Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің жаңа редакциясында лингвист-ғалымдардың пікірлері ескерілген. Бұл – ана тіліміздің ұлттық құнарын сақтап әрі ұлттың мұрасын әлемге танытатын тарихи шешім. Бүгінде қазақ жазуын латын графикасына көшіруге дайындық жүргізілуде. Бұл ретте бастапқы қадам латын қарпін пайдаланудың мән-маңызы мен артықшылықтарын насихаттауға негізделіп отырғанын айта кету керек. Осы мақсатта бекітілген желілік кестеге сәйкес облыста өткен жылы 1019 іс-шара өткізілді. Біздің басқарма түсіндіру жұмыстарының шеңберінде 3 әлеуметтік жоба жариялап, соның аясында 51 шара ұйымдастырылды. Оған 16 мыңға жуық адам қамтылды.
Барлық аудан мен Тараз қаласындағы түсіндіру жұмыстарына, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері атсалысты. Латын әліпбиіне көшу бастамасына өңір тұрғындарының оң көзқарасын қалыптастыру, жаңа редакциядағы таңбалармен жазуға бейімдеу мақсатында эссе және үздік бейнеролик байқауы, жаппай диктант жазу акциясы өткізілді. М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан ашылған «Латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинетінің» жауапты мамандарымен, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіндегі «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасының оқытушыларымен тығыз қарым-қатынас орнатылып, жұмыстар жүргізілуде. Өткен айда ғана Үкімет «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын» бекіткені белгілі. Алғашқысы биылдан бастап 2020 жылға дейінгі мерзімді қамтитын, осылайша әр екі жылда үш кезеңдік жұмыстарды жүргізуді көздейтін ауқымды жоспар 2025 жылға дейін жүзеге асырылуы тиіс. 53 пункттен тұратын іс-шаралар жоспарының 14 пункті жергілікті атқарушы органдарға тиесілі. Оның ішінде үшеуі 2018 жылы орындалуы керек. Бұл негізінен БАҚ-қа қатысты. Нақтырақ айтсақ, республикалық деңгейде осы жылдың маусым айына дейін осы тақырыпта материалдар жариялаумен айналысатын журналистер тобы іріктелмек. Теле, радиоарналарда, мерзімді басылымдарда тақырыптық айдарлар мен бағдарламалар ашу, «оқиғалар қатары» іс-шараларын ақпараттық сүйемелдеу, қазақ әліпбиін латын графикасына көшірудің жетістіктері туралы әлеуметтік роликтер топтамасын дайындап, оларды әлеуметтік желілерде, бейнепорталдарда орналастырып, телеарналарда тарату жұмыстары жүргізіледі. Жоспарға сәйкес биыл қыркүйек айына дейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты орфографиялық, орфоэпиялық ережелерді, ал жыл соңына дейін латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиінде емле ережелерді әзірлейді. 2019-2025 жылдар аралығында жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушылары біліктілік арттыру курстарынан өтеді, ал мемлекеттік қызметшілерді латын графикасына үйрету 2019-2021 жылдарға жоспарланған. Мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған, солар әзірлеген қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерді, сондай-ақ олардың құзыретіне жататын актілерді латын графикасына көшіру бойынша жұмыстар 2021 жылғы қаңтардан, ал жергілікті мемлекеттік органдардың іс-қағаздарын латын графикасына көшіру 2024 жылдың желтоқсанынан басталады. Алдағы уақытта басқарма үкіметтік емес ұйымдар арасында 3 әлеуметтік жоба жариялап, соның шеңберінде қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия мүшелері мен лингвист-ғалымдар, тіл жанашырларымен бірлесіп, ауқымды жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр.
Сұлушаш ҚҰРМАНБЕКОВА, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы
Ұқсас жаңалықтар
Халықтық сайлау: тиімділік пен мүмкіндік
- 21 қараша, 2024
Аманат жүгі абыройға бастайды
- 19 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді