Көңіл көктемін аңсап, сусап жүргенбіз. Жансусар кеш болды. Маралтайдың өлеңдерін құрт жеп отырып, тыңдадық. Тараздағы жеңгесі беріп жіберген бір дорба құртты жаны қалмай бізге таратып шықты. Жүргізуші Берік Жүсіптің әңгімесі қандай әсерлі. Жаныңа дауа боларлық. Алматыда өткен «Көңіл көктемі» атты Маралтайдың кешін ұйымдастыруға жазушы Әлібек Асқаров түрткі болыпты. Кітап палатасына кресло ауыстырған Маралтайдың мәйекті жырларын тыңдауға бір қауым ел жиналды сөйтіп. ...Ықылас Дүкенұлы атындағы Ұлт аспаптар музейінің қобыз сынды сахнасын 70-ке жуық адам жағалай, алқа-қотан отырмыз. Маралтай жынын алдырған бақсы сияқты. Киелі түндердің дұғасындай болған жырларын кезек-кезек оқиды. Біресе арзу айтады, біресе у қайтарады. Кеш еркін форматта өрбіді. Кентавр сынды ақынның қызықтың кені екеніне куә болып жүрміз ғой. Бұл кеш соның айқын дәлелі еді. Сахнаға көтерілген кісілер Маралтайдың қызығын келістіріп айтып жатты.
Бір өлеңімен жұмысқа тұрған
Ақынның жұмысқа тұрғаны да қызық. Іріктеу комиссияның алдына ешбір құжатсыз келіпті. Гүлнар Салықбай Маралтайдың жырларын бұрыннан біледі екен. Комиссия мүшесінен: «Аға, алдымен өлең оқытайықшы» деп өтініпті. Білегін айқыш-ұйқыш сілтеп оқыған өлеңі қазыларға жағыпты сөйтіп. Комиссиядағы кісі иегін қағып: «Анау жұмыс орны сенікі. Бар да жайғаса бер» деген екен. Мұны Берік Жүсіптің аузынан естідік.
Маралтайдың кеші деп, 50 қыз моншаға түсіпті...
Жазушы Әлібек Асқаров тағы бір қызықтың шетін шығарды. Кітап палатасындағы 50 қыз «Жұмысқа Маралтай орналасты» дегенде елең ете қалыпты. Кеш болатын күннен бұрын моншаға түсіп, дайындалыпты. Мұны басшы айтып, күлдірді. Әлібек аға сахнаға шығып, естеліктерді Фариза апаның тағы бір қызығымен байланыстырды. «Пионер» журналында апамыздың редактор кезі екен. Бір қаламгер жігіт жұмыс сұрай барыпты. Өзі кеше «ащы су» ішкен. «Ішкенімді біліп қоймаса екен» деп қылпылдап отырған көрінеді. – Ащы суға қалайсың, айналайын? – Ойбай, апай, атамаңыз, ауызға алмаймын – депті анау беті бүлк етпей. Апай сәл ойланып барып: «Жоқ, айналайын, біз ұрттамайтындарды алмаймыз. Бұл өзі шағын ұжым болса да, бізге ішетіндер керек. Жиын-тойымыз көп» деп шығарып салыпты. Көкейіне кептелген жырды кесекке жазған Маралтай ғой бұл. Алматыға алғаш келіп, одақта қарауыл болып, бір жағы құрылыста істеп жүрген кезі. Көмейі бүлкілдеп, өлең түртіп барады. Жазатын қағаз таппапты. Жерге жазайын десе, бәрі цемент. Сонда кесек кірпіштерге сүйкепті. Кеш болғанда қарны шұрқыраған ақын достарымен көп кесекті көтеріп бара жатыпты.
Бір Маралтайдың балалары
Бұл кеште Маралтайдың кіндігінен туған Арнұр, Жұматай, Ғайникен деген балалар өлең оқыды. Көрерменнің арасынан Тайлан деген бала бұлқынып шықты. Жұматайлар әр жатырдан таралса да, өлеңге деген құмарлық құрсақта жатқандарында-ақ дарыған ғой. Көзін жұмып оқығанда зал теңселіп кетті.
«Жанарбектен көшіріп аламын...»
Маралтай одаққа орынбасарлыққа барғанда: «Еркіндігінен айырылды. Қамалып қалды» деп жатты жұрт. Оның одақтағы қызығын жас жазушы Бейбіт Сарыбай «білдіртпей» әлеуметтік желіге жазып жүрді. Соның біразы мыналар: «Оразалин жиналыс жасаған сайын Маралтай блокнотсыз кіреді. «Мұның не? Тапсырманы неге жазып алмайсың? Ұмытасың ғой?» деп сөгетін көрінеді төраға. Сонда Маралтай шімірікпестен: «Жанарбектен көшіріп аламын» депті.
«Мені де айта салшы...»
Бірде шаруасы шығып, Бейбіт жұмыстан кешігетін болыпты. Басшылардың іздейтінін біліп, үйінен: «Аға, мені іздесе, қызы ауырып, ауруханаға әкетіпті деңізші. Сәл кешігемін» деп смс жіберіпті. Маралтай да арсалаңдап, бір жақта жүр екен. Смс-ті көре сала: «Аха, мені де сөйтіп айта салшы» депті.
Мәдениет үйінің алдына Мәдінің бюстін қойғызбақ
Кеш соңында әкім-қаралардан Алматы қаласы әкімдігінің өкілі Данияр мырза сөз алды. Келер жылы Маралтайдың ердің жасына келетінін тілге тиек етті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес, ақын туған жері Сарысуда үлкен іс тындырыпты. Онда Мәді Шәутиев деген күйші кісі болған екен. Қазақ күйінің білгірінің көзі қараңғы болыпты тек. Он жеті жасында екі жанары суалыпты. Құдайдың құдіретімен 70-ке келгенде немересі ойнап отырып, көзін тырнап алып, көзі ашылып кеткен екен. Бір өкініштісі, немересі тіл тартпай кетіпті. Өмірінің соңында жарық дүниені көріп, армансыз ғапылдасыпты өнерпаз. Сол күйшінің көп күйін радиода жүргенінде жинақтаған ақын мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің де күйші мұрасын жинауда үлкен іс атқарғанын айтады. Туған жерге қарайласу мақсатында Мәдінің ескерткіш бюстін Мәдениет үйінің алдына орнатпақшы екен. Ресми құжаттары дайындалу үстінде.
«Әкелші бетті...»
Кеште әр адам Маралтаймен қалай танысқанын айтты. Менің де Маралтаймен танысқаным бір қызық. Ол кезде жиырмадамын, уыздай жаспын. «Ақ желкен» журналына тілшілік жұмысқа жаңадан орналасқан кезім. «Қолайсыз әңгіме» деген айдарды жүргізем. Сұхбатқа бардым. Ақын радионың жертөлесіндегі ең соңғы бөлмеге апарды. Маралтайдың әйелдері мен әр жердегі балалары туралы сұрамақшы ем. «Ал, баста» деді де, көзін бір нүктеге қадап ап, тоқтамай жауап берді. Сол қалпы жарты сағат сөйледі. Көзін жұмып ап жыр оқыды. Қимылдамаған қалпы 40 минут отырдым. Сұхбат біткенде «Әкеші бетті» деп қолын созды да, бетімнен шөлп еткізіп кете барды. Сол сұхбат керемет оқылды. Кейін де ақынмен талай даудың тұсында әңгімелестік. Әр сұхбаты аншлагпен оқылады. «Таразда тізерлеп отырып, жыр оқыдым» деп таңғалдырғаны бар.
«Халал» қызды ресторанға шақырғанда...
Бірде ақшадан қысылып жүргем. Маралтайдың «Халық сөзі» газетіне сұхбаты шықты. Газетті алуға келіп, гонорарымды қалтама салып кетті. Қысылып қалдым. Бір-екі рет бұлданып едім: «Ресторанның ақысы» деп құтылды. Қалтамды қарасам, қып-қызыл бес мың. 2010 жылдары ол әжептәуір ақша. Сұхбат шыққан соң ізімнен қалмай, мейрамханаға шақырған. Ораза кезі болатын. Өзімнің әркіммен әупілдесер әдетім де жоқ. «Аға, мен халал қыз едім» деп қайырдым.
Мінезі – тарпаң, құлағы – қалқан...
Бар болмысы даладай, аңғалдығы баладай ақын ғой. Мінезі – тарпаң, құлағы – қалқан, аузы – салпаң. Сонысымен де сүйкімді. Кеңсай кезіп, көшеде жүрген қалпынан ада қазір. Тек бір өкініштісі, өлең жазуды сиретті соңғы кезде. Өлеңге берген сертінен адаспаса екен. Шарапты шарамен ішкен шайыр әлі де шайқап жүруі керек. Белінде әлі бес батыр мен бес бұрымдының дәнегі бар. Ертең еркелейтін елуі де есік қаққалы тұр. Өз қатарынан Мемлекеттік сыйлыққа лайық біреу болса, сол – Маралтай. Кеше ақын Әмірхан ағаның арбасы сынғанда жанұшырып, жанынан табылған, Марқа жеңгейге алғаш болып, жұбату айтқан жігіт. Тіпті ақынның сүйегін мәйітханадан сүйеп шыққан да осы сабаз. Сырты бүтін болғанмен, іші түтін сынды. Оны маңдайындағы кереқарыс әжімнен, бетіндегі көп шұңқырдан байқадық. Есімі фамилиясынсыз аталатын ақын Мұқағалидан соң, осы Маралтай. Көзіңде мұң болмасыншы, ерке аға! Қазаққа сендей тарпаң таланттар қашанда керек!
Қарлыға Айсанқызы
Алматы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді