«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Астананың тойында қарындаспен, Аға болып жүрейін түгелденіп»

«Астананың тойында қарындаспен,   Аға болып жүрейін түгелденіп»
ашық дереккөз
«Астананың тойында қарындаспен, Аға болып жүрейін түгелденіп»

Облыстық «Aq jol» газеті мен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы бірлесе қолға алған «Арқа төсіндегі арман қала» атты Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған газет-айтыс жалғасуда. Газетіміздің 20 ақпан күнгі №21 санында Сарысудың саңлағы Алик Бекмұсаев тізгінді қолға алып, екінші жұптың айтысын бастап берген болатын. Одан соң Аликтің қарсыласы Райхан Алмасбекқызына (3 наурыз күнгі газет) тізгін тиген. Сарысулық ақынды сын садағына алған Райханның уәжіне Алик ақын бүгін жауап беріп отыр.

Алик БЕКМҰСАЕВ:

(Райхан Алмасбекқызына жауап)

Ағаң да айтар сөзін аңдаған ғой, Сарайдағының шырқары жалған ән ғой. Ақ самаурыннан берер ем деп бір шайын, Қарындас сөзбен ісін қорғаған ғой. Ағам іздеп келмеді деп торығасың, Біржанның заманындай толғанам ғой. Райханын іздей барып Алик ақын, Қарсы алса алау сынды жанданам ғой. Әйткенмен бұл заманның бір кем ісі, Сенімді сезімдерді жалмаған ғой, Мысалы, Біржан құсап іздеп барсам, Демеймін амал таппай арланам ғой. Қазір барсам мен сені көре алмаймын, Таба алмаймын деп тағы таңданам ғой. Біржанға оңай, ал бізге қиын боп тұр, Сараны киіз есік қорғаған ғой. Ал сені қоршап алған темір есік, «Аулақ жүр» деген ойды жолдаған ғой. Біржан барса есік қағып тұратындай, Ол заманда «домофон» болмаған ғой. Өзің біліп шақырып жатсаң, жақсы, Қарындасқа жеңгеңді ертіп қамданам ғой. Шақырусыз бара қалсам сол есіктен, Өте алмай, рухани қорланам ғой.

Дейсің бе «Қалаулымды» даттамадың, Ешкімге жақпады деп ақтағаның. Дін Ислам күнәға баламай ма? Қаралау һәм біреудің баптағанын. Жұптасса жаны жайсаң жалын жастар, Амалды дей алмассың ақтамадың. Екі жас қол ұстасып қатар ұшса, Қисынымен келтірер Хақ та бәрін. Ешкім онда айқайлап бай іздемес, Сыпайы оймен берер нақты амалын. Талай қыздар қырқында күйеусіз жүр, Күтеміз деп махаббат хат-хабарын. Ал жастар уақытымен теңін тапса, Ақиқаты ашылғаны ақ-қараның. Бақытын тауып жатса айып па екен? Бауырмен бірге шырқап аппақ әнін. «Қалаулымды» жақтасам, қалағаным – Қарындасты Қодардан сақтағанын. Бұйыртса куәгері біз болармыз, Көрерміз ақ босаға аттағанын. Күйеуі барлар оны қайдан ұқсын, Бақаның да батпақтан бақ табарын.

Қарындастың қамшылауын ойға алармын, Шабам деп шабан ат та ойланар мың. Қанша жерден қамшылап жатса-дағы, Дәл осылай айыптар деп ойлаған кім? «Екі қызды ертіп ап тойға кеттің» Дегенің рас болса, бай болармын. Шоу бизнес заманының талабы да, «Рухани жаңғыруды» қолға алармын. Райхан-ау, біле білсең ақ батаның, Тоқсан екі пайызын тойдан алдым. Білесің бұл ағаңның үш қызы бар, Тамақ тауып берем деп ойлағанмын. Ағаңды асаба деп айыптама, Абайдың айтқан сөзі бойда барым, Үш қызым үш жағымнан нан сұраса, Той емес, таяқ ұстап қой бағармын.

Аспандай асқақтап тұр Астанамыз, Астана алаш үшін асқақ аңыз. Тәуелсіз тұғыры бар ел болған соң, Енді біз кімнен халқым жасқанамыз? Ту тігіп туып-өскен жерімізде, Өзімізді-өзіміз басқарамыз. Азияны алты рет айналсақ та, «Бәйтерек» биігінен бақ табамыз. Қонақтар «Кереметің бар ма?» десе, «Хан шатыр» мен «Думанға» ап барамыз. Көк байрағым тұрғанда көкті тіреп, Астана – рухани баспанамыз. Күннің өзін көтеріп ата қыран, Алдында болашақтың ақталамыз. Жиырмаға толды деп Астанамыз, Алты құрлыққа жар салып, мақтанамыз.

Қарындас, қадірімді білер дедік, Ақылын ағалардың ілер дедік. Мысалы, аузымыз ала болса, Тәуелсіздік не екенін білер ме едік?! Алты ағайын бастаса алты жаққа, Мәңгілік ел боп өмір сүрер ме едік? Азияның ішінде айбарлы боп, Абыроймен аспанды тірер ме едік? Осыдан соң, Райхан қарындасым, Төбедегі төрт қадірін білер дедік. Астананың тойында қарындаспен, Аға болып жүрейін түгелденіп.

Ұқсас жаңалықтар