Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында туған жерге туын тіккен азаматтар қолдарынан келгенше қайырымды тірліктер атқаруда. Бүгінде Тараз қаласында меценаттар клубы құрылып, еліне жанашыр жандар жаңашыл бастамалардың басы-қасынан табылуда. Шаһардағы «Мыңбұлақ» ықшам ауданында жаңа спорт алаңшасы бой көтерді. Жалпы көлемі 40х24 шаршы метрді құрайтын, биіктігі 4 метрге жететін нысанға жұмсақ резеңке түйіршіктері төселіпті. Мұнда ауладағы балалар баскетбол, шағын футбол, волейбол секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының 30 пайызы 2020 жылға дейін тұрақты түрде бұқаралық спортпен айналысуы қажеттігін ұдайы айтып келеді. Осындай спорт алаңшаларының салынуы – тапсырманың орындалуы. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, спорт алаңшасы белгілі меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров басқаратын «Қазфосфат» ЖШС-ның жеке қаражаты есебінен салыныпты. Балалар игілігіне берілген нысан ресми ашылу салтанатында Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет сөз сөйлеп, бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлаған Мұқаш Ескендіровке ризашылығын білдірді. Сондай-ақ ол қайырымды азаматтың өзге де айтулы шаралардың, жақсы істердің қасынан табылып жүргенін айтып өтті. Шаһар басшысының сөзінше, есімі елге белгілі азаматтардың демеушілігімен осындай алаңшалар алдағы уақытта да салынатын көрінеді. «Қазфосфат» ЖШС бас директорынан спорт алаңшасына қанша қаржы жұмсалғанын сұрағанымызда: «Оны айтпай-ақ қояйын. Ең бастысы, бүлдіршіндердің игілігіне жараса болды», – деді ол. Соңында балалар жаңа нысанда футбол, волейбол, баскетбол ойындарын ойнап, құмарларынан шықты.
Т.Мұсылманқұл
Тараз қаласы
Ұқсас жаңалықтар
Жамбылдық орманшы отқа оранған көліктен 4 адамды аман алып шықты
- 23 қыркүйек, 2024
Ақпарат
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Қазір қолдағы телефонға да қуат керек заман - Қадырбеков
- 22 қыркүйек, 2024
Алматылық қос азаматтың жазасы жеңілдетілді
- 30 тамыз, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді