«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

ҚҰРЫЛЫС ҚҰНЫН ҚЫМБАТТАТУҒА ЖОЛ ЖОҚ

ҚҰРЫЛЫС ҚҰНЫН ҚЫМБАТТАТУҒА ЖОЛ ЖОҚ
ашық дереккөз
ҚҰРЫЛЫС ҚҰНЫН ҚЫМБАТТАТУҒА ЖОЛ ЖОҚ

Әр нәрсенің өз өлшемі бар. Сол секілді құрылыс нормативтері мен тәртібіне сәйкес білім беру нысанының да бір оқушыға арналған көлемі – 16,85 шаршы метрден аспауы тиіс. Алайда осы уақытқа дейін облыста жүзеге асқан жобаларда бұл норматив мүлдем сақталмай келген. Ол өз кезегінде құрылыс құнының еселеп қымбаттауына әкеліп соққан. Нақты мысалдар келтірсек, Сарысу ауданының Досбол ауылында 50 орындық негізгі мектеп құрылысына дайындалған жобалық-сметалық құжаттамада норматив бойынша 842 шаршы метр болуы тиіс ғимараттың құрылыс алаңы 1477 шаршы метрге бір-ақ жеткен. Нәтижесінде құрылыс құны 130 миллион теңгеге қымбаттап, небәрі 50 орындық білім ошағының жалпы құны 304 миллион теңгені құраған. Сол секілді, Меркі ауданының Тескентоған ауылындағы 150 орындық мектеп құрылысы 2527 шаршы метрді құрауы тиіс болса, іс жүзінде 3271 шаршы метр пайдалануға беріліп, ғимарат құны 126 миллион теңгеге қымбатқа түскен. Ол білім ошағына жұмсалған қаржы көлемі сонымен 554 миллион теңгеге жеткен. Бұл тізім осылайша бірер білім ошағымен тыйылып қалса мейлі ғой. Облыс бойынша мұндай нысандар саны 22 екен. Әсіресе соңғы бірер жылда Таразда тұрғызылған кейбір көп қабатты тұрғын үйлердің сапасына тұрғындар тарапынан шағымдар аз айтылмайтыны жасырын емес. Әр шаршы метрі қомақты қаржы тұратын пәтердің сапалы болуын талап ету – заңдылық. Өкінішке қарай, жылжымайтын мүлік кілті иесінің қолына табыс етілген соң мердігерлер ондағы кемшіліктерді жою тұрмақ, тұтынушының шағымына құлақ та аспайды. Енді бұдан былайғы уақытта жобалау және құрылыс жұмыстарындағы осы және өзге де бірқатар кемшіліктердің орын алуына тосқауыл қойылмақ. Бұл жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Әбдіралиеваның, облыс әкімінің кеңесшісі Еркебұлан Даулыбаевтың, облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Рахман Аққозиевтің қатысуымен облыстық баспасөз орталығында «Бюджет заңнамасының тиімділігін арттыру» тақырыбында журналистермен өткен брифингте мәлімдеді. Сандуғаш Ермаханқызының айтуынша, бұдан былай үш жылдық бюджетте қамтылмаған жобаларға ЖСҚ немесе ТЭН әзірленбейді. Мәселен, бүгінде облыста білім беру саласы бойынша 65 ЖСҚ әзірленіп жатқан көрінеді. Бірақ талдау жүргізу барысында оның барлығы үш жылдық бюджетке енгізілмегені анықталған. Сондықтан енді алдымен нысанның қажеттілігі мен бірінші кезектілігі дәлелденбеген жобаларды дайындау тоқтатылып, тек қажеттілігі негізделген, үш жылдық бюджетке енгізілген жобалар ғана қолға алынбақ. Ал келесі жылдың шығындарын жоспарлау бұрынғыдай жыл соңына дейін емес, ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жүргізіледі. Сондай-ақ құрылыс нысандары көлемінің сақталуы да қатаң бақылауда болады. Ол үшін ЖСҚ әзірленіп, жобалаушыдан тапсырыс берушіге өткізілгеннен кейін тапсырыс беруші жобаны мемлекеттік сараптаманың қарауына ұсынудың алдында міндетті түрде ЖСҚ-ның техникалық көрсеткіштерін облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілерімен келісетін болады. Егер ЖСҚ сапасыз жасалса, оны қайта жасау немесе түзету, сараптамадан өткізу жобалаушының есебінен жүргізіледі. Бекітілген ЖСҚ-да көзделмеген, қосымша қаржыны қажет ететін құрауыштарды енгізуге бюджет комиссиясының қарауынсыз және ұсынуынсыз жол берілмейді. Жалпы облыс бойынша бүгінде 299 ЖСҚ әзірленуде. Оның ішінде алдын ала құны анықталған 133 жобаға жүргізілген талдау нәтижесінде 18 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемделмек. Бұл ЖСҚ-ны оңтайландыру және коммуналдық меншіктегі пайдаланылмай бос тұрған ғимараттарды бейімдеу арқылы іске аспақ. Ендігі кезекте тауарларды, жұмыстарды, қызмет көрсетуді мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарттарда форс-мажорлық жағдайды қоспағанда, шарттағы міндеттемелерді бұзғаны үшін өнім берушіге айыппұл салынатын болады. Өнім беруші келісімшартты орындаудан бас тартқан жағдайда ол тапсырысшыға келісімшарт құнының 10 пайызын тұрақсыздық айыппұлы ретінде төлейді. Қазір келісімшарттарда кепілдік мерзімі 3 жыл болса, енді ол 5 жылға дейін ұзартылып, мердігердің жауапкершілігі күшейтіліп отыр. Мердігер кепілдік мерзімі ішінде қолданыстағы нормативтерге сәйкес пайдалану нәтижесінде орын алған нысанның барлық кемшіліктері мен ақауларын өз қаражаты есебінен жоюға міндетті. Нысанда кемшіліктер мен ақаулар кепілді мерзім ішінде анықталса, мердігер тапсырыс берушіге кепілді мерзіміндегі жылға байланысты оларды жою үшін қажетті жұмыстар мен тауарлардың құнынан бірінші жылы – 20, екінші жылы – 15, одан кейінгі жылдарда 10 пайыз көлемінде тұрақсыздық төлемін төлейтін болады. Жаңадан енгізіліп отырған бұл талаптар мердігерлердің жауапкершіліктерін ғана емес, жүргізілген құрылыстардың да сапасын арттырады деп күтілуде. Қазынаның қаржысын еселеп қарпуға ұмтылған кейбір мердігерлер мен өзге де қатысы бар лауазым иелерінің де құйтырқы істеріне тосқауыл қойылары сөзсіз. Брифинг соңында Сандуғаш Әбдіралиева мен лауазымды тұлғалар журналистердің сұрақтарына жан-жақты жауап қайырды.

Эльвира Жарылқасынова

Ұқсас жаңалықтар