«Ақ жол» журналистері алда!

«Ақ жол» журналистері алда!
ашық дереккөз
«Ақ жол» журналистері алда!

Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай, Тараз қаласының әкімі Нұржан Календеров бір топ журналистерді қабылдап, кездесу өткізді. Қала басшысы өз сөзінде журналистердің ел дамуындағы елеулі еңбегіне тоқталып, мерекелік тілегін арнады. Қаланың қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген журналистерді Алғыс хатпен марапаттап, арнайы сыйлықтар табыс етті.

Кездесуде облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, «Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының төрағасы Көсемәлі Сәттібайұлы сөз алып, алдымен өңірде үлкен армияға айналған журналистерге көрсеткен құрметі үшін алғысын білдірді. Көсемәлі Сәттібайұлы сондай-ақ «Қазақстан Журналистер одағы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жұмысы қайта жанданғанын тілге тиек етіп, осы бағытта қала әкімдігін бірлесе жұмыс істеуге шақырды. Бұл ұсынысқа байланысты қала әкімі Н. Календеров қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Кездесу барысында Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің мерекесіне орай, жас журналистер арасында өткен «Жастар – жаңашылдықтың жаршысы» атты қалалық байқаудың да қорытындысы шығарылды. Мемлекеттік жастар саясатын кеңінен қамтып көрсету мақсатында өткізілген байқаудың бас жүлдесін «Ақ жол» газетінің тілшісі Фариза Әбдікерімова иеленді. Тағы бір әріптесіміз, «Ақ жол» газетінің бөлім меңгерушісі Тұрсынбек Сұлтанбеков бірінші орынды қанжығаға байлады. Екінші орынды облыстық «Арай» газетінің тілшісі Саятхан Сатылғанов еншілесе, қос бірдей үшінші орынды қалалық «Жамбыл Тараз» газетінің тілшілері Арайлым Шәбденова мен Наурызбек Саршаев қанағат тұтты. Сол сияқты «Қазақстан-Тараз» телеарнасының редакторы Берік Жакулаев «Үздік хабар», «31 арнаның» меншікті тілшісі Нұрадин Рақай «Үздік бейне», «Астана» телеарнасының меншікті тілшісі Данияр Әлімқұлов «Үздік тілші» аталымдары бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табыс етілді.

«Ақ жол-Ақпарат».

Суретті түсірген Алтынбек Қартабаев.

Ұқсас жаңалықтар