Бүгінде мемлекетті табысқа бастайтын саланың негізгісі – ауыл шаруашылығы. Осы орайда, облысымызда егін шаруашылығын дөңгелетіп, еселеп өнім алу мақсатында заманауи әдістер, үздік тәжірибелер, жаңа техникалар мен технологиялар енгізуге барынша көңіл бөлінуде. Азияның VI агрохимиялық форумының Тараз қаласында үшінші мәрте ұйымдастырылуы – осының анық айғағы болса керек.
Агроөнеркәсіп пен химиялық өнеркәсіп кешенін бір арнаға тоғыстыратын бұл шара өңірдегі минералды тыңайтқыштарды өндіруші ірі кәсіпорындар «Қазфосфат» ЖШС, «ЕуроХим» АҚ, «КазАзот» АҚ компанияларының және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы облыстық филиалының ұйытқы болуымен «Arai plaza» бизнес орталығында өтті. Форумға отандық тауар өндірушілер, минералды тыңайтқыш өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кешені өндірісінің өкілдері, сонымен қатар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдарының өкілдері қатысты. Өндірушілер мен тұтынушылардың өзара тығыз байланысының алаңы саналатын бұл форумда агрохимиялық нарықтағы маңызды мәселелердің шешімін табу көзделген. Басқосуда облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев шараның маңыздылығына тоқталып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Жиынды «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров, «КазАзот» кәсіпорнының бас директоры Кинис Ураков, «Маркер Групп» компаниясының директоры Сергей Писоцкий жүргізіп отырды. Жобаның негізгі мақсаты – диқандар тірлігі қызатын көктемгі дала жұмыстары науқаны қарсаңында минералды тыңайтқыштарды қолданудың маңыздылығына барынша назар аударту. Тыңайтқыштар топырақтан жойылған химиялық элементтерді толтыруға, өнім көлемін арттыруға, астықтың сапасын арттыруға аса пайдалы екені белгілі. Бұрынырақта Қазақстанда 3,5 миллион тоннаға дейін жоғары сапалы 1-2 санатты астық өндірілетін. Ал бүгінде жоғары протеинді дақылдар түсімі 10 есеге төмендеп кеткен. «Қазфосфат» ЖШС-ның бас директоры Мұқаш Ескендіров бұл мәселені диқандардың агрохимиялық тәсілдерді қолданбауымен байланыстырады. «Қазақстан ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын қолданушы елдер қатарында төменгі көрсеткішке ие. Мәселен, Голландияда гектарына 750 килоға дейін тыңайтқыш қолданылса, Белоруссияда – 215, Ресейде – 50, Украинада 100 кило қолданылады. Ал Қазақстанда азот, фосфор, калий сынды тыңайтқыштарды қоса есептегенде, гектарына енгізілетіні небәрі 4 килоны құрап отыр. Елімізде құнарлылығын жоғалтқан топырақ пен тозығы жеткен жерлер – бұрыннан келе жатқан өзекті мәселе. Сонымен қатар көптеген қараусыз жерлер де бар. Егер ауыл шаруашылығын неғұрлым дамытып, осы салада жұмыстың тиімді әрі жемісті болғанын қаласақ, минералды тыңайтқыштарды пайдалану керек. Олардың қоректік қасиеттері жоғары. Еліміздің тәуелсіздігіне қол жеткізгелі бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті, десек те біз әлі кеңестік кезеңдегі тыңайтқыштарды қолданудан аса алмай келеміз», – дейді ол. Мұқаш Зұлқарнайұлы, сондай-ақ форумның өту орны ретінде Тараз қаласының таңдалуы бекер еместігін тілге тиек етті. Себебі мұнда химиялық өнеркәсіптің ірі нысандары, оның ішінде фосфорит кенін, сары фосфор мен минералды тыңайтқыштар өндіретін және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар орналасқан.
Қазақстанда 3,5 миллион тоннаға дейін жоғары сапалы 1-2 санатты астық өндірілетін. Ал бүгінде жоғары протеинді дақылдар түсімі 10 есеге төмендеп кеткен.
Мемлекетіміздің агрохимия саласының бүгінгі жағдайы жайында Ауыл шаруашылығы министрлігі агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ерболат Базылжанов та тарқата айтты. Орталық басшысы 2007-2017 жылдар аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде өткен агрохимиялық тексерістің қорытындысымен таныстырды. Тексеріс барысында топырақ құнарлылығының агрохимиялық сапасы төмендегені анықталған. Дегенмен ілгерілеу бар көрінеді. Оның айтуынша, Жер кодексінің 92 және 93-баптарына сәйкес, егер жердің жағдайы өзгеріссіз қалса, онда жерді мәжбүрлеп алып қоюы да әбден мүмкін. «2015 жылы алғашқы кезең басталды, ал 2020-2022 жылдар аралығында аталған жерлер қайта тексерістен өтетін болады. Егер жердің сапасы сын көтермей, сараптамадан өте алмаса, онда жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады», – деді ол. Сонымен қатар «Агромарт» компаниясының агрономы Дана Қанағатова аграрлық ғылым мен технологияның заманауи жетістіктерін қолдану, жаңалықтар мен тәжірибелер туралы баяндап, диқандардың сұрақтарына жауап берді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, Украинадан арнайы келген профессор Сергей Крамаревтің дәрісінен де жиналғандар тың әрі минералды тыңайтқыштар бойынша пайдалы мәліметтер ала білді. Сондай-ақ көптеген ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, профессорлар, агрономдар, өндіруші компания басшылары мен менеджерлері тарапынан органикалық және минералды тыңайтқыштардың ерекшелігі, тыңайтқышты оңтайлы пайдалану мен топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі агрохимиялық мониторинг, тыңайтқыштарды субсидиялауға электронды өтінім беру тәртібі, Қазақстанның тозған суармалы жерлеріне фосфогипсті қолданудың тиімділігі, Шығыс Қазақстанда минералды тыңайтқыштар қолдану тәжірибесі, ТМД кеңістігінде инновациялық тыңайтқыштар мен сусыз аммиакты ауыл шаруашылығына қолдану, биржалық нарықтағы энергоқорлар, технологиялар, сауда-саттыққа қатысу үшін агрохимиялық кәсіпорындарға қажетті ақпараттар, жалпы агрохимиялық өнеркәсіп туралы маңызды мағлұматтар ортаға салынды.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді