ҚР Ұлттық Банкі шығарған монеталары туралы

ҚР Ұлттық Банкі шығарған монеталары туралы
ашық дереккөз
ҚР Ұлттық Банкі шығарған монеталары туралы

 width=  width=

ҚР Ұлттық Банкі «Қазақстан Республика­сының Ұлттық Банкі туралы» (бұдан әрі – ҚРҰБ) ҚР Заңына сәйкес ҚР-ның ұлттық банкноттары мен монеталарының жалғыз эмитенті болып табылады. Сонымен қатар ҚРҰБ банкноттар мен монеталарды жеке және заңды тұлғаларға сату арқылы оларды айналымға шығару құқығына ие. Бүгінгі күнге, ҚРҰБ-мен «proof» сапалы, 999,9 сынам алтыннан жасалған салмағы мен диаметрі бойынша ерекшеленетін, алты түрлі «Алтын барыс» монеталары және 999,9 сынам күмістен жасалған төрт түрлі «Күміс барыс» инвестициялық монеталар шығарылған. Инвестициялық монеталар – коллекциялық мақсатта ғана емес, сондай-ақ ақшаны инфляциядан қорғау үшін монета түрінде бағалы металға (алтын, күміс) жинақ салуға арналған орталық банктің монета түріндегі өнімі. Инвестициялық монеталардың естелік – коллекциялық монеталардан ерекшелігі олар алтын мен күмістің ең жоғары сынамасынан жасалады. ҚРҰБ инвестициялық монетаны өндіру барысындағы шығыны, монетаның нақты құны, оның массасы, монета құрамындағы бағалы металдың ағымдағы нарықтық құны және белгіленген пайыздық үстемесі инвестициялық монетаның сатылу бағасын қалыптастыратынын білгеніміз жөн. Инвестициялық монеталардағы металл құны Лондондық биржадағы бағалы металдардың таңертеңгі бағасы және Қазақстан қор биржасының таңертеңгі сессиясында анықталған теңгенің шетел валюталарына шаққандағы орташа биржалық бағамы негізінде анықталады. Бағалы металдардан жасалған монеталардың маңызды артықшылығы олар арқылы операция жүргізу барысында мемлекет тарапынан қосылған құн салығы алынбайды. Олардың сату бағасы монета құрамындағы бағалы металдардың барынша жақындатылған құнымен анықталады. Сонымен қатар ҚРҰБ-нің нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес Ұлттық Банк филиалдары ҚРҰБ шығарған монеталарды қайта сатып алуды жүзеге асырады. Қайта сатып алынған монеталар монета құрамындағы металдардың шынайылылығын, оның сынамасы мен нақты массасын анықтау үшін сараптамаға жіберіледі. Сараптама оң нәтижелі болған жағдайда, Ұлттық Банк филиалы монетаны қабылдаған күннен бастап он күн ішінде, сараптама қорытындысын монета тапсырған тұлғаға хабарлап, монетаның құнын төлейді. Ал монета металының құны, монетаны тапсырған күндегі қалыптасқан бағаммен анықталады. Егер монетаға салым жасауды ниет етсеңіздер, Ұлттық Банк филиалдарының кассаларынан инвестициялық және басқа да монеталарды сатып алуыңызға болады. Монеталарды төлем карточкалары арқылы, ақшасыз есеп айырысумен сатып алу мүмкіндігі де бар. Сонымен қатар, www.nationalbank.kz сайтынан әрбір шығарылған монета туралы, оның суреттемесі, бағалары, таралымы жайлы бүкіл ақпаратты оқи аласыз. Сайттың «Ұлттық валюта» бөлімінде интернет-дүкен орналасқан. Сатып алушы Ұлттық Банктің интернет-ресурсында өзінің жеке кабинетін құра отырып тіркеле алады немесе тіркелмей тапсырысты бірден жолдай алады. Толығырақ ақпарат алу үшін ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалына мына мекен-жай бойынша хабарласуға болады: Тараз қаласы, Қазыбек би көшесі, 137, 106-кабинет, телефондар: 8 (7262) 45-17-09, 99-93-52.

Ерлан Монтыбаев, ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының бөлім бастығы

Ұқсас жаңалықтар