Рүстем ҚАЙЫРТАЙҰЛЫ, айтыскер ақын:
Тараз төрінде жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туған күніне және Қазақ телевизиясының 60 жылдық мерейтойына орай «Жамбыл – менің жай атым, xалық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы өткен болатын. Жыр аламанында бас жүлде шығыстың шайыры Рүстем Қайыртайұлына бұйырған-ды. Талай додаларда шашасына шаң жұқтырмай, биік белестерді бағындырып жүрген ақынмен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Сіздің әкеңіз де, ініңіз де өлең-жырға жақын. Бір үйде үш ақын бар деп естиміз... – Біздің үйде үш емес, бес ақын бар. Мен өнерлі отбасында дүниеге келгенмін. Анам – әнші, әкем – ақын. Бауырларымның біреуі – актер, екіншісі – журналист. Өзіміз бес ағайындымыз. Бәрі де осы саланың басы-қасында жүр. Айтыс, ән-күй дегенде, ішкен асымызды жерге қоямыз. Біздің қабылдауымыз бойынша, өнер – өмірдің өзі. – Елімізде бабадан балаға мирас болып жеткен төл өнерімізді өрістетуге не жетпейді деп ойлайсыз? – Меніңше, елімізде ұлттық өнерді насихаттауға барлық жағдай жасалған. Енді бізге керегі – тек білім. Ақындар ізденсе, айтысқа шығар алдында көбірек дайындалса, тақырыпқа сараптама жасай білсе деймін. Берілген тақырыпты жан-жақты ашып, бетін қалқып өтпей, тереңнен толғануы керек. Елді күлдіремін деп, бүлдіріп алмаса игі. Бізге айтыста айтатын ойымыздың көркем болғаны керек. – Ықылым замандағы ақындар күн ұзаққа айтысатын болған. Өткен уақытқа оралайықшы. Сіз сол кезеңде өмір сүрсеңіз, кіммен айтысар едіңіз? – Дұрыс айтасың. Біздің алдымызда айлап, апталап айтыс жасалатын кезеңдер өткен. Ол заманда мүмкіндік мол болған шығар. Қазір адамдардың уақыты жоқ. Асығыс. Сондықтан айтыс та заманға сай ықшамдалды. «Тамшыдан теңіздің дәмін білесің» деген бар. Ақындар бір минуты он минутқа татитындай айтыс жасауы керек. Уақытты құр жібермей, әр айтқан сөзі халыққа ой салатындай болуы тиіс. Кіммен айтысқан болар едім?.. Ол туралы ойланып көрмеппін. Бірақ кейде қаланың тар тіршілігінен шаршағанда, бір-екі ғасыр бұрын өмір сүргенімде деген ой болатыны рас. Ол дәуірде дәл осы қалпыммен дүниеге келсем, Кәрібай ақынмен айтысар едім, Боқбасар бимен сөз таластырар едім. Өмірімде бір рет болсын Жамбыл Жабаевты көрсем, арманым болмас еді. Мүмкін, айтысқа да түсетін шығармыз... Біз үшін аңыз адам ғой. Жәкеңнің тірі кезін көрсем деген арманның бір минутын бір жылға қиюға бармын. Осы – менің орындалмайтын армандарым. Десе де өткенге құрметпен қарамасаң, келешегің жарқын болмайды. Бұл – отбасымнан алған тәрбием. – Қазіргі айтыскерлердің ішінде сайысқа түсуден сескенетін ақыныңыз бар ма? – Маған ауыр қарсылас болған ақын біреуге жеңіл қарсылас болып көрінуі мүмкін. Меніңше, барлық ақынның осал тұсын тауып, ыңғайыңа келтірсең, именетін түгі жоқ. Егер «Мынау маған ауыр қарсылас» десең, демек, сенің ол ақын туралы ақпаратың жоқ деген сөз. Бәсекелесіңді дұрыс зерттемегеніңнің көрінісі. Айтқым келгені – ауыр қарсылас деген болмайды, тек айтысқа түскелі тұрған әріптесіңнің табиғатын дұрыс меңгере алмағандықтан, осындай жағдайлар болып тұрады. Бұрын мені: «Қарсыласым кім болады, қазір қалай айтысамын?» деген ой мазалайтын. Уақыт өте келе, жинаған білімім мен тәжірибемнің арқасында ауыр қарсыластарым жеңіл қарсыласқа айналып келе жатыр. – Алғашқылардың бірі болып өнер көрсеттіңіз. Айтыс сахнасында бірінші бастаған ыңғайлы ма, әлде барлық айтыскерлердің айтысын көріп, соңында өнер көрсеткен қолайлы ма? – Сахнаға қай кезде шықсаң да, ең бастысы айтыс жасай білу керек. Ал қалғанының бәрі де ғайып дүние. Баққа байланысты. Кейде елдің соңында шығып, бірінші айтысқан жұптың деңгейіне жете алмай қалуымыз мүмкін. Ал кейде дәл осыған кереғар жағдайлар орын алып жатады. – Мықты айтыскер ақын болу үшін кімнің мектебін көрген дұрыс? – Жақында жас айтыскерлердің додасына бардық. Елу төрт ақынның ішінен он алты ақынды, яғни сегіз жұпты іріктеп алыпты. Шыны керек, көңілден шықпады. Үміт ақталмады. Неге? Өйткені жастар ізденбейді. Бәрінің айтатын ойы бір. Жалпылама шолу жасап, сүттің бетіндегі қаймағын ғана жейді. Бірақ сүтті ішу керек қой. Бір ғана мысал, «Жастарымыз Қытайға кетіп жатыр, қыздарымыз өзге елдің азаматына тұрмысқа шығуда» дейді. Бірақ «Олар неге өзге мемлекетке кетуде, мүмкін қандай да бір себеп бар шығар?» деген сұрақты жауапсыз қалдырады. Депутаттардың бәрі бірдей ұйықтап жатыр, жұмыс істемейді деп айта алмаймыз. «Бір анадан ала да, құла да туады» деген аталы сөз бар. Бес саусақ бірдей емес. Мүмкін, билікте кемшілік бар шығар. Бас салып жамандай беруге біздің қақымыз жоқ. Оқ атқан деген осы екен деп, орманға қарата атуға болмайды. Қасқырға атқан оғың аққуға тисе, ол қиянат. Айтыста да аузыңнан шыққан әр сөзіңе дәлел керек. Елімізде болашақ үшін, экономиканың өркендеуі үшін жасалып жатқан істер аз емес. Сондықтан ойды қорытып алған мақұл. Жас ақындар осыны ескерсе екен. «Ұпай аламын, қошеметке бөленемін» деп өзі білмейтін тақырыпқа тұмсық сұғып қажеті жоқ. Көрпеңе қарай көсіл, шамаң жеткен жағдайды айт. Саған ешкімнің қарсылығы жоқ. Оқы, ізден. Адам бірінші өзін тәрбиелеуі тиіс, содан соң ғана отбасыңа, басқаға үлгі бола аласың. – Бір сұхбатыңызда: «Айтыс – менің хоббиім» депсіз. Айтыстан басқа табыс көзі бар ма? – Айтыс – менің жанымның бөлшегі. Өте ауыр жанр. Сондықтан айтысқа өмірін арнайтын жандар көп емес. Қазақстанда жүздеген, бәлкім мыңдаған әнші бар. Ал айтыскерлердің саны ары кетсе елу. Көрдіңіз бе? Әншілер айтыскер болып кетпейді, бірақ айтыскерлер әнші бола алады. Бір айтыстан алған жүлдең сол күнгі жолақыңа, тіктірген киіміңе жетпей қалуы мүмкін. Мәселе мұнда емес. Жасаған ісіңнен ләззат ала білуде. Өзім айтысқа жиі шығамын. Бір жағынан – жұмысым, екінші жағынан – хоббиім. Әрі табысым. Ашық айтайын, айтыстың нанын адал жеп отырмын. Бұдан өзге қазақтың тойы, түрлі дәстүрлері бар. Сыйлап шақырған жерден қалмаймыз. – Тарихпен тамырлас Тараз шаһары қандай әсер сыйлады? – Тараз – қазақтың тарихи төлқұжаты. Тарих бар жерде, Тараз бар. Аспан мен Жер пайда болғалы бері жаратылған дүниелер болады. Тараз да сондай. Таразға жиі келемін. Халқының қошеметі ұнайды. Реті келгенде міндетті түрде атбасын Таразға бұрамын. Фирдоуси: «Сергітер жүрек жарасын, мөп-мөлдір көздің қарасын, Тараздан ғана табасың» деп текке айтпаған. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Мөлдір ҚУАТҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді