже жас балаға. Мақтайық, Астанамен мақтанайық, Көшіп сонда барайық, бақ табайық. Ел менен Елбасының еңбегінің, Жеміс тойын жақсылап атқарайық.

Таразды салыстырсам Астанамен, Тоқ бала ойнағандай аш баламен. Арман қала шынымен болып қалмай, Қазақты қамтыса ғой баспанамен.

Әкім боп асқартаудай Асқар келді, Ілесіп іскер, білгір жастар келді. Гүлдендірер кез келді күннің көзі, Мейіріммен шуағын шашқан жерді.

Сөз етпей қазан-ошақ оттың қасын, Жағалаған ақынбыз көптің қасын. Осымен бір қайырып тоқталайын, Ал, Қанат дос, жіберші аттың басын.

Жамбыл ауданы

Ұқсас жаңалықтар