«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Жамбылдың елі асыл, жері жасыл»

«Жамбылдың елі асыл, жері жасыл»
ашық дереккөз
«Жамбылдың елі асыл, жері жасыл»

Тараз қаласында республикалық айтыс дүркіреп өтті

Соғыс жылдарында да салтанат құрған саф өнер

17 18 19 20 21 22 23Еліміздегі ең ықпалды саяси құрылым саналатын «Нұр Отан» партиясы соңғы уақыттарда қазақтың айтыс өнеріне қанат бітіріп, ұлттық құндылықты ұлықтаған қауымның алғысына бөленуде. Партияның ұйытқы болуымен Астана қаласында «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты республикалық айтыстың дүркіреп өткенін өнерсүйер жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Енді, міне «Нұр Отан» жыр додасын әрмен қарай жалғап, кең-байтақ қазақ елінің әр аймағында айтыс аламанын қыздыруға шындап кірісті. Билік партиясының 15 жылдығына орайластырылған жыр сайыстары әуелі еліміздің батыс өңірлерінде бастау алған болатын. Кезек көп ұзамай-ақ жыр жампозы Жамбылдың атын иеленген облысымызға да келіп жетті. «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты республикалық ақындар айтысы «Нұр Отан» партиясының 15 жылдығымен қатар облысымыздың 75 жылдық мерейтойына да арналып өткізілді. Айтыстың жексенбіде өткеніне қарамастан Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында ине шаншар орын болған жоқ. Жыр додасы басталмас бұрын айтыстың ұйымдастырушылары мен қазыларының қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Онда шараның мақсаты мен мән-маңызы туралы кеңінен әңгімеленді. Алғаш болып сөз алған қазылар алқасының төрағасы, Парламент Мәжілісінің депутаты Розақұл Қалмұратов айтыс өнерінің ерекшелігі туралы тұшымды ойларымен бөлісті. – Қазақтың басқа халықтардан ерекшелігінің бір көрінісі, осы – айтыс. Басқа ешбір ұлтта бұл айтыс жоқ. Сондықтан да айтыс тек қазаққа тән өнер жанрының бірі. Ақындарымыз осы айтыс арқылы сырлы да көркем, шебер де өткір сөздерімен өмірде болып жатқан жақсылықтарды да, кемшіліктерді де билік пен халыққа қатар жеткізеді. Бір сөзбен айтқанда айтыс – бұл халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін бірден-бір мінбер. Біз отбасымызбен теледидардан айтыс беріліп жатса, басқа жұмыстың бәрін ысырып қойып тамашалаймыз. Тіпті, жора-жолдастарымның өзін айтыс көруге шақырып жүремін. 1943 жылы сұрапыл соғыс жүріп жатқан тұста да Алматыда айтыс өткен. Міне, сонау қиын-қыстау уақыттың өзінде қазақ халқы төл өнерін төрге шығарған, – деді Р. Қалмұратов. Депутат сонымен қатар, бүгінгі таңдалып алынған тақырыптың да өзектілігі туралы өз ойын білдіре кетті. – Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясын құрудағы мақсаты – елімізде тұратын 140-тан астам этнос өкілдерін қазақтың қасиетті, берекелі шаңырағының астына топтастыру болған. Соның арқасында міне, елімізде тыныштық пен тұрақтылық салтанат құрып келеді. Сол тыныштық пен бірліктің арқасында Қазақстанды бүкіл әлем таныды, мойындады. Бүкіл әлемнің алпауыт елдерінің басшылары жиылған кезде «Назарбаев не айтады екен, Назарбаевтың ойы қандай екен?» деп біздің Елбасына қарайтын күнге жеттік. Бұл 17 миллион халқымыздың бірлігі, татулығы, қоғамдық келісімінің арқасында мүмкін болып отыр. «Нұр Отанның» айтысты қолға алып, қайтадан дамытып жатқандағы мақсаты да сол. Айтыс арқылы біз халқымызды, оның ішінде жастарымызды ынтымаққа шақырамыз, рухани тәрбиелейміз. «Отан – отбасынан басталады». Сол себептен де бірінші кезекте отбасы мәселесін алға қоюымыз керек. Отбасында қандай тәрбие берілсе ертең ұл мен қыз да солай қалыптасып, өседі. Отбасымызда береке болса, Отанымызда береке болады. Халқымыз «Бір күн жанжал болған үйде қырық күн береке болмайды» деп бекер айтпаған. Сондықтан да киелі Тараз қаласында өткелі жатқан «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» атты айтыс арқылы көпке ой салсақ деген мақсат бар, – деді. Баспасөз мәслихатында ұйымдастырушыларға журналистер тарапынан қойылған сұрақтар аз болған жоқ. Солардың бірі ретінде қазылар алқасының мүшесі, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабековке «Айтысқа қайта оралу ойыңызда жоқ па?» деген сұрақ қойылды. Бұл сауалға М. Тазабеков «Шынын айтқан кезде айтыскер ақын бізде жетеді, қазақ бар кезде, қазақтың қаны бар кезде айтыскер тумай қоймайды. Сондықтан қазіргі заманның тынысын шеберлікпен айтатын менен де мықты ақындар шығып келе жатыр. Бәйгенің аты – бәйге. Айтыста халық сонша тағатсызданып, үлкен дүние күткен кезде оған зор дайындықпен келу керек. Бірақ, «Асыл арна» телеарнасы сияқты жұмыстарды ұйымдастыруды Алла менің тағдырыма жазған екен. Сол арқылы да ұлтымызбен рухани қауышып отырамыз. Алла сол күндерімізден айырмасын» деп жауап берді. Журналистермен жүздесуде айтыстың жүргізушісі Мұхтар Ниязов, қазылар алқасының мүшесі, ақын, сықақшы Көпен Әмірбек те сөз алып, пайымды пікірлерін ортаға салды. Баспасөз мәслихатында айтылған елімізде ақындар академиясын, оның жергілікті жерлердегі мектептерін ашу мәселелерінің қолға алынып жатқандығы туралы жаңалық та көпті желпіндіріп тастады.

«Айтыс басталды, айтыс...»

Сағат тілінің 15.00-ді соғуына санаулы сәт қалды. «Айтыс басталды, айтыс...» деп аптыға алға ұмтылып, кең залдың ішіне қарай ентелей еніп жатқан тұрғындарда қисап жоқ. Енді ше, еліміздің түкпір-түкпірінен сай тасындай іріктеліп алынған он дүлдүл жырдың көркін қыздырғалы тұрса қалай қарап жатуға болады? Тіпті, орын жетпей тікесінен тік тұрғандар да көп. Белгіленген уақытта республикалық айтысты жүргізуші Мұхтар Ниязов: – Бірлікте болса сөздің бар өзегі, Жемейді жүрегімді жара жегі. Қаратаудың бауырында бүгінгі күн, Қара өлеңнің салынар жаңа зері. Байқаймын, осы жерден бастау алған, Қазақтың тарихының кәрі өзені. Аймаққа ақынының атын берген, Жамбыл халқы қашанда дәрежелі, – деп өз сөзін өлеңдете өріп, көппен амандасты. Айтыстың мақсаты мен мән-маңызы туралы айта келе, қара өлеңнен қаймақ қалқыған, төл өнеріміздің қанжығасына олжа байлаған айтыскер ақындарды сахна төріне шақырды. Бәрі де арысы халықаралық, берісі республикалық айтыстардың жеңімпаздары. Олардың қатарында үш бірдей жерлесіміздің болуы жиылған жұртшылықты кәдімгідей марқайтып тастады. Құлан өңірінен түлеп ұшқан, талантымен талайдың таңдайын қақтырып жүрген жас дүлдүл Асхат Қылышбек, күні кеше батыс өңірінде өткен жыр аламанынан бірінші орынды олжалап келген байзақтық өрен Әсет Дүйсебаев, республикалық оқушылар айтысының жеңімпазы, шулық шырайлы қыз Айым Көшербайдың есімдері аталғанда залдың ішін шапалақ үні жаңғыртып жіберді. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген айтыстың кіл жүйріктері, Алматы облысының алдаспаны Балғынбек Имашев, Сыр елінің бәйгеторысы Нұрмат Мансұров, Оңтүстік Қазақстан облысының оғландары Біржан Байтуов, Анар Жаппарқұлова, шығыстың шынары Рүстем Қайыртайұлы, астаналық айтыскер Жақсылық Орынбасаров, ақтөбелік арқалы ақын Қайнар Алагөзовтерге де халықтың қошеметі зор болды. Айтыстың ашылу салтанатында облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев құттықтап, сөз сөйледі. – Қасиетті Жамбыл өңірі табиғаты таңғажайып мекен. Хантау, Жамбыл таулары, Қордай, Жуалы жерлері кімді де болса тамсантпай қоймайды. Міне, осындай ғажап аймақтан шыққан ақындарымыз да, батырларымыз да, жазушыларымыз да, спортшыларымыз да аз емес. Баршаға белгілі, былтыр Төле би бабамыздың 300 жылдығын жоғары деңгейде өткіздік. Кеше ғана Кенен Әзірбаевтың 130 жылдығын тойладық. Ертең Шу ауданында Балуан Шолақ бабамыздың 150 жылдығын атап өткелі жатырмыз. Осындай текті тұлғалардың жалғасындай болып түлеп ұшқан Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Бақытжан Ертаев сынды перзенттер – біздің мақтанышымыз. Ал, айтыс өнеріне келсек Әзімбек Жанқұлиев, Мұхамеджан Тазабеков, Шорабек Айдаров, Күміскүл Сәрсенбаева, Ахметжан Өзбеков сияқты ақындарымыздың ізін мына жас өрендер жалғастырып келе жатыр. Айтыскер ақындарымызға Алла өзі қуат берсін! Ақындарымыз айтыса отырып, елді бірлікке, ынтымаққа шақырады деп ойлаймын, – деді облыс әкімі К. Көкірекбаев. Хош, сонымен жыр бәйгесі басталып та кетті. Алғаш болып сөз сайысына жерлесіміз Асхат Қылышбек пен қызылордалық Нұрмат Мансұров шықты. Асхат үй иесі екендігін танытқысы келді ме, ә дегеннен сөз бастап, төкпелете жөнелді. Алла деп өлеңіме ән кіреді, Бастайын туған жерден әңгімені. Ассалаумағалейкүм, армысыздар, Кешегі кемел Қараханның елі. Кенені ән мен жырдың кені болған, Қордайым әуелеген әннің елі. Тоғыз жолдың торабы Шу шаһарым, Балуан Шолақ, Төле би нардың елі. Мерейі тасып тұрған Меркім менің, Алтын астық шайқалған дәннің елі... – деп Әулиеата өңірінің қазыналы кені, берекелі жері, еңбекқор елі, майталман ері туралы сөз саптады. Сөз орайы келгенде қарсыласының құрдас екенін ескеріп, қалжыңмен де қағытып отырды. Оның әсіресе, Нұрматты «Москвичке», ал өзін шетелдік «Мерседеске» теңеп айтқан әзілдері көпті күлкіге қарық қылды. Асхаттың бұл орайда: – Түртпесе қозғалмайтын бұл Нұрматты, Қайтемін сылап-сипап періште қып. Қағытып шаппа-шапқа сөз салайын, Табаның тіреу болсын жөн іске нық. Ел сені теңеп еді «Москвичке», Болмысың тұрғаннан соң тегіс болып. Ал, ендеше «Москвич» газыңды бас, Өз қолыңнан отырмай жеңіс беріп. Моторың «стук» беріп жатпаса екен, 180-мен жүрем деп «Мерске» еріп, – деп төкпелеткені сәтті шықты. Алайда, Нұрматтың да оңай шағылатын жаңғақ еместігі шымшып-шымшып сөйлейтін шымыр ұйқастарынан аңғарылды. Асхаттың жақында ғана шаңырақ көтергенін арқау етіп: Бір жарым ай бұрын ғана үйленіп ең, Жаңалық жасағансың еліңе тың. Келіншегің осы залда отқан шығар, Сөздеріңе көңілі семіретін. Жаңа үйленген «байғұстың» әдеті ғой, Жоқ жерден ерлік іздеп еліретін. Әлі кеп тұрмаса да әкіреңдеп, Әйеліне күшті боп көрінетін, – деп жауап қатуы да көптің ризашылығын туғызды. Нұрмат сонымен қатар, Асхаттың «қарсыласты Бейбіт Ыстыбаев сияқты алып ұрам» деген ойларына да «Сенен Бейбіт шықпайды, айналайын, Лупаменен үлкейтіп қараса да» деп ұтымды жауап берді. Жалпы, бұл күні жұп құрауда да айтыскерлер лайықты іріктелгендей көрініп тұрды. Мысалы, Асхат пен Нұрмат құрдас ретінде керемет қалжың қағыстырса, сахнаға екінші кезекте шыққан Әсет Дүйсебаев пен шымкенттік Біржан Байтуов қайын мен жезде болып әзіл жарастырды. Әсет Біржанның Жамбыл облысынан қыз алғанын жеткізе келе «Дегенмен, шымкенттіктер біледі екен, Қай жердің қызын алу керектігін» десе, Біржан да қайтпай, «Тараздықтар негізі біледі екен, Қай жерге қызын беру керектігін» деп әзілге әзілмен үн қатты. Жамбылдың батырлар елі екенін де естен шығармай, «Нағашысы Баукең мен Шерхан болса, Жиені батыр болмай қайда барар» деген тіркестері де дәл тауып айтылғандай. Қазақ айтысының көгінде жиырма жылдан бері қалықтап келе жатқан қос қыран Балғынбек Имашев пен Анар Жаппарқұлованың өнері де дүйім жұрттың айызын қандырды. «Айтыста мен әлемнің барысымын» деп сөз саптаған Балғынбектің «Жар-жар» әуеніне салып, өлең құрауы көптің көңілін көкке көтеріп тастады.

Үлкені мен Тараздың, Жасы мұнда, жар-жар. Жарылысты көруге, Асығуда, жар-жар. Халқым бекер гранат, Атпаңыздар, жар-жар. Махаббаттты мәңгілік, Сақтаңыздар, жар-жар. Облыстың бір тойы, Партияға пар-пар. Жетпіс бес жыл емес қой, Тақияға тар-тар. Облысың келіпті, Жетпіс беске жар-жар. Тағы да бір ән айтсам, Ет піспес пе, жар-жар. Балғынбек ақын осылай бір қайырды да, «Той жырының» әуеніне басты. «Нұр Отанның» құдірет күші әлдилеп, Екі ақынның шабыстырған жүрегін. «Бесплатно» таратылса әр билет, Көрермендер әкелмей ме гүлдерін. Тәуелсіздік тәтті күндер, тәтті күндер, Көрермендер қуаныңдар, шат күліңдер. Қаратаудай қасиетті қазағыма, Қарахандай бабамыздың хақ дінін бер, Қазақстан болып бақыт бесігі, Тараздықтар құтты болсын, тойларың. Анар құсап артық болып несібі, Егіз тусын ешкі менен қойларың. Балаларың егіз болсын, егіз болсын, Малдарың да семіз болсын, семіз болсын, Отбасылық Отанымның құндылығы, Тәуелсіздік тұғырыма негіз болсын, – деп төкпелеткенде тұтас зал дүркін-дүркін қол соғумен болды. Келесі кезекте шыққан шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы мен астаналық Жақсылық Орынбасаровтың да құрдасқа тән қалжыңдары үйлесім тауып жатты. Бұл айтыста Жақсылық Рүстемнің отызға келсе де үйленбей жүргенін меңзеп, «Отбасылық айтысқа келіп отыр, Отыздағы сүрбойдақ бағын сынап» деп өлеңмен қағытып өткен. Оған Рүстем де «Өз басымда отбасы болмағанмен, әкемнің отбасының мүшесімін» деп жауап тауып кетті. Ақтөбелік Қайнар Алагөзов пен шулық мектеп оқушысы Айым Көшербайдың да айтысын көпшілік асыға күтіп отырды. Жүргізуші Мұхтар Ниязов айтқандай, «Ақтөбенің Алагөзі мен Қаратаудың қаракөзінің» керемет айтысы болды бұл. Айым қыз балғындығына қарамастан, өткір ойларымен, тосын толғамдарымен қарсыласын әжептәуір састырып тастады. Өзінше Айымның сұлулығын сөз еткен Қайнарға «Мін іздейтін түрімнен, өзің де сұлу емессің» деп қарсы шап бергені қызық болды. «Ұялған тек тұрмас» дегендей, бұған Қайнар «Жігітке сұлулықтың керегі не, халқым шошып кетпесе болды емес пе?» деп жауап қайырды. Екі жылдай уақыт айтыстан қол үзіп кеткен Қайнар ақынның Айымға ағалық қамқор көңілмен үн қатып отырғаны аңғарылып тұрды. Бір сөзбен айтқанда бұл аға мен қарындастың арасында жарасымды жыр өрілді. Сөз орайы келгенде Айымның «Сен айтып отқан балапан, Ертең сұңқар болмай ма?» деп ой топшылауының өзі оның алар асуының алда екендігінен сыр аңғартқандай. Республикалық айтыс барысында ақындар «Отбасым – тірегім, Отаным – жүрегім» тақырыбын жан-жақты ашуға тырысып бақты. Өткір-өткір ойлар қозғалды. Асхат Қылышбек бүгінгі қазақ балаларының компьютерге тым әуестеніп бара жатқандығына алаңдаушылық білдірді. Нұрмат Мансұров та «Қатынасын тоқтатқан құдалар бар, алтын, күміс, болмайтын металл үшін» деп, жастардың ажырасуына кей-кейде құдалардың да кесірі тиетінін ашына айтты. Біржан Байтуов келіншектердің қолына кіріп алатын намыссыз еркектерді сынға алса, Балғынбек Имашев «Азаматтар қорған боп отбасына, бала-шаға, жан-жарын жылатпасын» деп салиқалы сөз айтты. Астаналық Жақсылық Орынбасаровтың «Аборт деген ауру әлі де бар, айыға алмай жүр бірақ, жастар әлі» деп, қоғамдағы келеңсіз көріністі қынжыла жеткізе келе, «Отанға деген үлкен опасыздық, Отбасын ойрандаудан басталады» деп түйін жасады. Ақындар сонымен қатар, Жамбыл облысының табиғи келбетін, тарихи тұлғаларын жырлаудан да қалыс қалған жоқ.

«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда...»

Алғашқы айналым аяқталған соң ақындардың шеберлігі мен шешендігін, тапқырлығы мен талпынысын сынау үшін қайым айтысқа кезек берілді. Мұнда айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы өлең шумағының алғашқы екі тармағын айтқан соң ары қарай айтыскерлер жалғастырып әкету керек. Үш айтыскердің ғана жауабы қабылданады деп келісілді. Бірінші болып айтысты ұйымдастырушылардың бірі Мейіржан Әлібеков «Қазақтығым басталса Қаратаудан, азаттығым басталған Алатаудан» деп ортаға сөз тастады. Бұған Балғынбек Имашев «Ұлттың мұсылмандығы басталады, Таласта хандық құрған Қараханнан» деп ұтқыр жауап берді. Шымкенттік Біржан Байтуов «Қазақ жұрты қашанда текті халық, ақындарын ұшырған алақаннан» десе, Әсет Дүйсебаев «Ардақтап, ақындарын айтыс қылған, айналдым Тараз деген ақ отаудан» деп жалғады. Қайым айтыста осы сынды бірнеше тапсырма берілді. Соның бірі ретінде жүргізуші Мұхтар Ниязов «Боксқа шықпаса да ел қатарлы, Балғынбек жеңе ала ма Ермаханды» деген сауал тастады. Бұған Балғынбектің өзі «Алла қалап, ұятқа қалдырмаспын, Ағайын, Балғынбекке бер батаңды» деп үн қатып, қыран-топан күлкіге қарық қылды. Осындай бірінен бірі өткен ақындардың ішінен үздіктерді іріктеу құрамында Парламент Мәжілісінің депутаты Р. Қалмұратов, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері К. Ахметова, жазушы, облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы К. Сәттібайұлы, ақын, «Асыл арна» телеарнасының директоры М. Тазабеков, сықақшы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты К. Әмірбек бар қазылар алқасына оңай соққан жоқ. Дегенмен, қазылар алқасы өзара ақылдаса келе, бір шешімге тоқтады. Сонымен шығысқазақстандық Рүстем Қайыртайұлы, жамбылдық Асхат Қылышбек, Айым Көшербай, оңтүстікқазақстандық Анар Жаппарқұлова, Біржан Байтуовтың әрқайсысы 500 мың теңге көлемінде ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Ынталандыру сыйлықтарын ақын Мұхамеджан Тазабеков тапсырды. Ал, үшінші орынның жүлделерін астаналық Жақсылық Орынбасаров пен алматылық Балғынбек Имашев иеленіп, олардың әрқайсысына қазылар алқасының мүшелері Көсемәлі Сәттібайұлы мен Көпен Әмірбек 750 мың теңге ақшалай жүлде ұсынды. Екінші орынның тұғырына жерлесіміз Әсет Дүйсебаев көтерілді. Бірінші орын болса ақтөбелік Қайнар Алагөзовқа бұйырды. Оған 1,5 миллион теңгенің сертификатын Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты федерациясының президенті, өнер жанашыры Бекболат Тілеухан тапсырды. Ал, бас жүлдені иеленген қызылордалық Нұрмат Мансұровқа 2 миллион теңгенің сертификатын облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың өзі табыс етті. Облыс басшысы барлық ақынды жүлделерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сонымен қатар, Балғынбек Имашев пен Асхат Қылышбекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Күләш Ахметова арнайы сыйлықпен марапаттады. Тағы бір атап өтерлігі, Бекболат Тілеухан, Мұхамеджан Тазабеков бастаған айтыс ұйымдастырушылары артында өшпес із қалдырған талантты ақын Әзімбек Жанқұлиевтің де есімін ардақтап, отбасына 100 мың теңге көлемінде материалдық көмек көрсетті. Бес сағатқа созылған республикалық ақындар айтысы осылайша өз мәресіне жетті. Оны жамбылдық жұртшылық тапжылмай отырып, тамашалады. Бұл өнерді бағалаған халықтың ақындарға деген құрметінің көрінісі еді.

Тұрсынбек СҰЛТАНБЕКОВ, «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар