Шу ауданында Балуан Шолақтың 150 жылдық мерейтойы аталып өтті.
«Атадан ұл тумайды мендей сабаз» деп жырлаған Балуан Шолақ расында да, санқырлы талант иесі. Бір бойына бірнеше өнерді қатар сіңіріп туған ұл қазақтың маңдайына қайтып бітуі, неғайбыл-ау. Оның осы сан қыры жаңаша жарқырай көрініп, есімі ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді.
«Нұрмағамбет Баймырзаұлы – менің атым, Алашқа мағлұм болған асыл затым» деп жырлаған Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдық мерейтойы Шу ауданының Төле би ауылында кең көлемде аталып өтті. Салтанатты шара балуанның ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Мерейтой аясында «Балуан Шолақ Баймырзаұлы» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Айтулы тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бұл жинақта дауылпаз ақын, әнші, сазгер, балуан туралы жарық көрген зерттеулер мен естеліктер, деректі, көркем туындылар, сонымен қатар оның өлеңдері топтастырылған. «Алты алаштың арысы» атты алғысөзінде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев «Дана халқымызда «Жігітке жеті өнер де аз» деген аталы сөз бар. Мұның мәні өмірде әр азамат өнерлі, білімді, батыр әрі батыл, өжет әрі өнегелі болып өсуі керек деген ой тастайтыны шындық. Ал, адам бойындағы осынау асыл қасиеттердің бәрін Алла тағала Балуан Шолаққа аямай бере салған. Бұл ғасырда дүниеге сирек келетін құбылыстардың бірегейі еді ол. Біржан сал мен Ақан серіні ұстаз тұтып, ғажайып даусымен әндерін салған Балуан Шолақтың аты мен өнерлі өмірі халқының аузынан бір сәт те түскен емес. Ол халқымен бірге жасады. Балуандық қасиеті мен әсерлі әндері ұлт тарихына алтын әріппен жазылып, ажырамас мұрасына айналды» деп толғанады.
«Балуан Шолақтың өмірі мен шығармашылығы» атты ғылыми-тәжірибелік конференция жаңаша стильде өтті. Сахнада модератормен бірге баяндамашылар да жеке орынтақтарға жайғасты. Алғаш болып құттықтау лебізін білдірген облыс әкімі-нің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: «Бүгінгі бас қосуымыз бір ғасырдан астам уақыт өткен, қазақтың айбыны, мақтанышы болып келе жатқан перзенттің атын ардақтау ғана емес, оның ұлтымызға қалдырған ұлағатын ұлықтау, тарихымызға құрметпен қарау деп білеміз. Балуан Шолақ ұлт тарихындағы қайталанбас қадіріміз», – деп атап өтті. Конференция тізгінін «Жамбыл және халық ақындары» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бекен Ыбырайым алып, модераторлықты шебер атқарды. Ал, баяндамашылар Балуан Шолақ жайлы тақырыпқа әр қырынан келді. Атап айтсақ, Мәдениеттану институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Саттар Мәжитов «Балуан Шолақ феномені», сыншы, ақын Аян Нысаналин «Дала дауылпазы», зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғазизбек Тәшімбай «Алты алаштың арысы», Абай атындағы ұлттық педагогика университетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы Темірхан Тебеген «Балуан Шолақ шығармашылығындағы халықтық дүниетаным», М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертанушы Бақыт Тұрмағанбетова «Балуан Шолақтың музыкалық мұралары» атты тақырып төңірегінде жүргізген зерттеу жұмыстары бойынша әңгіме өрбітті.
Балуан Шолақтың туған жері жайында түрлі деректер келтірілетіндігі рас, мәселен оның дүниеге келген жері бірінде Шу өңірі, екіншісінде Көкшетау деп көрсетілген. Негізінде, балуанның тегі, ата-бабалары Шу өңірінен шыққандығы, Үйсіннің Дулаты, оның ішінде Шымырдың Сәмбеті екендігі ақиқат. Сондықтан, осыны нысанаға алғандар Нұрмағамбет Баймырзаұлын Шу ауданында дүниеге келген деп, жұртты шатастыруда. Ғылыми басқосуда оның туған жері Көкше өңіріндегі Бұланды аймағы екендігі деректермен келтіріліп, дәйектелді. Аян Нысаналин жуырда Ғазизбек Тәшімбаймен бірге Балуан Шолақтың кіндік қаны тамған сол мекенге барып және дүние салған жеріне де қайырылып, бейнебір балуанның рухы кезіп жүргендей әсер алғандығын айтты. Қазақтың айтулы тұлғасы аталған өңірге келіп қоныстанған казак-орыстармен жер үшін шайқасып өткен. Сондықтан дүниеден өтерінде зиратының қай жерде екенін білдірмеуді өсиет етіп, кейін ол қайтыс болғанда туыстары Алаш арысының аманатын мүлтіксіз орындаған. Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана бұл сырдың құпиясы ашылған. Балуан Шолақтың алғаш болып қазақ ауылына сырнай аспабын алып келгендігі де өз алдына бір бөлек әңгіме. Оған халқы сырнай тартқызып қызықтаса, ол қобыз бен домбыра, сырнай, сыбызғылардың басын біріктіріп, қазақ далалық оркестрін жасағандығы мұндаға дейін музыка зерттеушілерінің назарына ілікпеді. Балуан Шолақ композитор, әнші ғана емес, дала циркінің негізін қалаушы, ат құлағында ойнаған шебер, жауырыны жерге тимеген алып күш атасы. Сонымен, айтулы ғалымдар мен танымал тарихшылар, әдебиетшілер конференция тақырыбын жан-жақты талқылап, тоқетерінде «Балуаншолақтанумен» айналысатын уақыт жетті деген қорытындыға келді. Жалпы, жұрт Балуан Шолақ жайлы баяндамаларды ұйып тыңдап, оның рухымен қайта қауышқандай көрінді. Бір атап өтерлігі, мерейтойдың астатөк, ысырапшыл той ретінде емес, тағылымды, мәні зор басқосумен есте қалғандығы болды. Ал, мерейтой соңы белгілі өнерпаздардың концертіне ұласты.
Шынар САҒИЕВА, «Ақ жол».
Шу ауданы.
Суретті түсірген: Петр НОРКИН.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді