Саят сәуір айының басында «Нұр Отан» партиясының қоғамдық қабылдауында болып, өзінің ауқымды жобасы жайлы партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевқа айтқанын да жазғанбыз. Облыс басшысы сол мезетінде бірқатар тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берген. Содан бері біршама уақыт өтті. Жігері мұқалған Саят жобасының жүзеге асар күнін зарыға күтіп, талай жердің есігін әлі қағып жүр. Жуырда облыс әкімінің атына хат жолдапты. Осыған орай облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арнайы баспасөз мәслихатын ұйымдастырып, Саятқа жобасын жүзеге асырудың тетіктерін қарастырып, кәсіби кеңес берді. Басқосуды аталмыш басқарма басшысының орынбасары Б. Ахметов жүргізіп отырды. Осы жиында белгілі болғандай, Саяттың жұмысының алғашқы бастауы жер мәселесіне тіреліп тұр. Кәсіпті дөңгеленту үшін алдымен өндіріске қажетті инженерлік инфрақұрылымын жүргізетін қолайлы жер керек. Осы орайда, Жамбыл ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов жерге қатысты мәселенің мәнісін былай түсіндірді: – Саятқа шаруа қожалығын жүргізу үшін Ерназар ауылы маңынан 87 гектар жер берілген. Одан бөлек, ол өндіріске қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарын бастау үшін тағы қосымша 2 гектар жер сұрады. Біз өтінішті өз тарапымыздан қарастырып, көрдік. Алайда, оның сұраған жері мал өтімі болғандықтан, әкімшілік тарапынан қолдау таппады. Сөйтіп, сол ауылдан басқа шаруашылыққа тиесілі гараждың орнын ұсындық. Ол гараж банкте кепілдікте тұрғандықтан, оған Саят тағы келісімін бермеді. Одан кейін келесі жерді Шайқорық ауылдық округі маңынан ұсындық. Ол да оның көңілінен шықпады. Қазір өндіріске қажетті инфрақұрылымды тез жүргізуге қолайлы жерді ауылдың маңынан табу өте қиын. Ендігі кезекте жер телімі арнайы заңдылыққа сай, аукцион арқылы конкурстық негізде беріледі. Келесі кезекте сөз алған Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының эксперті Үсен Өмірбаев: «Саяттың жобасының болашағы жарқын. Ешкі сүті биологиялық құнарлылығы жағынан сиыр сүтінен әлдеқайда жоғары. Бүгінде елімізде небәрі екі облыста ғана ешкі сүті өндірісімен айналысатын шаруашылық бар. Соған қарағанда, Саят үлкен істің бастауында тұр. Жоба бойынша 600 ешкі өсіру қарастырылған, ал, оған 1200 шаршы метр қора қажет. Кәсіпкерлікті бастау үшін алдымен осының жайын тездетіп шешіп алу керек»- деді. Осы тұста облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Бейған Ахметов: «Егер жер мәселесін шешсек, ары қарай істі қалай жүргізесіз?» деген заңды сауал қойды. Саят банктен несие алуды межелеп отырғанын жеткізді. Алайда, банк өкілдері қомақты несие алу үшін кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлкі болуы керек екендігін алға тартты. Саяттың тарапынан кепілдікке қоятын жылжымайтын мүлік жоқ болып шықты. Жиынға қатысып отырған «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының консультанты Шора Кенжебаев: «Нұр Отан» партиясы бүгінде «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға өз ісін дамытып, жұмыс істеуіне ұйытқы болуда. Осыған қатысты көптеген жиындар да өткізді. Саяттың осы жерде отыруы да сол жұмыстардың жемісі. Өз кәсіпкерлігін бастау жолындағы алғашқы қиындықтарға тап болған Саят партияға бірнеше мәрте келді. Мен сонда «кім саған кедергі келтіріп отырған нақты айту керек» дедім. Қазір қарап отырсам, Саятқа барлық тараптан мүмкіндігінше жағдай жасалып жатыр екен. Мәселенің бір ұшы кепілдікке келіп тіреліп тұр емес пе? Кәсіпкерлік азаматтың өз тәуекелімен жасалатын іс. Оған үлкен тәуекел керек. Біріншіден, жер беріңдер, екіншіден, қаражат беріңдер деп міндет қылып отыруға тағы болмайды» деді. Мүмкіндігінің шектеулілігіне қарамай үлкен кәсіпкерлік істен үмітті, замана көшіне ілесуге талпынып жатқан жас азамат Саяттың жобасына қатысты мәселе төңірегінде өткен баспасөз мәслихатында осындай пікірлер ортаға салынды. Жер мәселесі Жамбыл ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімі тарапынан алдағы уақытта шешімін табатын болды. Ал, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы жобаны жүзеге асыруға қолұшын созатын инвесторларды тарту жайын қарастыруды міндетіне алды.
Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Жарқын жобалар – берекелі істің бастауы
- 26 желтоқсан, 2024
Өңір өндірісі еселеп артқан жылдар
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді