Орыстың сары қызы қазақтың қара домбырасын қолына ұстап, бабымен шертіп отырғаны кім-кімді де болсын тәнті етпей қоймайды. Жуалылық Елена бүгінде қасиетті домбыраның құлағында ойнамаса да, тәп-тәуір шертеді. Әсіресе «Арынғазы», «Ерке сылқым», «Келіншек», «Жастар биі» секілді қазақ композиторларының және халық күйлерін күмбірлете тартып, сол ырғақпен өзі де тербеліп отырғанын көрген жан еріксіз сүйсінеді.
Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Елена Заварыкина өнерге ерте жастан-ақ құштар болды. Ал оның ұлттық аспапқа деген қызығушылығы ес жиып, жергілікті халықтың болмысын тани бастағанда оянған екен. Содан бастауыш сыныпта оқып жүргенде өз қалауымен ауылдағы №4 өнер мектебінің «Домбыра» бөліміне жазылады. Оның таудай талабын, балаң аңсарын байқаған мектеп ұстаздары бірден жақын тартып, баули бастайды. Ынтасы жоғары Лена да нәзік саусақтарымен қос ішекті аспапты нақышына келтіре шертуге тез-ақ үйреніпті. – Ленаның домбыра үйренуге құштарлығы – басты артықшылығы. Ол басқа балалардай қайтсем де үйренуім керек деп өзін міндеттеп емес, сүйсініп тартады. Әр сабаққа асығып келеді. Қимай қоштасады. Мектебімізде қазақ балаларымен қатар ұлттық аспапта ойнауды үйренгісі келетін орыс, әзірбайжан ұлтының бүлдіршіндері көп. Оларға үйлерінде қолдарын жаттықтырып, дайындалу үшін оқу жылының соңына дейін мекемеден бір-бір аспаптан береміз, – дейді ұстаз Райхан Әмірова. Жергілікті қазақтармен тату-тәтті тіршілік кешіп жатқан Еленаның отбасы 1968 жылы Некрасовкадан қоныс аударыпты. Содан бері ауыл тұрғындарымен тіршілігі біте қайнасып кеткен олар қазақ тілін меңгеріп алған. Онысы өздеріне оң қабақ танытып, жылы ықыласпен қабылдаған қазақ еліне деген алғысы болса керек. Бүгінде Лена әр кез домбыраны қолына алғанда:
«Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра, «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» – дегенді бір қайталап алып, күй орындауға кіріседі екен.
Жанғазы АХМЕТ Жуалы ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді