Cу – ырыстың көзі

Cу  –  ырыстың көзі
ашық дереккөз
Cу – ырыстың көзі

Шу мен Талас қазақ пен қырғызға ортақ. Бірақ етектегі елдің судан тапшылық көріп қалатын кездері аз емес. Биылғы жағдайды баян етер болсақ, тек Қордай ауданында 45 мың гектардан астам алқап кенезесі кеуіп, онда орналастырылған әртүрлі ауылшаруашылығы дақылдары қурап кетудің аз-ақ алдында тұр. Осы жайды келелі кеңеспен шешпек болған облыс басшылығы Қордай ауылында қырғыз ағайындардың осы салаға жауапты қызметкерлерімен бас қосты. 

Кездесуде облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қол қойылған келісімге қарамастан су басында отырған ағайындардың қазақстандық шаруаларды шөміштен қағып отырғанын айтты. Осыған дейін Алматыда Орта Азиядағы 5 мемлекет өкілдерінің арасында мемлекетаралық өзендерді пайдалану мәселесі бойынша кездесу өткен. Онда сушылар мемлекеттердің суды бір-біріне залал келтірмей пайдалануына келіскен. Соған қарамастан қырғыз тарапы келісімді бұзып отыр. Кәрім Нәсбекұлы осы жайды ағайынгершілік мәмілемен шешуге ұсыныс жасады. – 1983 жылғы мемлекетаралық келісімге сәйкес Қазақстан Шу өзені суының 42 пайызын алуы керек еді. Бұл – секундына 43 текше метр су. Соңғы жылдары судың аздығынан біз 34 текше метрлік көлемге де келіскенбіз. Дегенмен, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 20-ға да жетпей, секундына 15-16 текше метр ғана болып отыр. Бұл біздің қажеттілігімізді жарым-жартылай да өтемейді, – деді К. Көкірекбаев.

Осы кездесуге қатысқан Қазақстан Республикасының су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Ислам Әбішев бұл мәселенің бір емес, бірнеше рет талқыланғанын, соған қарамастан қырғыз жағы әділетсіздік жасап отырғанын қынжыла айтты. Республиканың бас сушысы әрбір мысалын дәйекті дәлелдермен келтіріп, бізге кем дегенде секундына 25 текше метр су керек екенін түсіндірді.

Әрине, қырғыз жағы да уәж айтпай қалған жоқ. – Қазір су тапшылығы бізді де қысып отыр, – деді Қырғыз Республикасы Шу облысының губернаторы Қанатбек Исаев. – Сондықтан өз шаруаларымыздың да өтініштерін қанағаттандыру керек қой. Біз мүмкіндікті қарастыруға тырысайық. – Қазір еңбегі еш кеткелі отырған шаруалар қатты қынжылып отыр. Әркімнің көйлегі денесіне жақын екені белгілі. Дегенмен, көршінің көңілін де қалдырмауды ойлағандарыңыз жөн болар еді, – деп түсіністікке тарта сөйледі Кәрім Нәсбекұлы. Ол, тіпті, Өзбекстаннан алған газды қазақтар тарапының жолдан жырымдамай тең бөлісіп отырғанын да тілге тиек етті. Қырғыз Республикасы ауыл және су шаруашылығы министрлігі су шаруашылығы және мелиорация жөніндегі департаментінің бас директоры Кокумбек Таштаналиев алдағы уақытта су қоры көбейіп жатқан жағдайда беріліп жатқан су көлемін көбейтеміз дегенді айтты. Бірақ, қашан, қанша және қай уақытта екеніне келгенде кібіртіктей берген. Тек Кәрім Нәсбекұлы: «Бізге қанша су және қай уақыттан бастап беретініңізді анық айтыңыз», деп нақтылауды талап еткеннен кейін ғана, «5-6 күннен кейін» дегендей болды. – Бізге 5-6 күннен кейін беретін суыңыздан пайда жоқ. Ол кезде алқаптар күйіп кетеді. Мұны сіз маман ретінде жақсы білесіз. Сондықтан уақытты созбағаныңыз жөн, – деп мәмілеге шақыра сөйледі Ислам Әбішев. Арасында су мамандарының нақты деректермен дәлелді түсіндірулерінен кейін екі жақ келісімге келді. Сонымен Жамбыл облысы әкімдігі мен Қырғыз Республикасы Шу облысындағы Үкімет өкілдігінің бірлескен отырысы Қазақстан Республикасы су ресурстары комитетінің төрағасы және Қырғыз Республикасы су шаруашылығы және мелиорация жөніндегі департаменті директорының қатысуымен 2014 жылғы ылғалдандыру кезеңінде Шу өзені бассейнінің суын мемлекетаралық бөлу жөніндегі мәселені қарап, арнайы құрылған жұмыс комиссиясы арқылы жұмыс жүргізуге келісті. Ендігі жерде қырғыз жағы ертеңнен бастап су беру мөлшерін едәуір арттыратын болды. Атап айтқанда, Шу өзені бойынша секундына – 19, Талас өзені бойынша (Меркі бағытында) 1 текше метр су берілмек. Бұл кенезесі кеуіп жатқан алқаптардағы дақылды аман алып қалуға игі әсерін тигізбек. Ағын су қасқалдақтың қанындай қат болып тұрған қазіргі кезеңде облыс басшылығының айыр қалпақты ағайындармен осындай келісімге келуі саладағы үлкен жетістік деп бағалауға лайық.

Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».

Қордай ауданы.

Ұқсас жаңалықтар