«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жуалылық шаруалар тастүйін дайын

Жуалылық шаруалар тастүйін дайын
ашық дереккөз
Жуалылық шаруалар тастүйін дайын

«Көктемнің әр күні – жылға азық» демекші, көктемгі дала жұмыстарына шаруалар тастүйін дайын отыр. Тек ауа райы қарайласып, жер құрғаса болғаны. Қалғаны – шаруалардың жылда жасап жүрген үйреншікті тірлігі. Өткен жылы ауыл шаруашылығы дақылдары 92 681 гектарға егілсе, биыл оның көлемі 5 229 гектарға артып, 97 910 гектарға жетеді деп жоспарланған. Таратып айтар болсақ, масақты және дәнді бұршақты дақылдарды 34 023 гектарға себу көзделген. Оның ішінде күздік бидай 11 400 гектарға орналастырылды. Ал жаздық арпа 22 323 гектарға, дәндік жүгері 300 гектарға себілмек. Майлы дақылдарды себу 23 492 гектарға жоспарланған. Оның ішінде күнбағыс 1300 гектарға, қытай бұршағы 80 гектарға, мақсары 22 112 гектарға себіледі. Одан бөлек картоп дақылы 2480 гектарға, қант қызылшасын 380 гектарға, көкөніс бақшалығын 650 гектарға жеткізу көзделген. Мал азығын дайындау үшін 735 гектарға сүрлемдік жүгері және 2582 гектарға таза көпжылдық шөп тұқымы егіледі. Ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігі тұқымға да байланысты. Биылғы жылдың өнімі үшін жаздық арпаға қажетті тұқым 4018 тонна болса, мақсарыға қажет тұқым 113 тонна. Тұқым зертханасынан 1880 тонна арпа тұқымы тексерістен өтті. Оның ішінде 530 тонна тұқым – бірінші класты, 1190 тонна – екінші класты, 160 тонна үшінші класты тұқым болып танылған. Техникаға келетін болсақ, жалпы ауданда бүгінде 515 трактор бар. Олардың көктемгі дала жұмыстарына әзірлігі туралы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі Сәбит Нұрлыбаев былай дейді: – Тіркеуде тұрған 515 трактордың 481-і көктемгі дала жұмыстарына жұмылдырылады деп күтілуде. Жалпы, аудан бойынша техникалардың дайындығы – 93 пайыз. Тракторлардан бөлек 12 дана тұқым дәрілегіш, 219 дана дән сепкіштің 209 данасы, 386 дана соқаның 368, 137 дана культиватордың 128-і, 280 дана тырманың 268-і сақадай сай тұр. Тек күн райы ыңғай беріп, жер құрғаса болды, аудан шаруалары осы жылдың өнімі үшін алқапқа жең сыбана кіріскелі отыр. Сонымен қатар көктемгі дала жұмыстарына жеңілдетілген жанар-жағар май да қазірден шаруаларға таратылуда. Наурыз айына жоспарланған 385 тонна дизель отынының қаржысы аударылып, жанар-жағар май тарату орнына жеткізілді. Қазірдің өзінде жеке кәсіпкер «Ай» жанар-жағар май тарату бекетінен шаруаларға 200 тонна дизель отыны таратылған. Онда дизельдің әр литрі 140-145 теңгенің арасындағы арзандатылған бағамен берілуде.

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Жуалы ауданы

Ұқсас жаңалықтар