«Мен кеткенде Таразда көктем еді, Көктем шығар әлі... Мені әкеткен жолдарға өкпеледі, Көне менен Кәрі. О, несіне балаша өкпеледі Көне менен Кәрі?! Көктемені бірге алып кетпеп едім, Жалғыз кеткем тағы».
Бұл – Ерлан Жүністің өлеңі. Көктемді сағынған бір топ жас ҚазҰУ-да ақынмен кездесу өткізді. Қыздар Ерланның өлеңдерін бірге жатқа оқып отырды. Ақын да оқырманын сағынған екен. Ашылып, жан сарайынан жақсы сөздер ақтарып жатты. Ол үнемі ғашық. Сұлулыққа ынтызар. Содан болар көктемді сағынып жүреді. «Шіркін-ай, жүрек деген сағынбаса» деп қойып, түйдек-түйдек жырлар жазады. Біз ақынға бірнеше сауал қойып, сұқбаттасқан едік. Таразға деген сағынышын, қимастығын аңғартты. Ендеше, мархабат!
– Өлеңдеріңізде күзді көп сөз етесіз. Сіз қай мезгілде көбірек жазасыз? – Соны бағамдап ойламаппын. Әйткенмен бұрын өзімді күздің ақынымын деп ойлайтынмын. Өйткені өлеңдерімнің барлығын дерлік күзде жазатынмын. Түсінгенім, мен өлеңді жаз бен күзде және түнде жазады екенмін. Мен алғашқы жинағымды он алты жасымда жарыққа шығардым. Пенделікпен осыған мастансам да болар еді. Бірақ ағылшынның Джонн Китс деген ақыны жиырма бір жасында-ақ әлем ақыны болып, дүниені мойындатқан екен. Біздің Мағжан мен Төлегендер жиырма төрт жастарына дейін қалыптасып, өздерін мойындатып үлгерді. Орыстың Есенині мен Лермонтовы да отызға жетпей-ақ әлем ақыны болып қалыптасты. Соларды ойлаймын да, өзімді өте кеш қалған ақын сезінемін. Бәрін ертерек жазуым керек еді. Әлдеқайда терең, басқа дүниелерді жазуым керек сияқты көрінеді де тұрады. Менің нағашы жұртым – киелі Тараз өңірі. Балалық шағым сонда өтті. Тараз – екі мың жыл бойы Моуләви, Һафез, Сағди, Рудаки сынды Шығыс жұлдыздарына арқау болған қала. Рудаки: «Еу, жиһанкез, масаттанба, Рум мен Тараздың арасын жауласаң да» деп жазған кезінде. Рим мен Тараз заманында әлемдік өркениеттің қос нүктесі болған. Шығыстың талай ақыны Таразды жырына қосқан. Мен Тараз жайында жазған бүкіл Шығыс ақындарына жауап жазғым келеді. Шығыс ақындарына жауап ретінде Тараздан бір кітап жазылуы тиіс сияқты көрінеді де тұрады маған. Бұлай деуімнің себебі де бар, университетте парсы тілін меңгеріп, Шығыс ақындарын түпнұсқадан оқуыма мүмкіндігім болды. «Тараз арулары» атты тұтас бір кітап жазғым келген. Алғашқы өлеңдері жазылды да. Бірақ уақыт пен орын мені басқаға жетеледі. Соған өкінемін. Тараздан шыққан шайырлар көп. Арысы Һафез, берісі Маралтай ағаларға дейін… – Таразды сағынасыз ба? – Мен – атадан жалғызбын, әкесіз өстім. Жырларымдағы жалғыздық – тәуелсіздік алғаннан кейінгі барша қазақтың өткен тарихы мен болашағының арасындағы жалғыздығы. Ол жалғыздықпен мен де дерттендім. Оның үстіне өмірде барлық нәрсе жалғыз: күн де, ай да, жер де, тіпті Жаратушының өзі де жалғыз. Әр адам – қайталанбас әлем. Ақындар соны көбірек сезінетін шығар, бәлкім. Сағыныштың зардабын бір адамдай тартып келемін. Таразға деген сағынышым терең. Сағына беретінім де анық. – Бүгінгі Ерлан бір кездегі Тараздағы Ерланмен ұқсас па? – Тараздағы Ерлан тап-таза еді. Балаң еді. Әдебиетке жансусардай құмар еді. Ол құмарлық әлі басылған жоқ. Бірақ өмірдегі Ерланды өзім онша жақсы көрмеймін. Ерлан Жүністің өзімнің алдымда сүйкімі жоқ. Жаңа заманның адамы болғаныммен, өте «консервант» екенмін. Бір түсінгенім, адам үйретіледі, бейімделеді, жұмсалады екен. Оң-солымды танып, өзімді азамат ретінде сезіне бастаған уақытта өзімнің әдебиеттің адамы болатынымды түсіндім. Және мұны іштей өз-өзіме қайталап айтқаным да есімде. Бұл – маған алғаш өлеңнің қонған уақыты болуы керек. Ойлап отырсам, басқа таңдауы бар адам сынды «әдебиеттің адамы боламын» деп айтыппын. Қазір еске түсірсем, менде таңдау болмаған екен. Бірақ бүгінде әртүрлі іспен айналысуға мәжбүрміз. – Өзіңізді қалай суреттер едіңіз? Жақсы адамсыз ба? – Жақсы адамның критерийлері қандай екенін білмеймін. Өзің туралы айту қиын. Шығармашылық адамы барлығынан тәуелсіз, сөйте тұра барлығына тәуелді. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қоғамда тегін қызмет етіп келе жатқан кәсіптің иесі, ол – қаламгерлер. Өлеңді ешкім кәсіп үшін жазбайды. Жыр жазғаның үшін ешкім ақша төлемейді, жазбасаң тағы болмайды. Өлең – өзіңнің табиғатың, өйткені. Өлеңіңді басқалай жазып, басқалай өмір сүре беремін деуге тағы келмейді. Екіжүзді емессің ғой. Ауыстырып киетін киімім болғанымен, ауыстырып киетін жаным жоқ. Кейде басқа адам болғым келеді, шынын айтқанда... Дүние күрсінгенде пайда болған ақын шығармын… – Сіз мына өмірмен астаса алмағандай, айналаңыздағылар сізді түсініспегендей, шығармашылығыңызды бағалай білмегендей, соған өкінгендей сөйлеп отырсыз, аңғарғаным... – Астаса алмай кететін кездерім болады. Әсіресе өлеңге келгенде. Андрей Вознесенскийдің «Голос теряю, теперь не про нас Гостелерадио» деген өлеңі бар еді, осы өлең бір дәуірдің, яғни кітап дәуірінің басқа фазаға өтуін анық көрсетеді ғой деймін. Шоудың емес, ойдың заманын көбірек аңсайтын шығармын... Бүгінгі заманға ілесе алмай жүргенім содан шығар. Мына отырған жастардың маған ілесіп, менің өлеңімді оқып жүргені де содан болар. – Онда қазіргі Ерлан Жүніс қандай болатын еді? – Білмеймін, өте қиын сұрақ...
Білетінім – ақындар кінәлі болып туады. Біреудің жасаған қылмысы үшін, сатқындығы, опасыздығы, әлемдегі оспадарлығы үшін – бәріне кінәлі. Қазақстанның батысында бір бала жылап жатса, шығыстағы бір ақын шаттықтың жырын жаза алмайды. Мен өзімді көшеде қайыр сұрап жүрген адам үшін, базарда арба сүйреп жүрген қазақ үшін кінәлі санаймын. Көптеген ақындардың баспа бетін көрген, газет бетіне шыққан өлеңдерін емес, тартпада жатқан өлеңдерін оқысаңыз, ақын жанын тереңірек түсінер едіңіз деп ойлаймын. Түсінілуді де онша қаламаймын.
– Көп оқитыныңыз, көп білетініңіз өлеңдеріңізден байқалып тұрады. Поэзияңызда тереңдік бар. Әдебиеттегі ағаларыңыздың да сізді білімді, терең деп айтып жүргенін талай естідік. Оқып тауыспаған кітабыңыз көп пе? – Кітап менің жалғыздығымды жеңеді. Менің замандастарым не оқыса, мен соны оқыдым. Әдебиетші боламын деген адам оқуға міндетті ұзын-ырғасы үш жүзге жуық кітап бар. Сол үш жүз кітаптың ары кетсе, отызын оқыған шығармын. Өзімді білімді санамаймын. Менен өткен білімді жігіттер бар, мойындау керек…
Сұхбаттасқан Қарлыға АЙСАНҚЫЗЫ
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді