«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жаңатастың жаңалығы көп

Жаңатастың жаңалығы көп
ашық дереккөз
Жаңатастың жаңалығы көп

Бір күнде 120 тұрғын қоныс тойын тойлады

Елбасы 5 наурыз күні жариялаған Үндеуінде еліміздің әр тұрғыны баспаналы болуы қажеттігі жөнінде ерекше атап өткен болатын. Ұлт Көшбасшысы айтқан бұл мәселенің орындалуына біздің өңірде толық мүмкіндік бар.

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында Жаңатас қаласында 120 пәтерлі бір тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл үйдің құрылысына республикалық және облыстық қазынадан 317,779 миллион теңге қаражат бөлінген екен. Өткен жылдың мамыр айында басталған жұмыс мердігер компания «Стройтели Века» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің белсенділігімен 9 айдың ішінде жүзеге асыпты. Құрылысқа жергілікті 110 тұрғын тартылып, орташа 70 мың теңгеден жалақы алған. Ине жіптен өткендей жайнап тұрған тұрғын үйге ұзақ жыл кезекте тұрғандар, жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылғандар және бюджеттік мекеме қызметкерлері орналасады деп күтілуде. Көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталуына орай тұрғындардың, қала белсенділерінің қатысуымен өткен жиында аудан әкімі Балабек Нарбаев сөз сөйлеп, жиналғандарды мерекелерімен құттықтады. Ол кеше ғана жарияланған Елбасының Үндеуіне тоқталып, әр қазақстандықтың баспаналы болуына мүмкіндік жасау үлкен ауқымды, игі іс екенін атап өтті. Жаңатастағы 120 тұрғынның бір сәтте пәтерлі болуын ол Үндеуге қосылған тамшыдай үлес деп бағалап, бұл ретте қолдау білдірген облыс әкімі Асқар Мырзахметовке алғысын айтты. Сонымен қатар алдағы уақытта аудан орталығында дәл осындай 15 көп қабатты тұрғын үй ел иігіліне берілетінін әңгімеледі. Балабек Жанбекұлы бірқатар азаматтарға пәтер кілтін табыс етіп, мердігер компанияның директоры Сергей Титаренкоға ризашылығын жеткізді. Содан соң Жаңатас қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байтуған Рыспанов, жаңа пәтер иегері Гүлсезім Шыналиева сөз сөйлеп, осындай игіліктер үшін Елбасына, облыс, аудан әкімдеріне алғысын айтып, кеншілер қаласының гүлдене береріне сенім білдірді. Аудан басшысы көпшілікпен бірге жаңа пәтерлерді аралап көріп, БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді. Онда белгілі болғандай, қазіргі таңда 1911 адам пәтер кезегінде тұр. Олардың 27-сі жетім бала, 1169-ы – әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы, 714-і бюджеттік мекеме қызметкерлері. – Елбасының тың бастамаларымен талай игі іс жүзеге асуда. Облыс әкімінің де келе сала ізгі жұмыстарды қолға алып жатқанына қуаныштымыз. Өзім қазіргі таңда жұмыссызбын. 4 перзентім бар. Кейінгісі – Берік, Серік деген егіз ұлдар. 7 жылдан бері пәтер кезегінде тұрмыз. Жағдайды ескеріп, осы жаңа көп қабатты үйден 3 бөлмелі пәтер беріп жатқан басшыларға, жауапты кісілерге алғысымды білдіремін. Бұл пәтерге жылу, суық су үздіксіз берілген. Өте қуаныштымыз. Жаңа пәтерге ие болған барлық көршілерімді құттықтаймын, – дейді қоныс тойын тойлап жатқан Бауыржан Икрамов. Алдағы уақыттарда «ЕуроХим» компаниясына 6 мың, «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 6 мың адам жұмысқа тартылады деп күтілуде. Сондықтан Жаңатаста көп қабатты тұрғын үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жалғасын таба бермек. 2020 жылдары бұл шаһарға «көгілдір отын» тартылады деп болжануда. Бұл – қолымыз жететін игілік.

Есет Досалы

Сарысу ауданы

Ұқсас жаңалықтар