Бюджет бүйірі томпайды. Ол енді тиімді және нәтижелі игерілсе игі
- author «Ақ жол»
- 28 маусым, 2014
- 283
Тараз қаласындағы №26 сайлау округінен депутат Талғат Құлжабаевтың төрағалығымен өткен бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті ХХVI сессиясына облыс әкімінің орынбасарлары, Тараз қаласы мен аудандардың әкімдері, облыс әкімдігі басқармаларының, құқық қорғау органдарының, аумақтық департаменттер мен инспекциялардың және жекелеген мекемелер мен кәсіпорындардың басшылары, Тараз қалалық және аудандық мәслихаттардың хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысына облыс әкімі Кәрім Нәсбекұлы Көкірекбаев қатысып отырды.
Басқосуда облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов облыстық мәслихаттың жиырмасыншы сессиясының шешімі бойынша «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» атағы берілген Амангелді Карентаевқа, Надежда Трофимовна Врублевскаяға «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» куәлігі мен төсбелгісін және лентасын салтанатты жағдайда табыс етті. Сессияда күн тәртібіндегі бірінші мәселе — 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы А. Қырықбаев және облыс бойынша тексеру комиссиясының атқарған жұмыстары жөнінде облыс бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков есеп берді. Баяндамашылардың келтірген деректері бойынша 2013 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда облыстық бюджеттің кіріс бөлігі 7,9 пайызға артып, 160 миллиард 551 миллион теңгеге жетіпті. Оның 143 миллиард 368,4 миллион теңгесін республикалық бюджеттен, 582,5 миллион теңгесін Тараз қаласы мен аудандардан келіп түскен трансферттер құраған. Ал, қалған 16 миллиард 600,1 миллион теңгесі облыстық бюджеттің өзіндік меншікті кірістері болып табылады. Сондай-ақ, өткен жылы облыстық бюджеттің шығындары 99,8 пайызды құрап, 161 миллиард 492,5 миллион теңгеге орындалған. Есепті кезеңде үнемдеу есебінен қорғаныс, қоғамдық тәртіп, қауіпсіздік, құқықтық, сот, қылмыстық-атқару қызметі, білім беру, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру, отын-энергетикалық кешені және жер қойнауын пайдалану бойынша 276,6 миллион теңге мөлшерінде бюджеттік қаржы игерілмей қалған. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Мырзақасым Байбеков игерілмеген қаржының 157,5 миллион теңгесінің мекемелерде жүргізілген мемлекеттік сатып алулардың нәтижесінде үнемделген қаражат екендігіне, ал 90,8 миллион теңгесінің игерілмеуіне жасалған келісімдерде көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізе алмағандықтан, онда көрсетілген міндеттемелерді толық орындамағандықтан жол берілгендігіне тоқталды. Ол бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің Қазақстан Республикасының «Бюджет кодексінде» көзделген принциптер мен өзге де құқықтық-нормативтік актілердің талаптарын қатаң сақтай отырып, бюджет қаражатын дұрыс және тиімді, әрі нәтижелі пайдалануға, сондай-ақ, нысаналы трансферттер бойынша тұрақты мониторинг жүргізіп, оларды толық және мақсатты игеруге, тікелей нәтижелерге қол жеткізуді қамтамасыз етуге күш-жігерлерін жұмылдырулары қажеттігін атап көрсетті. Облыстық тексеру комиссиясының есепті кезеңдегі жергілікті бюджеттің атқарылуына жүргізген 56 бақылау іс-шарасы барысында 243 бақылау нысанында 81,5 миллиард теңге қаражат қамтылып, жалпы сомасы 6,2 миллиард теңге болатын заң бұзушылық анықталған. Оның ішінде қалпына келтірілуге тиісті 2,1 миллиард теңгенің 1,6 миллиард теңгесі ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін қалпына келтірілген. Қалған 0,5 миллиард теңгесі облыстық тексеру комиссиясының қаулыларымен бекітілген мерзімде келіп түседі деп күтілуде. Еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзған лауазымды тұлғалардың жауапкершіліктерін қарап, процессуалдық шешім қабылдау үшін 2 материал облыстық прокуратураға жолданған, 163 қызметкер облыстық тексеру комиссиясы жолдаған қаулылар мен ұсынымдарды іске асырудың нәтижесінде тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Сессияда 2013 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы туралы қосымша баяндама жасаған облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту туралы тұрақты комиссиясы төрағасының орынбасары, Жуалы ауданындағы №17 сайлау округінен депутат Гүлсін Орынбаева мәселенің облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында да жан-жақты талқыланып, орын алу себептері анықталғанын және соған байланысты бюджеттік бағдарламалардың әкімшілеріне тиісті ұсыныстар жасалғандығын жеткізді. Алдағы уақытта мәслихаттың тұрақты комиссияларының бөлінген бюджеттік қаражаттарды тиімді және нәтижелі пайдалануға ықпал ететін іс-шаралар жоспарын ортаға салды. Облыстық мәслихаттың осыған дейінгі сессияларының бірінде бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бюджеттік қаражаттың жұмсалу заңдылығын тексеру қорытындылары туралы жұртшылықты хабардар етіп отыру жайында ұсыныс жасалғандығын айтып, облыс тұрғындарының бюджет қаржысының қандай мақсатқа және қалай жұмсалынып жатқандығын білуге толық құқықтары бар екендігіне тоқталды. Облыстық мәслихаттың депутаттары сессияның күн тәртібіндегі екінші мәселе — облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы және олардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы туралы облыс әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасының басшысы Салтанат Омарбекованың есебін зейін қоя тыңдады. Оның айтуынша бүгінгі таңда, «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының аясында жұмыс істеп жатқан облыстың мемлекеттік денсаулық сақтау секторын 42 аурухана мен 328 амбулаториялық-емхана, ал мемлекеттік емес денсаулық сақтау секторын 12 аурухана мен 25 амбулаториялық ұйым құрайтын көрінеді. Саланы білікті кадрлармен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мекемелерін жетілдірілген медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандыру жыл өткен сайын оң шешімін тауып келеді. Мысалы, 2013 жылы облысқа 127 жас маман келген болса, олардың 73-і ауылдық елді мекендерге жұмыс істеуге жіберіліпті. Оның үстіне аумақтағы кадр тапшылығын шешу мақсатында үстіміздегі жылы С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетіне оқуға түсуге 30 ауыл түлегіне облыс әкімінің жолдамасы беріледі деп жоспарлануда. Салтанат Жамалбекқызы республикалық бюджеттен бөлінген 1 111 683 мың теңгеге онкологиялық ауруларды ерте анықтауға арналған 64 кескінді компьютерлік томограф, жедел медициналық қызметтің жұмысын жақсарту үшін 28 дана санитариялық автокөлік, В және С вирусты гепатитті ауруларын анықтау мен диагностикалау үшін бауырды фибросканерлеу аппараты мен колоректальдық обырын ерте анықтауға мүмкіндік беретін эндобейне тұғырығы мен колоноскоп алынғандығына, сондай-ақ, өткен жылы осы мақсатқа арналып жергілікті бюджеттен бөлінген 847 миллион теңге қаржының да толық игерілгендігіне халық қалаулыларының назарын аударды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне, денсаулық сақтау мекемелерінде қолға алынған жөндеу жұмыстарының барысына, аумақтағы ана мен бала өлімінің алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралардың ауқымына және басқа да мәселелерге тоқталды. Жиында қосымша баяндама жасаған облыстық мәслихаттың білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік-мәдени даму және жастар ұйымдарымен байланыс, әйелдер істері мен отбасы-демографиялық саясат мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы төрайымының орынбасары, Тараз қаласындағы №5 сайлау округінен депутат Гүлдара Нұрымова салада оң тірліктермен қатар, түйіні тарқатылмай тұрған түйткілді мәселелердің де баршылық екендігін жайып салды. Халық қалаулысы облыс аумағындағы 433 елді мекеннің 56-сында медициналық мекеменің жоқтығын, ауылдардағы 47 медициналық мекеменің жалға алынған ғимараттарда орналасқандығын, облыстың денсаулық сақтау саласына қарасты 62 нысанның күрделі жөндеуден өткізуді қажет ететіндігін, қазіргі уақытта облыс бойынша 216 дәрігердің жетіспейтіндігін, медициналық қалдықтарды жою мәселесінің Меркі, Мойынқұм, Қордай, Т. Рысқұлов және Талас аудандарында күні бүгінге дейін шешімін таппай отырғандығын жеткізді. Гүлдара Алданышқызы аумақтағы медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға үлкен үлес қосып келе жатқан жекеменшік денсаулық сақтау ұйымдарының өзекті проблемаларын мәселе етіп көтеріп, ұсыныс-пікірлерін депутаттар назарына ұсынды. Облыстың емдеу мекемелерінің тұрғындарға қызмет көрсету сапасы және олардың материалдық-техникалық жарақтандырылу жағдайы туралы баяндамалар бойынша жарыссөзге шыққан Жуалы ауданындағы №17 сайлау округінен депутат Гүлсін Орынбаева амбулаторлық-емханалық құрылым қызметі жетілдіруді қажет ететіндігін, денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын одан әрі жетілдіре түсу керектігін, саладағы кадр тапшылығы проблемасының шешімін табу үшін ең әуелі жас мамандарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесінің шешімі табылуы тиістігін атап көрсетті. Мәслихат сессиясында аймақты, әкімшілік-аумақтық құрылымды, ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері және жер учаскелерін сатып алу туралы шарттар жобаларын қарау жөніндегі тұрақты комиссияның атқарған жұмыстары туралы комиссия төрағасының орынбасары, Талас ауданындағы №28 сайлау округінен депутат Ақынбек Бектайдың баяндамасы және басқа да мәселелер қаралып тыңдалды. Сессия күн тәртібіндегі барлық мәселелерге қатысты жеке-жеке шешім қабылдады. Сессия Тараз қаласындағы №3 сайлау округінен депутат Асаубай Майлыбаевты алдағы болатын бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті ХХVII сессиясының төрағалығына сайлады.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді