Ахметжан ӨЗБЕКОВ, ақын, Жамбыл атындағы «Руханият» орталығының меңгерушісі:
– Ахметжан аға, кезінде домбыраны қолдан тастамай, талай аламан айтыстардың көрігін қыздырған едіңіз. Бүгінде сахнадан сізді көрмейміз. Бұл жастарға жол бергеніңіз бе, әлде «мен айтарымды айтып болдым, қалғанын басқалар айтсын» дегеніңіз бе? – Елдің бәрі жүзге келгенше айтыса беретін Жамбыл емес қой. Дегенмен айтысты қойсам да, өлеңді қойған жоқпын. Қолым қалт еткенде, қолға қалам аламын. Сахнаға шықпағанымды «жастарға жол бердім» деп айтпаймын. Өнердің жолы кең, ол бәрімізге тарлық етпейді. Айтыс, шындығында, өте қиын өнер. Ел алдына шыққанда дауысың, мақам-сазың келісіп, елдің көңіліндегіні тауып айтуың керек. Қарсы алдыңда отырған қалың көрермен қимылыңды қалт жібермей қарап отырса, қарсыласың тағы бар, онымен жауаптасуың керек. Сосын айтыстың бір қиын жері – өлең көпшіліктің көңілін аулау, көтеру, шулату үшін айтылады. Айтыскерлерде бұдан басқа жол жоқ та. «Айтып беріп, жайсаң мен жақсыға өлең, Жағынғанды жанымдай жақсы көрем», дегендей ғой. – Бүгінгі айтыссүйер әлеумет «Бір кездері жамбылдық айтыскерлер қарсылас шақ келтірмей, бәйгенің басында жүруші еді» дегенді жиі айтады. Бұл өңірдегі қазіргі ақындардың өнеріне көңіл толмағандық деп ойламайсыз ба? Сол шақтағы Әзімбек, Шорабек, Айнұр, Алтынкүл, өздеріңіз секілді жыр дүлдүлдерінің жеңісті жорығы бүгінде қалай жалғасып жатыр? – Айтыстан соң ел: «Кім не алды?» деп сұрайды. Біз: «Кім не айтты?» дейміз. Сондықтан қазіргі аламандардың алдын бермеу «мынау мықты ақын» дегеннің көрсеткіші бола алмайды. Ақынның көрсеткіші алған көлігінде емес, айтқан өлеңінде болса керек. Барлық жерге ақынның өзінен бұрын сөзі жеткені жөн. Атағы жоқ аты бар, атағы бар аты жоқ ақындар да аз емес қазір. Сіз айтқан жеңісті бермеген алдыңғы буын тарланбоздардың Әзімбек ағамыздан басқалары аман, ортамызда жүр. Мысалы, көкпарда 500 ат шапқан үлкен доданың дәл ортасындағы айналымда жан алысып, жан берісіп жүргендері 15-20-ақ атты болуы мүмкін. Барлық жердегі көкпарда доданың ортасында, қазандықтың түбінде серкені ат белінен асырып лақтырып жатқан 15-20 сартақым шабандоздар. Елдің бәрі әлгілерге жарамды аттарын беріп, солардың шапқанын тамашалап отырады. Анда-санда бұлар шаршағанда ғана, қалғандарының қолы бір-екі рет ілінеді. Айтыста да дәл солай. Поэзия, прозада да әлгі шабандоздар секілді сән-салтанатты жасап, үрдісті қалыптастыратындар солар. Ой еңбегімен өсетін тұлға қашанда жеке дара дамиды. Айтмұханбет, Күміс, Алтынкүл, Ербол бастаған біздің айтыскерлердің алар биігі әлі алда. – Дегенмен жақсы айтып, суырылып шыққан ақындар өзгелерден оқ бойы озық тұрып, көрерменнің көзайымына да айналып жатады ғой. Дұрыс айтасыз, алар биігіміз әлі алда. Дәл бүгін сол биіктен көріну үшін не кедергі болып отыр? – Сиырдың сүті тілінде болса, ақынның құты – білімде. Ақынның таным көкжиегін кеңейту үшін жұмыстар жасалуы керек. Кешегі Серік Томанов ағамызды алайықшы. Ол өмірінің соңғы кезіне дейін үкіметте жұмыс істеген жоқ. Кенет қайтыс болған соң шығармаларын парықтап қарасақ, жұмыстың бәрін сол кісі істеген-ақ екен. Қаншама отты өлеңдерін мұра ғып қалдырып кеткен десеңізші... Қайта-қайта басылуда. Ал сол кісіге көзі тірісінде жағдай жасалып, еңбекақы төленсе, әділетті болар еді. Ақындарға атақ беріп, марапат көрсетіп, қолынан келетін жұмысқа тартып, олардан тұлғалар жасап шығару керек. Кезінде Кеңес өкіметі қарт Жамбылға білдей бес хатшы берді. «Шопыры генерал екен, өзін қайдам» дейтін МАИ-дың әңгімесіндей, бес хатшысы да Әбділда Тәжібаев секілді алып ақындар болды. Екшей беріңіз, Кеңес өкіметінің идеологияға қалай көңіл бөлгенін. – Қазір айтыстың айналасында сан қилы алып-қашпа әңгімелер желдей есіп тұр. Бірі – «Айтыс – Жүрсіннің жекеменшігі емес», енді бірі – «Айтыс әлдебір топтың немесе биліктің қолбаласы болып бара жатыр» дейді. Сол ортаның ішінде жүрген азамат ретінде айтыңызшы, мұндай қайшы көзқарастар төл өнеріміздің дамуына кері әсер етпей ме? – Дұрыс айтасыз. Халықтың атамұра өнері жекенің меншігі болуы мүмкін емес. Бес жылдан бері Халықаралық айтыс ақындары мен термешілер одағы жұмыс істеп келеді. Осы одақ «Нұр Отан» партиясымен кеңесіп, республикалық айтыстардың өтуіне мұрындық болып жатқаны баршаға мәлім. Барлық дүние бәсекелестік көп жерде дамып, өркендейді. Түбі соған келетін шығармыз. Қазіргі кезде өз басым айтыстың одақ арқылы «Нұр Отан» партиясының қадағалауында болғанын қолдаймын. Қазір бізде жеке ас, той, жиындарда үлкен бәйгелер тігіліп, айтыстар ұйымдастырылуда. Әр жиынның түрлі мұрат, мақсаты болады. Мысалы, пәленше атаның атына соғылған мешіттің маңында имандылық айтысы ұйымдастырылады... Бұл қаншалықты жөн екенін білмеймін. Бірақ жалпы көпшілікке, жиналған ортаға ортақ ой, салмақты сөз айту маңызды. Сондықтан да ұлттық өнерді дамыту, қолдау бір орталықтан қадағаланғаны абзал. Өзім соны мақұл көремін. – «Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді. Шын мәнінде, Мұхаң айтып кеткен «сөз барымтасы» өзінің шынайылығын жоғалтып бара жатқан сияқты көрінеді кейде. Әлдекімдер айтқандай, ақындар алдын ала бастан-аяқ келісіп алады демей-ақ қояйық, бірақ жаттап алып төкпелеп, қарсыласпен қайымдасуға ыңғай танытпайтындарды талай көріп жүрміз... – Айтыста жаттап келу, келісіп алу деген бар. Бұрында Біржан сал Арқадан Сараны айтысуға іздеп келе жатқанда дайындалмады, өлең жаттамады деп кім ойлайды. Тіпті Сүйінбай мен Қатағанның айтысындағы Қатағанның «көппін» дегеніне жауап берген жойқын Сүйекең өз сөзінде: «Албаным мен Суаным, Аз да болса жуаным, Азғантай ғана қырғызсың, Ешкісіндей кедейдің, Алдыма салып қуамын. Жұтып салып аузымнан, Артымнан қайта туамын», деп үн қатпап па еді. Осындай өлеңдерді дайындалмай, ойланбай суырып салды дегенге өз басым келісе алмаймын. Бүгінгі күннің ұғымымен айтсақ, «полуфабрикат» тамақ секілді, сөзі сұйық, өлеңі саяз ақындар қанша дайындалса да, мықты айтыс жасап шығара алмайды. Шындығында, келісіп айтысқан – қиын, келіспеген оңай... Айтыс осал өнер ме, айтыскерлер осал ма? Ең алдымен осыны анықтап алсақ. Ежелгі дәуір әдебиетінің қайнар көзі – жыраулар поэзиясына зер салсақ, бүгінгі әдебиетке дейінгі туындыларды қарасақ, айтыс жанрына бір соқпай кетпейміз. Батырлар жырында да солай. Алпамыс жырында Алпамыстың Бадамшамен айтысы бар. Батыстағы Қашаған, Абыл, Мұрат секілді дауылпаз жырауларымыз да, одан бергі зар заман ақыны Дулат та айтысқан. Өлеңді түсінетін, кішкене ұяты бар адамдар ол айтыстарды осал деп айта алмас еді. Кешегі «Қыл сыймайды сөзімнің арасына» дейтін Құлмамбет, Кемпірбай мен Әсеттің айтысындағы Кемпірбайға: «Көлімнен көкала үйрек қош деп ұшты, сол шіркін, кәрі жолдас өлең білем» деген жолдар айтылған айтыстың құдіретін ешкім әлі парықтап үлгерген жоқ. Бір айта кететін жайт, қазір айтыстың әділ сыны жоқ. Мұхтар Шахановтың «Махамбеттің монологында» ақынды өлтіріп келген баласына әкесі: «Ақын деген киелі аққу самғаған, Ал ендеше аққуды атқан пендені Қай атаңнан көріп едің оңбаған, Ел басына қандай заман туса да, Ақындарын жанын салып қорғаған. Тап мынандай қасиетсіз оқиға, Бұрын қазақ топырағында болмаған», деген жолдарындағыдай, кешегі Әзімбек Жанқұлиев, Асқаржан Сәрсек сынды ақындарымызды қолындағы затына емес, көзіндегі мұңына қарап қолдауымыз, қорғауымыз керек. – «Әулиеатаға айтыс мектебі керек» деген бастаманың көтерілгеніне де аз болған жоқ. Бірақ нақты шешімін таппады. Жыр алыбы Жамбылдың есімін еншілеп жатқан облысымыздан талантты, дарынды ұл-қыздарды шыңдап, томағасын сыпырып, үлкен аламандарға қосатын ондай мектептің ашылуына ниеттілер табылмай отыр ма? – Бұрындары Серік Қалиев, Айтмұханбет Исақов, Шорабек Айдаров ағалар өздері жеке бір-бір мектеп болатын. Біз – Айнұр екеуміз – Серік Қалиевтің шәкірттеріміз. Мұхамеджан мен Нұрқанат – Айтмұханбеттікі, Шырынбек, Мәдина, Біржан, Есет, Олжасты дайындаған Шөкеңнің өзінің «Шаулинский» атты мектебі болатын. Серік ағамыздың бізге қамқорлығы сол – оқуға өзі түсіріп, тіпті сессиямызға дейін тапсырысып, ол аз десеңіз, баласындай боп күнде төрінде жататынбыз. Біз көрген мектептер солай болатын. Қазіргілерді қайдам. Кезінде Есенқұл Жақыпбековтің қасында Серік пен Шорабек жүрсе, біздің қасымызда Дархан, Нұрлыбек жүр... Біз өзіміз ұсақпыз ғой, соңымызға ергендер қалай алып болсын. Мектеп жағына келер болсақ, ақын үшін өмірдің өзі, адамдар мен кітаптардан артық мектеп жоқ-ау осы... Жеке ақындар мектебі дегенді ашу қиын шығар. Мүмкін басқаша жолын қарастырып көрген жөн болар. Қалай болғанда да, Жәкеңдер қалыптастырған Жетісу өнер мектебі тоқтамауы керек. – 28 ақпанда Жамбыл Жабаевтың туған күніне орай өңірімізде республикалық айтыс өтетінінен хабардармыз. Білуімізше қатысатын ақындардың аттары да белгілі сияқты. Олар кімдер? Іріктеу қалай өтті? Облысымыздың намысын кімдер қорғайды? – Ақпан – Қазаққа Жамбыл, Мұқағали, Есенқұл секілді алыптарды берген ерекше жомарт ай. Осы айдың соңғы күні – Жамбыл ақынның туған күні. Соған орай «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтысты облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының халық шығармашылығы орталығы ұйымдастыруда. Айтыстың жүргізушісі – Жүрсін Ерман. Қазылар алқасы Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері болмақ. Айтысқа облысымыздан алты, басқа аймақтардан он, барлығы 16 ақын қатысады. Кілең олжа сап жүрген жүйріктер топқа түсетін аламанда «Алтын домбыра» иегерлері Мұхтар Ниязов пен Аспанбек Шұғатаев та бар. Айтыс 28-ақпан күні сағат 11.00-де «Баласағұн» орталық концерт залында басталады. Кіру – тегін. Осы ойымызды басшылар қолдаса, бұл айтысты жылда дәстүрлі түрде өткізіп тұру ойда бар. – Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Жанғазы АХМЕТ
Ұқсас жаңалықтар
«Менде жеке тұлғаларға табынушылық жоқ»
- 19 желтоқсан, 2024
«Тарихи мәні, тағдырлы мағынасы терең мереке»
- 16 желтоқсан, 2024
Ақпарат
Жамбылда заңсыз берілген жер учаскелері қайтарылды
- 25 желтоқсан, 2024
Жамбыл облысы: гранттар арқылы оң өзгерістер жасаудың жаңа мүмкіндіктері
- 25 желтоқсан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді