Өмір

Өмір
ашық дереккөз
Өмір

Алаңсыз асықпаулар, амалсыз кешігулер... Еркелік есіру мен еріксіз кешірулер.

Тереңге батырулар... биіктен құлатулар... Күйікпен жұбату һәм күлкімен жылатулар.

Шырайлы қалаулар мен шынайы ұнатулар... Сұрықсыз үзілу мен сыпайы ұласулар.

Майдансыз қырқысулар... мылтықсыз оқ атулар... Ізетті сыйласулар, ізгілік орнатулар.

Керіге шегінулер... кейінге ығысулар... Кемсітіп ұмытулар, кең пішіп ұғысулар.

Келесі көрісулер... кезекті танысулар... Беймаза тарасу мен бейуақ табысулар.

Үнсіз бір қыстығулар... үздіксіз солықтаулар... Әдемі тауып бару, әдейі жолықпаулар.

Өткелдік ауысулар... өкпесіз достасу бар... Құшақтап қауышулар, қол қысып қоштасулар.

Арнайы кездесулер... аяулы кезігулер... Ардақты сезімдер мен аялы сезінулер.

О, Өмір! * * *

Саябақта сәл қыдырып, артынша, Өлең оқып отырушы ем ақынша.

Сүюші едім сезімімен шайырдың, Сан қайғымды кірпігіңмен қайырдың.

Өлең оқып ұялтушы ем жүзіңді, Төмен қарап тыңдаушы ең күз-үнді.

Түнді шашып жіберуші ең күлкіңмен, Жинай алмай жатушы еді күн, түнмен.

«Қайта келу көрсетер деп ұстамын» Айтушы едің қайтқандығын құстардың.

Қуарғаным... көктегені тек менің, Қуанғаным құстан бұрын жеткенің.

Жанарымнан шашыратып желге мұң, Жаралы һәм отырғаным: «Кел дедің».

Құлаушы едің құшағымды аспан деп, Жылаушы едің: «Құса мына басқан» деп.

Жылаушы едің аппақ сәулем, ай тамақ, Күз нөсерін жанарыңмен қайталап.

Қайғырғаным сарынындай қобыздың, Қалып кеттің қанатында со күздің!

* * *

Айтып тұрып, айта алмауды қарашы, Қайтып тұрып, қайта алмауды қарашы.

Құрғыр тілдің байлануын қарашы, Құрдым күннің айналуын қарашы.

Күшпен күйік, шер төнуді қарашы, Іштен күйіп, өртенуді қарашы.

Көктемімнің күз болуын қарашы, Көз жасымның тұз болуын қарашы.

Жүрегіңнің мұз болуын қарашы, Тілегімнің жүз болуын қарашы.

Зарығымның мұң болуын қарашы, Жарығымның түн болуын қарашы.

Жегір ойдың хас болмауын қарашы, Жегенімнің ас болмауын қарашы.

Басқалардың жүрісіне қарашы, Қасқалардың күлісіне қарашы.

Алып ұшып, асығуды қарашы, Әрі құшып, бас ұруды қарашы.

Наласы жоқ кіл қауымды қарашы, Қарашы деп тынбауымды қарашы.

Қараңғыңа күн қонбауын қарашы, Қарағаның шын болмауын қарашы!

8Данияр Әлімқұл.

Ұқсас жаңалықтар