Денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы өткір күйінде тұрған кезде медициналық қызметтің қолжетімділігі мәселесі өзектілігін жоймақ емес. Осыған қарап-ақ білікті маманның көптігі біраз түйткілдің шешімі екеніне көз жеткізуге болады. Өткен аптада әлеуметтік желілерге таралып, ақпараттық сайттарда жарияланған Тараз қаласындағы №4 емханадағы жағдайдың да түп төркіні осы дәрігерлердің жетіспеушілігінен туындайды.
Түсініктірек болуы үшін тарқатып айтсақ, қаладағы ең ірі емханалардың бірінде ертеңгілік басталған жиналыс 3-4 сағатқа созылып кетіп, соның салдарынан аяғы ауыр әйелдер мен қариялар, балалар дәрігерге көріне алмай, сарылып кезек күтіп қалады. Шыдамы таусылған тұрғындар осыны айтып, шағым жасаған және мұның бірінші рет емес, жиі қайталанып тұратынын жеткізген. Бұл жағдайды облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов та растап отыр. Оның айтуынша, әлеуметтік желідегі осы жарияланымнан кейін басқарма тарапынан арнайы жұмысшы тобы құрылып, мән-жайды анықтаған екен. – Қаладағы №4 емхана «Almaz Medical Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне сенімгерлік басқаруға берілген. Серіктестік өкілдерімен бірлесіп, тексеру арқылы сол күні емдеу мекемесі бас дәрігерінің нұсқауымен жалпы жиналыс өткізілгені анықталды. Бұл мәселе бойынша біз серіктестікке тиісті шешім қабылдап, шара қолдануды ұсындық. Соның негізінде бас дәрігерге ескерту түріндегі тәртіптік шара қолданылды, сондай-ақ барлық медициналық ұйымдарға науқастардың дәрігерге қаралу уақытында жиналыс өткізбеу туралы талап қойылды, – дейді Марат Сейітбекұлы. Әлеуметтік желі демекші, 6 сәуір күні бес жыл бойы қатерлі дертпен күрескен 7 жасар тараздық балғын қыздың қайтыс болғаны туралы да ақпарат тараған болатын. Облыс әкімдігінің баспасөз орталығында өткен брифингте Марат Жұманқұлов бұл жолы бірқатар дұрыс ақпар берілмегенін мәлімдеді. Иә, Айымжан Досжан есімді бүлдіршіннің нағашы атасы мен апасы Таразда тұрады екен. «Алматы қаласында дүниеге келген Айымжан бірнеше жыл Астана қаласындағы емханада тіркеуге алынып, үздіксіз ем қабылдаған. Шетелде емделген. Ресейдің Санкт-Петербург қаласында қайтыс болған», - дей келе, басқарма басшысы мәселенің мәнісін түсіндіріп өтті. Жалпы медициналық көмектің сапасын арттыру, емханалардағы ұзын-сонар кезектен құтылу үшін басқарма тарапынан көптеген шаралар іске асырылуда. «Денсаулық» бағдарламасының нысаналы индикаторларының өзі де күтілетін өмір сүру ұзақтығының деңгейін жоғарылату, тұрғындар денсаулығының индексі мен медициналық қызметтің сапасына көпшіліктің қанағаттану деңгейін көтеруге бағытталған. Бұл мақсатта облыстық аурухана «Human Development Group» акционерлік қоғамымен «ELSI-MED» ақпараттық жүйесін енгізу жөнінде келісімшарт жасасыпты. Бүгінде өңірімізде 406 мекеме жаңа жүйеде жұмыс жүргізуде. Алдағы маусым айында өңірдегі емдеу мекемелері «қағазсыз жүйеге» көшкенде кезек саны азайып, науқастарды ары-бері сабылту тыйылары анық.
Ардақ ҮСЕЙІНОВА
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді