«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Ұтымды шартпен несие алған ұтылмайды

Ұтымды шартпен  несие алған ұтылмайды
ашық дереккөз
Ұтымды шартпен несие алған ұтылмайды

Елбасының жаңа әлеуметтік бастамалары – ел игілігіне арналған әлеуетті жобалар. «Достық» үйінде өткен дөңгелек үстелге қатысқандар «Президентің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін осылай деп бағалады.

Көпшілікке Мемлекет басшысының бес бастамасының маңызын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылған Қазақстан халқы Ассамблеясының бірыңғай күні аясындағы басқосуға этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен өкілдері, аналар, ақсақалдар және қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері қатысты. Жиында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Маржан Қожаева Елбасының сындарлы саясатына тоқталды. – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес әлеуметтік бастамасы – халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуді көздейтін, экономикалық қуатты мемлекет қалыптастыруды мақсат еткен сындарлы саясатының жалғасы. Тұрғын үйге қолжетімділікті арттыратын, жоғары білім сапасының артуы мен шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған бастамалар жастарға бағытталған десек, артық айтпаймыз. Екінші жағынан, бұл жастарға жүктелер жауапкершіліктің артқанын көрсетеді, – деді Маржан Төреғұлқызы. Жиында Ұлттық банк Жамбыл филиалының экономикалық талдау және статистикалық бөлімі басшысы К.Қырғызбаева мен «Қазақстан тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалы бизнесті дамыту бөлімінің басшысы Б.Құттыбаев «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бірінші бастама бойынша тұрғындарға қандай жеңілдіктер берілетінін түсіндірді. – «7 – 20 – 25» бағдарламасы барша қазақстандықтардың, әсіресе жас отбасылардың қысқа мерзімде тұрғын үй бағасының бестен бір бөлігін жинап, төмен пайыздық мөлшерлемемен баспаналы болуларына мүмкіндік береді. Әлемнің дамыған елдерінің мегаполис қалаларында тұрғын үй мәселесі әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Ипотекаға баспана алу – әлемдік тәжірибеде бар, ал мемлекеттің парызы – азаматтарына ұтымды шартпен несие ұсыну. Мемлекет басшысы айтып өткендей, бұған дейін тұрғын үйдің қолжетімділігі үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Көптеген қазақстандықтар сол арқылы баспана бақытына ие болды. Десе де тұрғын үй кезегінде тұрғандар әлі аз емес. Жаңа бағдарлама соларға үлкен үміт, зор мүмкіндік сыйлап отыр, – деген К.Қырғызбаева Ұлттық банктің тиісті орындармен бірлесіп, бағдарламаның тетіктерін қарастырып жатқанын тілге тиек етті. Басқосуда М.Х.Дулати атындағы ТарМУ заң факультетінің деканы, заң ғылымының кандидаты, доцент Қайрат Нұрманбетов «Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» және «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» тақырыбында сөз қозғады. Сондай-ақ «Асату» ЖШС директоры Болат Жетпісбаев «Шағын несие беруді көбейту», «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының бөлім басшысы Абыл Юсупов «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты төртінші, бесінші бастамалардың тиімділігіне тоқталды.

Жанғазы АХМЕТ

Ұқсас жаңалықтар