18 наурыз өңірімізде «Шашу» күні болып белгіленген. Бұл күні «Ұлттық мереке – ұрпаққа өнеге» атты шараны Тараз қаласы әкімдігі білім беру мен мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері бірлесіп ұйымдастырды. Қалалық Мәдениет үйінің алдына сурет көрмесі қойылып, ұлттық киім киген көпшіліктің келуі мереке мәнін аша түсті. Әуелі Тараз қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары концерттік бағдарламасын ұсынды. Сахнада күй күмбірлеп, ән қалықтады. Кейін «Әжелер», «Ардагерлер» және «Ақ мерей» ансамблдері өнер көрсетіп, көпшіліктің ықыласына бөленді. Аталған өнер ұжымдарының сүйемелдеуімен халық әндері шырқалып, Кенен мен Шәмшінің саздары тұла бойға рух болып тарап жатты. Шара барысында мектеп оқушыларының «Жаңа жыл келді жарқырап» атты көрмесі ұйымдастырылды. Оған Тараз қалалық балалар көркем өнер мектебінің шәкірттері өздері салған 50 картинаны ұсыныпты. Бұл шығармаларда Наурыз нақыштары, көктемнің сұлулығы, табиғаттың тамашалары, мейірім мен жылылық, халқымыздың даналығы мен парасаты, ізгі қаситтері көрініс тапқан. – Сурет көрмесіне қатысуда бейнелеу өнеріне бейімді балғындардың ықыласы өте жоғары болды. Сондықтан көпшілік 50-ге жуық картинаны тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл өнерлі балалардың барлығының шығармаларын жақсы бағалаймыз. Бәрі де Ұлыстың ұлы күні – Наурыздың болмысын аша білген. Балалардың қадамы қуантады, –дейді қалалық балалар мен өнер мектебі директорының орынбасары Жадыра Тоқжігітова.
Есет ДОСАЛЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді