Шу ауданына қарасты Абай деген ауыл бар. Сонау Қырғыз Алатауының солтүстік беткейінен бастау алып, Қорағаты өзенін жағалай қоныс тепкен ауыл тұрғындары бұрыннан спортқа бейімділігімен танылған. Бүгінгі күні ондағы мектептің алақандай спорт залында шынығып, облыстық, республикалық деңгейдегі жарыстарда толағай табыстарға жетіп жүрген жеткіншектер жетіп артылады. Олардың қатарында волейболдан Шу ауданының және облыстың бірнеше дүркін жүлдегерлері бар. Еркін күрестен де ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп жүрген жас балуандар баршылық. Болашақта Олимпиада шыңын бағындырып, көк байрағымызды желбіретеміз деп жүрген осы жас спортшылардың арманынан бөлек, бас қатырар мәселесі де жоқ емес. Мәселен, ауылда бокс, еркін күрес сияқты елімізде кеңінен танылған, халқымыздың оң жамбасына келетін спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік жоқ. Арнайы спорт нысандарының жоқтығынан ауылдағы спортқа құмарлығы, бейімі бар балалар аудан орталығы Төле би ауылы мен Шу қаласына баруға мәжбүр. Орталықтан бірнеше шақырым жерде орналасқан ауылдан ат терлетіп аудан орталығы мен Шу қаласына бара беруге бәрінің мүмкіндігі жете бермейді. Бірі мектептегі сабақ кестесінің ыңғайсыздығын алға тартса, енді бірінің қаржылық жағдайы көтермейді. Соның әсерінен спортқа икемі бар талай бала бос уақытында ермек қылар іс таппай, жат қылықтың жетегінде кетіп жатқаны жасырын емес. Ал жастайынан бұзылған ұрпақ өсе келе отбасы мен Отанының сорына айналатыны бесенеден белгілі емес пе?! «Ауыл спорты, оның ішінде бұқаралық спорт, дамып жатыр, жас ұрпақ саламатты өмір салтын ұстануда» деп құрғақ сөзбен ауыз сүрте беруді доғарып, нақты іске көшетін кез жеткен сыңайлы. Әйтпесе спорт залы жоқ ауылдан қалай саламатты өмір салтын ұстанатын саналы ұрпақ өсіп шықпақ? Ауыл спортына жауапты атқамінерлер осы жайтты ескерсе екен. Бүгінге дейін Абай ауылындағы белсенді азаматтар тарапынан спорт зал мәселесіне көңіл бөлініп, «Ауылдан бір спорт залды саламыз» деген бастама көтерілді. Алайда қомақты қаржыны қажет ететін спорт нысанының құрылысын бастау оңай болмай тұр. Осы тұрғыда ауыл азаматтарына демеу білдіретіндер табылып жатса, тұрғындардың өздері-ақ құрылысты бастап кетуге әзір.
Мият КӘШІБАЙ
Шу ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық орманшы отқа оранған көліктен 4 адамды аман алып шықты
- 23 қыркүйек, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді