«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Таразда VI агрохимиялық форум өтіп жатыр

Таразда VI агрохимиялық форум өтіп жатыр
ашық дереккөз
Таразда VI агрохимиялық форум өтіп жатыр
Таразда VI агрохимиялық форум өтіп жатыр. Бұл форум – ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері мен минералды тыңайтқыш өндірушілердің басын қосатын алаң. Тараз қаласы «Arai plaza» бизнес-орталығында Қазақстандағы егін егу науқаны алдында жыл ең ірі жобаларының бірі – Азияның VI Агрохимиялық форумы өтуде. Жоба отандық тауарөндірушілер, минералды тыңайтқыш өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кешені өндірісінің өкілдері, сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ТМД елдерінің ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерін жинады. Форумның өтуіне Жамбыл облысының кәсіпкерлер Палатасы қолдауын білдірді, сонымен қатар «Казфосфат» ЖШС, «Еврохим» МХК АҚ және «КазАзот» АҚ сынды ірі компаниялар мұрындық болып отыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – Азиядағы агрохимия саласында кәсіпқой мамандардың басын қосатын алаң құру. Салаға қатысты өзекті сұрақтарды талқылап, агроөнеркәсіптік және агрохимия бизнесін жүргізуде оң әдістерді қолдану, сонымен қатар, пікірталас, кәсіби келіссөздер - ортаазиялық агрохимиялық нарықты дамытудың құрамдас бөлігі. Форумға ТМД елдерінің агрохимия саласындағы жетекші компанияларының көшбасшылары мен агрохимия саласында еңбегі сіңген қайраткерлер – барлығы 360 адам қатысуда. Форумда Қазақстан Республикасындағы агрохимия саласының бүгінгі жағдайы, еліміздегі топырақ құнарлылығының жағдайы, технологиялар, сауда-саттыққа қатысу үшін агрохимиялық кәсіпорындарға қажетті ақпараттар мен шаруалар үшін қажетті тақырыптар қозғалды. Жиында сөз алған «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқаш Ескендіров жиынның осымен алтыншы, ал ТАраз қаласында үшінші мәрте өткізіліп отырғанын атап өтті. – Бүгінгі форум ең әуелі қатысушыларға агрохимиялық сауаттылығын ашуға мүмкіндік береді. Диқандар агрохимиялық тәсілдерді қолданбауының салдарынан жыл сайын қажетті өнім көлемін ала алмай қиналады. Салдарынан Қазақстанда ауыл шаруашылығы тыңайтқыштарын қолданушы елдер қатарында төменгі көрсеткішке ие. Мәселен, Голландия елінде гектарына 750 келіге дейін тыңайтқыштар қолданылады, Белоруссияда 215 келі, Ресейде 50, Украинада 100, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – азот, фосфор, калий сынды тыңайтқыштарды қоса есептегенде гектарына небәрі 4 келіні құрап отыр, – деген компания басшысы аграрлы секторды дамыту үшін елімізге кемінде екі жарым миллион тонна тыңайтқыш пайдалану керек екенін айтты – Әсіресе, жергілікті өңірдің шаруа қожалықтары белсенділік танытса дұрыс болар еді. Қазақстанда құнарлылығын жоғалтқан топырақ пен тозығы жеткен жерлер – бұрыннан келе жатқан үлкен мәселе. Сонымен қатар, елімізде көптеген тастанды жерле де бар. Егер де біз неғұрлым ауыл шаруашылығын дамытып, осы салада жұмыстың тиімді әрі жемісті болғанын қаласақ, минералды тыңайтқыштарды пайданалу керек. Себебі, тыңайтқыштардың қоректік қасиеттері жоғары және ауыл шаруашылығының қарқын алуына септігін тигізері сөзсіз. Еліміздің Тәуелсіздігіне ширек ғасырдан асты, десек те біз әлі де кеңестік кезеңде топырақтарға пайдаланып келген тыңайтқыштарды қолдануға ұмтыламыз, – деді М. Ескендіров. Мемлекетте агрохимия саласының бүгінгі жағдайы жайында ҚР Ауыл шаруашылығы Министрлігі Агрохимия қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Ерболат Базылжанов та тарқата айтты. Орталық басшысы келген қонақтарды 2007-2017 жылдар аралығында Қазақстанның барлық өңірлерінде өткен агрохимиялық тексерістің қорытындысымен таныстырды. Тексеріс барысында топырақ құнарлылығының агрохимиялық сапасы төмендегені анықталған. Дегенмен де ілгерілеу бар. Орталық директорының айтуынша, ҚР Жер Кодексінің 92 және 93 бабына сәйкес егер жердің жағдайы өзгеріссіз қалса, онда жерді мәжбүрлеп алып қою да әбден мүмкін. – 2015 жылы алғашқы кезең басталды, ал 2020-2022 жылдары аралығында аталған жерлер қайта тексерістен өтетін болады. Егер жердің сапасы сын көтермей, сараптамадан өте алмаса, онда жерлер мемлекет меншігіне қайтарылады, – деді Е. Базылжанов. Сонымен қатар, форумда қатысушылар нарықтағы минералды тыңайтқыштарға қатысты маңызды ақпараттар алды. Мәселен, қазіргі заманның жетістіктерін аграрлы ғылым мен техникада қолданылуы, Қазақстан Республикасындағы топырақ құнарлылығының жағдайы, биржалық нарықтағы энергоресурстар, технологиялар, сауда-саттыққа қатысу үшін агрохимиялық кәсіпорындарға қажетті ақпараттар, агрохимиялық өнеркәсіп, топырақтың құнарлылығы – әлеуметтік тұрақтылықтың және Орта Азиядағы өнеркәсіптік дамудың кепілі, суда еритін NPK микроэлементтер кешенін қолдану, Қаратау фосфорититерін кешенді минералды тыңайтқыштарға қайта өңдеу, КАС бойынша бизнестің даму тәжірибесі мысалында өндірістік-сауда компаниялар және өсімдіктердің фосфорлық қоректенуі мен құрамында фосфор тыңайтқышты коэффицентті арттыру туралы сала мамандары үшін маңызды мағлұматтар айтылмақ. Форум кешке дейін жалғасады.

Ұқсас жаңалықтар