Өңірдегі өркенді істерде журналистердің де үлесі мол
Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін қабылдаған облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев журналистерді төл мерекелерімен құттықтап, оларға шығармашылық табыс тіледі. Кәрім Нәсбекұлы облыстың әлеуметтік- экономикалық саладағы барлық жетістіктерінде БАҚ-тың үлесі басым екенін атап көрсетті.
– Міне, бірер күнде бірінші жартыжылдықты қорытындылағалы отырмыз. Экономиканың барлық саласында дерлік жетістіктер баршылық. Бұл жетістіктерге жетуге сіздердің қосып отырған үлестеріңіз көп, – деп атап өткен облыс әкімі еңбекшілерді табысты еңбекке жігерлендіруде облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» газеттерінің және «Қазақстан –Тараз» телеарнасының ықпалы зор екеніне ерекше тоқталды. Ол облыстық «Ақ жол» газетіне республикаға танымал қаламгер Көсемәлі Сәттібайұлы, «Знамя труда» газетіне тәжірибелі журналист Бекет Момынқұл басшылыққа тағайындалғалы бері бұл басылымдарда жаңа бір реңк пайда болғанына ризашылық білдіріп, алдағы уақытта да осы бағыттан таймауды тапсырды.
Облыс әкімі өңірдің дамуында өзгеше орыны бар көптеген мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек ете отырып, екпінді құрылыстардың басы-қасында журналистердің де жүргенін атап өтті. Қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсімей, алдағы атқарылуға тиіс істердің нәтижелі болуына баса назар аударылуы керек. Облыс жұртшылығын ел өмірінен хабардар етіп отыратын БАҚ-қа жүктелетін міндет жоғары. Облыс журналистері бұл міндетті абыроймен атқаруда. Кәрім Нәсбекұлы бұл жайды да назардан тыс қалдырмай, жұртшылықтың көзі, құлағы әрі хабаршысы болып отырған журналистерге тағы да алғыс айтты.
Салтанатты қабылдауда журналистердің үлкен тобы облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ, облыс басшысы облыстық «Ақ жол», «Знамя труда», «Арай» газеттері мен «Қазақстан-Тараз» телеарнасы басшыларына арнайы сыйлықтар табыс етті. Журналистердің еңбегін ерекше бағалаған облыс әкіміне алғыс айтқан «Қазақстан – Тараз» телеарнасының директоры Мейрамбек Төлепберген облыстың 75 жылдық мерейтойына орай 10 сериялы телефильм түсіріліп жатқанын жеткізді. Жуырда ғана Қазақстан Журналистер одағы Жамбыл облыстық филиалының төрағалығына сайланған облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлы ұйымда атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта келіп, облыста төл мерекеге орай екі әріптесіміз Қазақстанның Құрметті журналисті төсбелгісімен, он адам Қазақстан Журналистер одағының Дипломымен марапатталғанын атап өтті. Бұл марапаттар олардың қаламдарын ұштап, шығармашылық табыстарға жетелейтіні сөзсіз. Журналистердің төл мерекесінде қаламгерлердің үлкен тобы Жамбыл облысының және «Нұр Отан» партиясының Құрмет грамоталарымен марапатталды. Жамбыл облысының Құрмет грамотасымен марапатталғандар қатарында облыстық «Ақ жол» газетінің тілшісі Гүлжан Рахман бар. Ал, газеттің Т. Рысқұлов және Меркі аудандарындағы меншікті тілшісі Сейсен Қожеке «Нұр Отан» партиясының Құрмет Грамотасына ие болды.
Болат Жаппарұлы, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Аймақта әк шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде
- 26 желтоқсан, 2024
Аға буынның айтары көп
- 26 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді