«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ала жаздай ән салма

Ала жаздай ән салма
ашық дереккөз
Ала жаздай ән салма

Ала жаздай қолды қусырып, алаңсыз отыруға болмайды. Жаздың алғашқы айы да аяқталып келеді. Екі айдан соң, жиын-терін науқаны, одан әрі «басқан жері сықырлап» қыс та келіп қалады. «Біздің Оңтүстік өңір жылы деп», бейқам отыруға әсте болмайды. Шанасын жазда сайлай алмағандар қыста опық жейді. Оны аязды қыс талай рет дәлелдеген. Облыс жұртшылығы жылу беру науқаны кезінде әр жылдары қайсыбір өңірлер де жылу қазандықтары істен шығып, төтенше жағдай орын алғанын ұмытқан жоқ.

Облыстық әкімдікте жыл сайын жылыту маусымы аяқталысымен алдағы науқанды ұйымшылдықпен өткізу мақсатында облыстық штаб құрылады. Биыл да науқан аяқталысымен осындай штаб құрылып, облыстық әкімдікте алғашқы отырысын өткізгенін оқырмандарға хабардар еткенбіз. 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына орай жасақталған облыстық штабтың көшпелі отырысы кеше Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында өтіп, оған Жамбыл, Жуалы және Байзақ аудандары әкімдерінің орынбасарлары және науқанға жауапты облыстық басқармалардың, мекемелердің жетекшілері қатысты. Оның отырысын облыс әкімінің бірінші орынбасары, штаб төрағасы Бекболат Орынбеков ашып, алда тұрған аса жауапты науқанға тас-түйін дайын болу қажет екенін еске салды. Облыстық әкімдіктің энергетика, тұрғын үй және коммуналдық-шаруашылық басқармасының басшысы Мұхтар Төлеулиев хабарлама жасады. Алдағы жылыту науқанын ұйымшылдықпен өткізуге бірден-бір жауапты басқарма басшысы бірінші кезекте қандай нысандарды дайындау қажет екенін, оның бүгінге дейін қанша пайызы дайын болғанын нақты деректермен баяндап шықты. Одан әрі ол үш ауданда атқарылған және алдағы уақытта іске асырылуы тиіс жұмыстарға жеке тоқталды. Жуалы ауданындағы Шақпақ ата ауылындағы Сағындықов атындағы орта мектептің үшінші қабатындағы дәліздің төбесінен және жылу жүйелерінен су аққан. Орны сарғайып тұр. Шатырдағы жұмсақ жабындының тозығы жетіп, кейбір жерлері көтеріліп, ашық-шашық жатыр. Күреңбел және Б. Момышұлы ауылдарындағы Күреңбел және Д. Қонаев атындағы орта мектептерде де жағдай мәз емес. Мұндай мысалдарды Байзақ және Жамбыл аудандарындағы бірнеше орта мектептерден де келтіруге болады. Хабарламашы «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС 2014 жылғы 24 маусымдағы мәліметі бойынша Байзақ ауданы 4771 650, 19 теңге, Жамбыл ауданы 13 056 399, 64 теңге және Жуалы ауданы 392 250, 84 теңге берешек екенін алға тартты. Сондай-ақ, ол санитарлық тазалық және сумен қамтамасыз ету туралы да әңгімеледі. Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандары әкімдерінің орынбасарлары Әзімхан Қилыбаев, Самат Қабылбеков және Нарбай Ергебеков 2014-2015 жылдардағы жылыту маусымына дайындық барысы жайлы қосымша хабарлама жасады. Салаға жауапты орынбасарлардың сөздеріне қарағанда бәрі жақсы, ойдағыдай сияқты. Алайда, олар облыс әкімінің бірінші орынбасарының қойған сұрақтарына мардымды жауап бере алмай мүдіре берді. Сіздер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік мекемелер, мәдениет және спорт салаларына қарасты нысандарды ғана жылытумен қамтамасыз етуге жауаптысыздар. Аудандарыңызда көпқабатты тұрғын үйлер жоқ, – деп мәселені қабырғасын қойып, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен тиісті басқарма, мекеме басшыларының алдына алдағы жауапты науқанды ұйымшылдықпен өткізу үшін бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар