Мәдениет
Түркі дүниесіне ортақ ән-күй мерекесі Таразда тағы да табысты басталды
- author «Ақ жол»
- 24 маусым, 2014
- 251
Түркі дүниесіне ортақ ән-күй мерекесі Таразда тағы да табысты басталды
Былтыр Қаратаудың басынан ғасырлар сарынын тиеп жеткен көштің Таразда теңі шешіліп, алтын сандығы ашылғанда, одан інжу-маржан тектес мұраларымыздың саулай төгіліп, көкке әуелей қанат қаққаны, оған әлемнің әр түкпірінде тірлік кешіп жатқан түбі бір түркі жұрты өнершілерінің де сырнайлы сазын қосқаны естен шыға қойған жоқ. Түркі дүниесіне ортақ ән-күй отауы Таразда міне, тағы да шаңырағын көтерді. Кеше қасиетті Әулиеата өңірінде ІІ халықаралық «Қаратау сарыны» дәстүрлі музыка фестивалі басталды. Осыған байланысты «Баласағұн» орталық концерт залында өткен салтанатты «TÜURKSOY» Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымының өкілі Мәлік Отарбаев пен облыс әкімдігі мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Д. Бықыбаев ашып, жиналған жұртшылықты өнер мерекесімен құттықтап, қатысушылардың өнер жолындағы қадамдарына сәттілік тіледі. Бұдан әрі фестивальді ұйымдастырушыларға «TÜURKSOY» ұйымы мен Түркияның Ески шехир қаласы әкімдігінің ескерткіш сыйлықтары табысталып, «Алатау» фольклорлық ансамблінің ұжымы меймандар құрметіне әннен, күйден шашу шашты. Қытай халық республикасынан келген айтыс ақыны Әбдіғани Бәзілхан арнау жырын төкпеледі.
Осының аз-ақ алдында өткен баспасөз мәслихатында мәлім болғанындай, бұл іс-шара Мәдениет министрлігі мәдениет және өнер істері комитетінің келісімімен, «TÜURKSOY» Түркі мәдениетін және өнерін дамыту халықаралық ұйымы мен облыс әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр. Оған Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Моңғолия, Қырғызстан, Қытай елдерінің өнер шеберлерімен қатар, еліміздің Астана мен Алматы қалалық, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстаудан облыстық филармониялардың әншілері, белгілі дәстүрлі орындаушылар, Жамбыл облысының өнерпаздары да қатысуда.
Бұл күні «Дәстүрлі күй мерекесі» аясында қобызшы Раушан Оразбаева (Астана), әнші Нилюфер Оғыз, аспапта ойнаушылар Гөкхан Қара, Мехмат Ферхат, Рыдван Сайын (Түркия), күйші Айгүл Үлкенбаева (Алматы), най аспабында ойнаушы Батыр Досымбетов (Өзбекстан), жетігенші Асылай Апенова (Алматы) секілді өнерпаздар мен «Керулен» этно-фольклорлық тобының (Алматы), қазақ ұлт аспаптары оркестрінің (Жамбыл) өнерлерін көрермен қауым қызыға тамашалады.
Биыл облысымыздың құрылғанына 75 жыл толуы мерейтойы аясында өтіп жатқан іс-шара бүгін «Дәстүрлі ән мерекесіне», орталық алаңда мыңнан астам адамның қазақтың 10 әнін танымал әншілермен біріге орындауы салтанатына ұласпақ.
Мәлік ОТАРБАЕВ, «TURKSOY» халықаралық ұйымының өкілі:
– Фестиваль жалпы түркі мәдениеті, түркі дүниесі үшін де айрықша маңызды.Ұйымымыз 1993 жылы Елбасымыздың бастамасымен еларалық мәдени байланыстарды нығайту мақсатында құрылған. Қазақтың ұлттық дәстүрлерін де насихаттаймыз. Биыл «Наурызтой» Түркияның 20 қаласында өткізілді. БҰҰ штаб пәтерінде, Франция қаласында да ұйымдастырылды. Түркі кеңістігіне ортақ дәстүрлер Шығысқа да, Батысқа да кең көлемде таныстырылуда. Ұйым аясында тұрақты өтетін халықаралық музыка фестивальдері де бар. Әзірбайжанның, Қырғызстанның танымал тұлғаларының мерейтойларын өткізуге де ұйытқы болдық. Биыл Түркияда «Біржан-Сара» операсы алғаш түрік тілінде қойылды. Таразда мынадай туыстас сандаған халық өкілдерін біріктіретін үлкен мәдени жобаның жүзеге асырылуы үлкен қуаныш. Бұл үшін облыс әкіміне, облыстық филармония басшысына айтар алғысымыз шексіз.
Режеп ЕРДОҒАН, Ескі шехир қалалық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары (Түркия):
– Негізі, қазақтың ең көне қалаларының бірі де бірегейі Таразға алғаш келуім. Халықаралық фестивальге қатысып отырғаныма өте қуаныштымын. Жалпы, бізде, Түркияда музыкаға ерекше мән беріледі. Біздің қаламыздың өзінде түрлі деңгейдегі байқаулар, кино, театр, музыка, би фестивальдері тұрақты әрі жиі өткізіледі. Әсіресе, жаз айларында бос өткен бір күн болмайды. Өзім бастап келген топтың құрамында дәстүрлі әншіміз де, «бендш», «кемалы», «бағлама» секілді шекті, ұрмалы ұлт аспаптарымызда музыка орындаушыларымыз да бар. Олар бұл фестивальге алғаш рет қатысып отыр. Түркі мәдениетін дамыту мақсатында құрылған халықаралық ұйымы, түркі кеңесінің шешімімен қаламызға 2012 жылы «Мәдениеттің астанасы», ал, 2013 жылы «Мәдениеттің бас қаласы» мәртебесі берілді. Осыдан кейін-ақ мәдениет пен өнерге қатысты шаралар өткізу жиіледі бізде. Жыл ішінде 400-дей халықаралық фестиваль өткізуге қол жеткіздік. Қала бойынша мәдениет саласына жыл сайынғы бөлетін қаржы көлемі 50 миллион долларды құрап отыр.
Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді