«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Әлеуметтік саланың әлеуеті неге төмен?

Әлеуметтік саланың әлеуеті неге төмен?
ашық дереккөз
Әлеуметтік саланың әлеуеті неге төмен?

Облыс әкімі Т.Рысқұлов ауданындағы бірқатар мәселелерді тез арада шешуді тапсырды

Облыс әкімі Асқар Мырзахметов Т.Рысқұлов ауданында жұмыс сапарымен болып, бірқатар кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың тыныс-тіршілігін барлады. Алдымен Ақыртөбе автоматтандырылған газ тарату стансасына барған Асқар Исабекұлы нысандағы әзірлік жұмыстарымен танысты. Сағатына 35 текше метр газ өткізуге қабілетті, өзіндік құны 473,4 миллион теңгені құраған станса наурыз айында іске қосылмақ. Алайда нысанның құрылысын өз уақытында аяқтауға жобалық-сметалық құжаттарын дайындауда құрал-жабдықтарға жұмсалатын шығынның дұрыс есептелмеуі кедергі болып отыр.

Соның салдарынан бүгінде 21 миллион теңге көлеміндегі қаражатты алу үшін қайтадан жобалық-сметалық құжат әзірленуде. Облыс әкімі А.Мырзахметов құжатты әзірлеуде қателікке бой алдырған жауапты тұлғалардың жұмысын сынға алып, оларға құрылысты қалайда өз уақытында аяқтауға ұмтылуды тапсырды. Келесі кезекте өңір басшысы атбасын бұрған Құмарық ауылындағы су тазарту жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары да қаржыландыруды қажет етеді. Іргетасы 1967 жылы қаланған ғимараттағы су тазарту сүзгілері мен хлорланған суға арналған қондырғылардың тозығы жеткен. Осының әсерінен жақын маңдағы Құмарық, Қаракемер, Алғабас ауылдарының тұрғындары тау өзендерінің суын ауызсу ретінде ішуге мәжбүр. Қалыптасқан жағдайдан хабардар болған өңір басшысы тиісті тұлғаларға мәселені тез арада шешуді міндеттеді. Облыс әкімі Құлан ауылында орналасқан арнаулы оқу ордасына атбасын бұрды. 1923 жылдан бері ауыл шаруашылығы мамандарын даярлап келе жатқан Құлан ауыл шаруашылық колледжінде бүгінде 10 мамандық бойынша 685 студент білім алады. Білім ошағының жатақханасына 2013 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал үш жыл өткен соң №2 оқу-тәжірибелік блогы да жөнделді. Колледж әкімшілігі өңір басшысынан оқу ғимаратын толығымен күрделі жөндеуден өткізуге қолдау көрсетуін сұрады. Сондай-ақ аудандағы жұмыс сапарында Асқар Исабекұлына «Ақтоған» макарон өнімдерін шығаратын зауыттың да жұмысы таныстырылды. Алайда кәсіпорын өзінің толық өндірістік қуатына шыға алмай келеді. Облыс әкімі жауапты сала басшыларынан нысандағы жұмыстың тұралауының себебін сұрап, мәселені шешу жолдарын ұсынды. «Сұлутөр» ауыл шаруашылығы кооперативінің де тыныс-тіршілігі назардан шет қалмады. Қазіргі таңда 35 жергілікті тұрғын мүшелікке өткен агроқұрылымның иелігінде 330 сауын сиыр бар. Шаруалар нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» акционерлік қоғамынан 101 миллион теңге көлемінде несие алып, жұмыстарын жандандыру үстінде. Мұнан соң, өңір басшысы «Сұлтан» шұжық шығаратын цехта болды. Күніне 1 тоннаға жуық өнім өндіретін кәсіпорын бүгінгі таңда шикізатты базардан тасымалдайды. Есесіне, шұжық өнімдерінің бағасы шарықтап тұр. Цехтағы жағдаймен танысқан А.Мырзахметов жеке кәсіпкерге етті аудандағы кооперативтерден алуды ұсынды. Бұрынғы кеден бекетінің бос қалған ғимаратының жағдайына қаныққан облыс басшысы нысанның бүгінгі ахуалы мен оны мемлекеттік меншікке аударып, жөндеуден өткізіп, емхана ретінде пайдалануға болатынын ескертті. Облыс әкімінің жұмыс сапары аудан активінің жиынымен аяқталды. Басқосуда аймақтағы сан салада қордаланған мәселелерді шешу жайы сөз болды. Бірінен соң бірі мінберге шығып, баяндама жасаған басқарма басшылары жергілікті жердегі бірқатар жайттарды мәлімдеді. Атап айтқанда, аудандағы кәсіпкерлік және өнеркәсіп саласын ілгерілетуге кедергі көп. Жер мәселесінің де жағдайы мәз емес. Білім саласында да мәселе шаш-етектен. Аудан мектептерінің түлектері соңғы бес жылда Ұлттық бірыңғай тестілеуден жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмай келеді. Осы орайда, өңір басшысы аудан әкімінің әлеуметтік салаға жетекшілік ететін орынбасарын сұрақтың астына алып, көрсетілген кемшілікті оқу жылының соңына дейін түзеп, сала басшыларын өз жұмысына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ аймақтағы ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларын өркендету де жергілікті атқарушы биліктің жіті назарында болмақ. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы ауданның әр саланы дамытуға мол мүмкіндік барын, әлеуетті көтеру үшін соны пайдалануға баса назар аудару қажет екенін ескертті. Бұл бағытта ауыл, аудан әкімдері мен басқарма басшылары тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі керектігін нықтады.

 

Ұқсас жаңалықтар