Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық дәстүр, салт-сана мәңгілік құндылығымыз болып қала беретіні айтылған. Сол ұлттық құндылығымыздың бірі һәм бірегейі – айтыс өнері. Төл өнеріміздің зау биігінен орын алып, жыр алыбы атанған Жамбыл Жабаевтың есімі қазақ елі үшін қашан да қастерлі. Әдебиет әлемінің алыбына деген құрмет қазақ барда ешқашан аласармақ емес. Сөзімізге облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен Жамбыл Жабаевтың 172 жылдығына орай Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысының жоғары деңгейде өткені дәлел.
Әр өңірдің кілең маңдайалды ақындары келген аламан айтыс облыстық Жамбыл атындағы «Руханият» орталығында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатымен басталды. Шараны облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды. Ол еліміздің әр аймағынан келген жыр жампоздарын Жамбыл жерінде мәдениет саласын өркендету бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, жырын мәнді, ойын дәмді, сөзін қалқан еткен айтыскерлерге сәттілік тіледі.
Мұнан соң ақын, қазылар алқасының мүшесі Шырын Мамасерікова, республикалық «Алтын домбыра» айтысының екі дүркін жеңімпазы, Сыр өңірінің сөз өнеріндегі сардары Мұхтар Ниязов, жамбылдық айтыскерлер Айтмұханбет Исақов, Ербол Қамбатыров, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі Ахметжан Өзбеков өз ойларын білдіріп, айтыс өнеріне қолдау көрсетіп жатқан ел ағаларына ризашылықтарын жеткізді. Бұдан кейін Ұлы Дала елінің әр қиырынан келген қонақтарды «Руханият» орталығының қызметкері Айніл Әбдібек осындағы көрме залдарымен таныстырды. Ел күткен айтыс аламаны «Баласағұн» атындағы орталық концерт залында басталып кетті. Жыр додасына қарақұрым халық көп жиналып, залда ине шаншыр орын қалмағаны Жамбыл жұртының төл өнерін сарыла тосып, сағынғанын байқатса керек. Сүбелі сөз, салмақты ой айтып жүрген айтыскерлердің додасын «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұратхан Шүкеев сөз сөйлеп ашып, ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбылдың биік болмысына тоқталды, шашасына шаң жұқтырмай жүрген саңлақтарға сәттілік тіледі. Залға жиналған жұртшылық ақындардың рухани әкесіне айналып кеткен ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерманды зор құрметпен қарсы алып, қошеметін аямады. Ол өз сөзінде айтыстың жоғары деңгейде өтуіне мұрындық болған облыс әкімі Асқар Исабекұлына алғысын білдіріп, төл өнеріміздің қазақ халқымен бірге жасай беретінін айтып, көпшілікке қазылар алқасын, жыр додасына келген айтыскер ақындарды таныстырып өтті. Алғашқы сөз сайысы павлодарлық Аспанбек Шұғатаев пен Алматы облысының ақыны, байырғы жыраулардың көзіндей болған, теңеулері тосын, ойы орамды Болатбек Оразбаевтың арасындағы жыр додасынан бастау алды. Аспанбектің: «Жамбылым менің, дархансың, Батырлардың елісің, Жауынан қайтпас бас кетпей, Батырға ескерткіш қоюға, Тауыңдағы тас жетпес, осындай елді жырлауға, Шапқылап мен де көрейін, Құланнан шыққан абсенттей», – дегені көрермендерді желпіндіріп тастаса, Болатбектің: «Айталық сөздің теріп зерделісін, Келмедік жоқты- барды термек үшін. Жамбылды мың жырлаудан жалықпаймын, Алатаудай асқаралы ол мен үшін. Қазір пәре ұсынып көп әке жүр, балаларын әскерге бермеу үшін. Жыр-Жәкем майданға да аттандырған, Өз ұлын алғы шептен көрмек үшін. Рухымыз биіктейді, әрбір қазақ, Жамбылдай орындаса өз борышын», – дегені елдің көкейіне қонды. Мұнан соң сахнаға көтерілген Шығыс Қазақстан облысынан келген Рүстем Қайыртайұлы «Асқар әкімнің қадамы құтты болсын, Жамбылда айтыс өткізген тұңғыш рет, осы айтыс жалғасын тапса екен, «Рухани жаңғырудың» үлгісі боп» деп жырлап, жерлесіміз Дархан Әбдіманатпен әдемі айтыс жасады. Жамбылдық Нұрлыбек Құрманов пен шымкенттік Біржан Байтуов, Астана қаласының атынан шыққан жерлесіміз Олжас Отар мен қарағандылық Ботакөз Мұхиддиннің арасындағы айтыстар халықты жалықтыра қойған жоқ. Сыр елінің жүйрігі Мейірбек Сұлтанхан мен жамбылдық Қанат Мырзахан арасындағы айтыста көркем теңеу, жақсы ойлар көп айтылды. Еліміздің айтулы айтыскерлерінің бірі Мұхтар Ниязов бұл жолы тағы бір жерлесіміз Рай Дөңбаймен әдемі айтыс жасап, жас жүйрікті тереңдік әлеміне жетелеп отырды. «Жамбыл ақын «шын атым» деп жырлап кеткен, халық деген алыпқа сәлем бердім» деген Мұхтардың өрелі ойлары байқалып тұрды. Жамбылдық Айтмұханбет Исақов пен қарағандылық Мақсат Аханов қайын аға мен күйеу бала арасындағы сыйластықты жырларына арқау етсе, ақтөбелік Қайнар Алагөзов пен жерлесіміз Аруна Керімбек қыз бен жігіт айтысының көрігін қыздырды. Кейіннен қазылардың шешімімен 8 айтыскер ақтық сынға өтіп, Рай Дөңбай мен Мейірбек Сұлтанхан, Рүстем Қайыртайұлы мен Аспанбек Шұғатаев, Мақсат Аханов пен Аруна Керімбек, Мұхтар Ниязов пен Болатбек Оразбаев айтысып, кімнің үздік екенін анықтады. Бұл орайда, шымкенттік Біржан Байтуов пен жерлесіміз Нұрлыбек Құрмановтың ұпайы ақтық айтысқа шыққандармен тең болғанын айта кеткеніміз әділ болар. Сонымен, жеті сағатқа созылған ақындар айтысын облыс әкімі Асқар Мырзахметов қорытындылап, сөз сөйледі. – Қазақ халқы үшін айтыстың маңызы өте зор. Оның ішінде жыр алыбының атымен аталған біздің облыста бұл өнерге кең қолдау болуы тиіс. Сондықтан осы сөз додасының өтуін қуана қолдадық. Көпшіліктің алдында айтайын, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың рухына арналған республикалық айтыс Жамбыл жерінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін болады. Осы аламанның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына қызмет жасаған барлық азаматтарға, қонақтарға, есімдері елімізге кеңінен таныс қазылар алқасы мүшелеріне, айтыскер ақындарға шынайы алғысымды білдіргім келеді, – деді Асқар Исабекұлы. Соңында қазылар алқасының төрағасы Асанәлі Әшімов сөз сөйлеп, айтыстың жоғары деңгейде өткенін айтып, өзінің ризашылығын білдірді. Қазылар алқасының құрамында Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, белгілі ақын Бекарыс Шойбеков, белгілі журналист Берік Уәли, ақын Шырын Мамасерікованың болғанын айта кеткен жөн. Жыр аламанының қорытындысында қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Рүстем Қайыртайұлына (1,5 миллион теңге) берілсе, жүлделі бірінші орын алматылық Болатбек Оразбаевқа (1 миллион теңге) бұйырды. Жерлесіміз, мектеп жасынан бастап айтыс әлемінде таныла бастаған, бүгінде талай аламандарда олжа салып жүрген Аруна Керімбек жүлделі екінші орыннан (700 мың теңге) көрінсе, Мұхтар Ниязов үшінші орынды (500 мың теңге) қанағат тұтты. Сондай-ақ Асанәлі Әшімов атындағы қордың 1 мың доллар көлеміндегі арнайы жүлдесі Аспанбек Шұғатаевқа берілсе, Рай Дөңбай, Мақсат Аханов, Мейірбек Сұлтанхан ынталандыру сыйлықтарына ие болды. Осылайша жамбылдық жамағат бұл күні айтыстың қайнар бұлағынан қанып ішіп, шөлдерін басты.Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді