Ұмтылмаған көш соңында қалады. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Т. Рысқұлов ауданында жұмыс сапарымен болды
- author «Ақ жол»
- 26 маусым, 2014
- 226
Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев Т.Рысқұлов ауданына іссапарын Құмарық ауылындағы Болтай батыр атындағы орта мектебінің ғимаратына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысудан бастады. Мектеп директоры Рабиға Жаңабердиеваның айтуына қарағанда 1968 жылы бой көтерген ғимарат содан бері күрделі жөндеуден өтпепті. Мердігер компания «Simex LTD» ЖШС жұмысты бір ай бұрын, яғни, 15 тамызға аяқтамақшы. Құрылыс кәсіпорнының басшысы Самат Ақашев күрделі жөндеу жұмыстарына қазынадан 175 миллион теңге бөлінгенін, мұнда барлығы 70 адам жұмыс істеп жатқандығын, оның 45-і ауыл азаматтары екенін айтты.
Облыс әкімі К.Көкірекбаев мектептің жылыту жүйесіне назар аударды. Рабиға Жаңабердиева ауыл табиғи газға қосылғанымен, мектеп әлі көмірмен жылытылып келе жатқанын жасырмады. Аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісов мектепті газдандыру жайы келесі жылға жоспарланып отырғанын, бүгінде оған арнайы жобалау-сметалық құжат әзірлеу керектігін жеткізді. Кәрім Нәсбекұлы: «жобалау-сметалық құжатты қайтадан әзірлеп қайтесіңдер, бұл жаңа құрылыс нысаны емес қой, екі шығынға ұрынбай екі метр жерде тұрған газ құбырын осы мердігер компаниямен келісіп, орнаттырып алуға болмай ма? Осылай бастама көтеріп, әрбір істің тетігін таба білу керек» деді аудан басшыларына тығырықтан шығудың жолын көрсетіп. Сөйтіп, сол мезетте аталған компанияның өкіліне «сый қылсаң, сыпыра қыл» дегендей мектепке газ құбырын жүргізіп беруін азаматтық тұрғыда тапсырды. «Бәрі де балаларымыздың бақыты, ертеңгі болашағы үшін» деді облыс әкімі. Самат Ақашев те елдің алдында берілген тапсырманы орындауға уәдесін берді. Сонымен биыл мектеп жөнделіп бітсе оқушылар екі ауысымнан бір ауысымға көшкелі отыр.
Облыс әкімі «Ақтоған» шаруа қожалығына келді. Елбасының Жолдауында жиі айтылып жүрген кластерлік жүйеге елден бұрын көшкен осы қожалық. Кәсіпкер Сайдхасан Ахаев егінді өзі егіп, өзі қазіргі заманғы элеваторларда сақтауға қойып, өзі ұқсатады. Осынау іргелі шаруашылықтың ауласында алдағы орақты күтіп, су жаңа бес астық комбайны тұр. Қостанайдан әкелінген шетелдік компаниямен бірлесіп шығарылған өнімділігі жоғары комбайндардың құны да жоғары екен, оның әрқайсысын 20-22 миллион теңгеден нақты ақшаға сатып алыпты. Ахаевтың салыққа да, халыққа да қарызы жоқ екенін естіген өңір басшысы: «Міне, нағыз кәсіпкер осындай болуы керек»,-деді ризалығын жасыра алмай. Сонымен қатар мұнда макарон өнімдерінің жиырмадан астам түрі шығарылады. Қожалық басшысы жуырда өнім түрін көбейту мақсатында итальяндық тағы бір құрылғының алынғандығын жеткізді. Ол іске қосылғанда тұтынушылар «Ақтоғанның» енді спагеттиі мен жайма нанынан дәм тататын болады. Мұндағы тауарлар арзандығымен де дараланады. Мәселен, екі келілік макарон базарда 380 теңге тұратын болса, мұнда ол небәрі 200 теңгеден сатылуда. Бір сөзбен айтқанда, «Ақтоған» шаруа қожалығы небәрі 28 тұрақты, 22 маусымдық жұмысшының көмегімен әжептәуір тірлік бітіруде. Облыс басшысы Елбасының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы тапсырмасының ауданда қалай орындалып жатқанын да назардан тыс қалдырмады. Ет пен сүт өндіруді жолға қойып отырған «Айдар» шаруа қожалығының шағын тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Каменка ауылының кіреберіс тұсында қымызханасы бар кәсіпкер Аманкелді Қабылхановты бұл төңіректе білмейтін жан жоқ. Оның өз мамандығы агроном, қазір зейнетте, бірақ үлкен ұлы Айдар екеуі отыз шақты бие мен он шақты түйе байлап, тәулігіне 250-300 литр қымыз бен шұбат өндіріп, сатып отыр. Мемлекеттен қаржылай көмекті ұдайы алып отыратын кәсіпкер Астана мен Алматы, Тараз қалаларында өткізіліп жүрген ауылшаруашылығы тауарларының жәрмеңкелерінен де қалмайды. Келесі кезекте облыс әкімі бастаған топ минералды су өнімдерін шығарумен айналысатын «Каз Инвест Астана» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Қызылшаруа ауылының ауызсу жүйесінің құрылысы да назардан тыс қалмады. Бүгінде ауданда 42 елді мекен бар болса, соның 12-сі сапалы ауызсумен қамтылған екен. Енді олардың қатарына Қызылшаруа ауылы қосылмақ. Мұнда су құбырын жүргізу жұмыстары өткен жылдың сәуір айында басталған. Биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Облыс әкімі Құлан ауылындағы 150 бүлдіршін тәрбиеленіп жатқан «Балдырған» балабақшасында да болды. Балабақша жеке кәсіпкерге қарайды. Жергілікті басшылар оны мемлекет қарауына сатып алу туралы оған бірнеше мәрте ұсыныс жасапты да. Бірақ кәсіпкер тым жоғары баға айтып отырса керек. Бұл мәселені жұмыс барысында шешу үшін Кәрім Нәсбекұлы аудандық құрылыс бөліміндегілерге нақты тапсырма берді. Ал, Луговой ауылында салынып жатқан 280 орындық жаңа балабақша құрылысы аяқталуға жақын. Мердігерлер бөлінген 502 миллион теңгенің 380 миллион теңгесін игеріп те қойыпты. Учаске бастығы Марат Жақашев құрылысты жыл аяғына дейін аяқтайтынын айтты. Облыс әкімі Луговой кентінен Қорағаты арқылы Тәтті ауылына өтетін жолды да арнайы барып көрді. Алайда, оның сапасына қынжылыс білдірді. Расында да Қорағаты, Қызылшаруа, Байтелі, Сәбденов ауылдарының халқы жолға қатысты шағым айтудан әбден жалықты. Жолды ағымдағы жөндеуден өткізуге жыл сайын қаражат бөлінеді. Бірақ, сол жол жөнделгенімен, бір жыл өтер-өтпестен қайтадан ұқыр-шұқыр болып шыға келеді. Биыл оларға 100 миллион теңгеден аса қаражат бөлініпті. Енді мердігерлер: «Биылша шағал, ал, келер жылы асфальт төсесек қайтеді?» деп отыр. Сонда тектен-текке шашылып жатқан мемлекет қаржысы бар ма? Оны неге ойламайды олар. Осыдан кейін облыс әкімі Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты Байтелі ауылының маңында орналасқан «Новое» көліне келді. Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі Серік Баймұратов аталған көлдің бүгінде халыққа пайдасынан гөрі, зияны басымдау болып тұрғанын жеткізді. 1984 жылы қызылша алқабын суару мақсатында құрылған көлдің қазіргі таңда ешқандай қажеттілігі болмай тұр. Бүгінде бұл аймақтың жері сортаң тартқандықтан, ешқандай егіс алқабы жоқ. Көлдің сыйымдылығы 5 миллион текше метр. Көктем айларында су көбейгенде көл арнасынан асып, жағалауды шайып кетіп жатыр екен. Әзірге мұнда тек балық аулануда. Алайда, ол балықтан да халыққа келіп жатқан пайда шамалы болса керек. Облыс әкімі аудан әкімдігінің мәжіліс залында сапар қорытындысына арналған актив жиынын өткізді. Онда Кәрім Нәсбекұлы аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда нәтижеден гөрі, шалағайлық басым екендігін баса айтып, аудан басшыларын сын тезіне алды. Ауданды аралау барысында бірнеше олқылықтың көзге көрініп тұрғанына қынжылды. «Ауданға көрік беретін билбордтардың барлығы ретсіз, кейбірі ескірген, жыртылған, жол белгілерінің сырлары көмескіленіп, жазулары көрінбей кеткен, ауылдың іші таза емес. Неге қарамайсыңдар?» деп қатқыл сұраған Кәрім Нәсбекұлы, осыған жауапты аудан әкімінің орынбасары Б.Әлпейісовті, бірқатар ауыл-кент әкімдерін орындарынан тұрғызып, орынды сын айтты. «Рас шаруа шаш-етектен. Алайда, Батыр Баукең айтқандай: «Тәртіпке бағынған құл болмайды». Сіздер жұмыс күндеріңізді неге тазалық пен тәртіптен бастамайсыздар? Тізбелей берсе, олқылық көп. Биыл ғой ҰБТ бойынша ең төменгі нәтиже бердіңіздер, мұны қалай түсінуге болады? Бүкіл дүниежүзі алға басып жатқанда, сіздердің кері кетіп жатқандарыңыз не? Өте нашар үлгерім көрсеткен мектеп директорларына қандай шара қолдандыңыздар?» деп аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиеваны орнынан тұрғызды. Ол: «Оныңыз рас, мектеп бітірушілердің білім деңгейі 18 мектепте талапқа сай емес. Мұғалімдердің 47 пайызы сырттай оқу орнын бітіргендер. Бұл олардың білім сапасының нашарлығын көрсетеді. Сондықтан мұғалімдердің 25 пайызының білімін жетілдіруге қол жеткіздік. Ал, нашар білім нәтижесі бойынша екі мектептің директорын орнынан алып, 9 мектеп басшысына әкімшілік жаза бердік», – деді. Облыс әкімі облыс бойынша экономика және өнеркәсіп саласын өркендету мақсатында атқарылып жатқан ауқымды істерге тоқтала келіп, жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық жобаларға тоқталды. Сонымен қатар өзінің облыс тізгінін қолға алған кезден бері ауылшаруашылығы саласын дамытуға, халықты тұрақты еңбекпен қамтуға баса назар аударып отырғанын жеткізді. Осыған орай атқарылып жатқан ілкімді істерден нақты мысалдар келтірді. Осы көштен қалмау үшін бүгінде әрбір ауданда барлық шаруаларға ауылшаруашылығын қолдау бойынша мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктерді, түрлі бағдарламаларды түсіндіру аса қажеттігін баса айтты. – Бүгінде халықтың дені несие десе, ат тонын ала қашады. Оны алып, шаруасын ширатудан қорқақтайды. Сондықтан, ауылшаруашылығы мамандары оларға жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Әр адаммен әр ауылдың әкімі сөйлесіп, халықты жаппай еңбекке жұмылдыру керек. Халыққа жұмыс істеңдер. Сүт бағытындағы шаруа қожалықтарының жұмысын жандандыруға ұйытқы болу қажет, – деп сөзін сабақтаған Кәрім Нәсбекұлы аудандағы шаруашылықтардың ірілендіру мәселесі мен сүт өндірудің жайын аудан әкімінің бірінші орынбасары Бейбіт Жайлыбаевтан нақтылап сұрады. Б. Жайлыбаев биыл жыл басынан бері 62 қожалықтың іріленгенін, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 109 ірі қара малдың сатып әкелінгенін тілге тиек ете келіп ауданда игерілмей жатқан жердің 23 мың гектарға жеткенін айтты. Сонымен қатар, облыс әкімі ауданда мал ұрлығының неге азаймай отырғанын сұрады. Осы орайда, жиналысқа қатысып отырған кәсіпкер С. Садықов: «Менің жыл басынан бері 68 бас бием, елуден аса сиырым, бір жарым мыңнан аса қойым ұрланды. Жергілікті полиция қайда қарап отыр?» деді ашынып. Оның бұл уәжіне аудандық ішкі істер бөлімінің басшысы Сәкен Әшімәлиев жауап берді. Ол: «Түскен он екі деректің сегізі ашылды» деді нақтылай сөйлеп. Бұдан соң С. Садықов жерге байланысты даудың шешілмей жатқанын да тілге тиек етті. Алайда, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2012 жылғы 12 қарашадағы шешімімен БТА банкке қойылған 197 азаматтың жер үлесінің өз иелеріне қайтарылғанын аудан әкімінің орынбасары Бейбіт Жайлыбаев айтып түсіндірді. Облыс басшысы аудан әкімін жергілікті кәсіпкерлермен тіл табысып жұмыс істеуге шақырды. Ал, аудан әкімі Жарылқасын Айтақов өз кезегінде 2011 жылдан бері қордаланып қалған проблемаларды оңды шешуге уәде берді. Облыс әкімі К.Көкірекбаев жиынды қорытындылай келе: «Кемшілікті көрмеген басшы басшы емес, оны жоя білген басшы нағыз басшы. Аудан әкімінің бұл қызметке тағайындалғанына әлі де көп уақыт өте қоймағанын білемін. Алайда, бұл жұмыстың ілгерілемей жатқанына нақты себеп бола алмайды. Сондықтан, бір ауданды сеніп тапсырған соң сенімнің үдесінен шығу үшін аянбай еңбек ету керек» деді. Сонымен қатар, жиында, облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиев, облыстық білім басқармасының басшысы С.Құрманбекова, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Байтелиев және басқалар сөз алып, өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын сөз етті. Өңір басшысымен бірге осы сапарда облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Қарашолақов, облыс әкімінің орынбасары М.Жолдасбаев та болды.
Сейсен Қожеке, Фариза Әбдікерімова, «Ақ жол».
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- Бүгін, 14:19
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді