«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өңірде өнеркәсіп өндірісі өркендеуде

Өңірде өнеркәсіп  өндірісі өркендеуде
ашық дереккөз
Өңірде өнеркәсіп өндірісі өркендеуде

Тәуелсіздік жылдарында индустрияландыру бағдарламасының арқасында облыста 163,0 миллиард теңгеге 56 жоба жүзеге асырылып, 6,5 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылыпты. Бұл – осыншама кәсіпорын іске қосылды деген сөз. Олар өндірген өнім көлемі облыстың жалпы өнеркәсіптік өнімінің 12,5 пайызын құрайды. Өңіріміздің инвестициялық тартымдылығының бірнеше негізгі себептері бар. Оның біріншісі – облысымыз бен онымен көршілес 3 облыста 8,2 миллион халықтың орналасуы. Екіншісі – көлік логистикасы. Бүгінде облыс аумағы арқылы Орталық Азия, Кавказ және Ресей елдері арасында тауар тасымалын қамтамасыз ететін бірқатар халықаралық көлік дәліздері өтеді. Үшіншісі, әрине, өңірімізде өндіріске қажетті шикізат қорының жеткілікті екендігі. Соңғы жылдары өнеркәсіп өндірісі мен жалпы өңірлік өнім әлденеше есеге өсіп отыр. Бұған өткен жылдың көрсеткіштері арқылы да айқын көз жеткізуге болады. Аталған мерзім ішінде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 367 930,5 миллион теңгенің өнімін өндірген. Яғни өңірде өнеркәсіп өнімдерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 6 пайызға өсіп отыр. Жалпы өндірілген өндірістік өнім көлеміндегі үлестік көрсеткіш тау-кен өндіруде 11,9, өңдеу өнеркәсібінде 69,3, тамақ өнімдерін өндіруде 20,1, мұнай өнімдерін өндіруде 1,2, химия өнеркәсібінде 25,2, жеңіл өнеркәсіпте 0,8, металлургия өнеркәсібінде 10,1, машина жасау саласында 2,2 пайызды құрады. Аталған кезең ішінде өндірілген өнім көлемі едәуір артып, химия өнеркәсібінде 147,2, жеңіл өнеркәсіпте 111,6, басқа металл емес минералды өнімнің өндірісінде109,2, металлургия өнеркәсібінде 117,9, дайын металл бұйымдарының өнімінде 110,0, машина жасау өндірісінде 119,7 пайызға асыра орындалғанын атап өткен жөн. Аумақтық кесімдегі өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2016 жылмен салыстырғанда, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Мойынқұм, Сарысу, Т.Рысқұлов, Талас, Шу аудандарына біршама өскені байқалуда. Ал Тараз қаласындағы кәсіпорындар есепті кезеңде 229 701,9 миллион теңгенің өнімін өндіріп, өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 103,8 пайыздық көрсеткішке қол жеткізген. Егемендіктің алғашқы жылдарында «Қазфосфат» ЖШС қала түзуші жалғыз кәсіпорын болғаны белгілі. Қазіргі таңда елімізде, оның ішінде облысымызда, кең ауқымда жүзеге асырылып жатқан индустрияландыру бағдарламасы аясында оның қатары жылма-жыл ондаған жаңа өндірістік құрылымдармен толығу үстінде. Өңірдің жерасты қазба байлықтары мен мол шикізаттық қоры игеріліп, ел игілігіне жұмсала бастады. Жамбыл жері бүгінде еліміздегі ірі аграрлық-өндірістік аймақтың біріне айналып отыр. Бұл, сөз жоқ, тәуелсіздігіміздің жемісі. Бұған тек қуануымыз керек.

Талғат ШАЛДАРБЕКОВ, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және инустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар